Теміртауда «Анаға сәлем…» мерекелік концерті өтті

Әйел – ана! Әйел – қайраткер! Иә, дәстүрлі қазақ қоғамы қашан да аяулы қыз-келіншектерді ерекше қадірлеп келген болатын. Шежірені парақтап отырсаңыз, анасының есімін ұран қылып отырған бір қауым ел, үлкен рулар бар. Әйелге нәзіктік пен сұлулықтың символы, арқа сүйер сенімді тірек деп қарау үрдісі бүгін де үзілген жоқ. Заманауи қоғамда қыз-келіншектерге қашан да құрмет жоғары. Ал, көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурызда бұл құрмет үдей түспесе азаймайды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Аяулы аруларымыздың жетістіктері – бүкіл халықтың мерейі. Бүгінде еліміздің қыз-келіншектері түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетуде. Бұл – Сіздерге тән еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деп атап өткен болатын. Осыған орай, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қаламызда «Анаға сәлем…» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараны И.Штраустың «Марш Радецкого» шығармасымен Еркеғали Рахмадиев атындағы Академиялық симфониялық оркестр ашты. Залдағы көрермен аналар мен қыз-келіншектерге 5516 әскери бөлімі және Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп оқушылары тосын сый жасап, гүл шоқтарын тарту етті.
Осындай көтеріңкі мерекелік көңіл күйде басталған кеш қала әкімінің орынбасары Самат Зиящевтің құттықтауымен жалғасты.
— Қазіргі қоғамда әйелдер қауымы тек отбасының біреке-бірлігінің ұйытқысы болуымен шектеліп қалмай, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосып, елдің саяси-экономикалық өміріне белсене араласып келеді. Көпбалалы аналарымыз, дәрігерлер мен мұғалімдер, мәдениет пен спорт қайраткерлері, бизнес өкілдері, әскери қызметкерлер мен журналистер және басқа да сала өкілдері қоғамның сенімді тірегі бола алды. Әйелдер қауымының елімізді өркендету жолындағы еңбегі зор.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды, — дейді қала әкімінің орынбасары өз құттықтауында.
Мерекелік концерт барысында бірқатар қыз-келіншектер қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа Қазақстандық қоғам кұру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.
Теміртаулықтарға елімізге танымал әнші Бауыржан Исаев әннен шашу шашса,жергілікті жас дарындар өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік концерт барысында қала тұрмысы жолында қиын да күрделі мамандықтарды тізгіндеп, абройлы еңбек етіп жатқан аруларымыз ардақталып, айрықша құрмет көрсетілді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз