Таңсәуле Әгенқызы. Өлеңдер топтамасы

Таңсәуле Әгенқызы – 1991 жылы 15-қазанда дүниеге келген.   Қарағанды қаласында көп салалы гуманитарлы-техникалық  (КГТУ) университетінде филология мамандығы бойынша білім алған. Өлеңдері  республикалық басылымдарға жарияланып келеді. Сондай-ақ Таңсәуле көптеген республикалық және халықаралық мүшайралардың жеңімпазы. Қазіргі таңда Теміртау қалалық ОКЖ-нің қызметкері,  «Ақ қауырсын» -әдеби жастар клубының жетекшісі.

Махаббат

Өз өзіммен айтысамын қаншама,
Кірпіктерім тесіп түннің түнегін.
— Көз тартатын көрікті емес соншама,
-Мейлі-дейді жүрегім.

Ұйқы қашты тырыссам да қаншама,
Ақиқатқа жете алмадым,жүдедім.
-Ақылды да емес тіпті соншама-
-Мейлі дейді жүрегім.

Көкейдегі күдік пе,əлде бағым ба?
Апатқа тап болғанымды білемін.
-Көпе көрнеу түсесің ғой жалынға,
— Мейлі — дейді жүрегім.

***

(көңілдің кейбір сәттері)

Ұнайсың, жасырып сырымды бүкпедім,
Көтердік тағдырдың талдырған жүктерін.
Құлазып көңілім, ауады сен жаққа,
Жанымнан тамады мөп-мөлдір шық менің.

Кешірші… ақымақ, ақынды сезімтал,
сені ойлап өткердім көз ілер кезімді әр,
Тағы да оқышы шұбырған шумақты,
Бұл қызда сен деген ынтыққан сезім бар.

Кешірші… Сен мені тыңдама,
Күз келді салқындау бұл қала.
Көңілге көктем кеп жүрегім бүрледі.
Ал бірақ түнеріп тұр дала.
Кешір!!!

***

От алатын жарқылдаған жасыннан,
Сен ұшқынсың, жүрегіме жасырған.
Ешқашанда жете алмаспын өзіңе,
Ассам-дағы қанша қырдан, асудан.

Алыстағы арманымсың тым аппақ,
Көңілімде қалшы мәңгі тұрақтап.
Сен дегенде дамыл таппас қиялым,
Мені еріксіз әкетеді жыраққа ап.

Сансыратты сырбаз сезім кеш гүлдеп,
Көктемдегі қызғалдақ боп өстің кеп.
Сенен өзге ешкімді де көрмеймін,
Жүрегімде сенен басқа ешкім жоқ.

Жүрегімде сенен өзге жоқ ешкім,
Сондықтан да өзгелерден ерексің!
Жабырқатса жұмбақ сезім жанымды,
Жо-жоқ қалқам, сен кінәлі емессің!

Тәңір сыйлаған мекен…
Теміртау!

Арқау етіп серпілісімді,
Танытып елге кең тынысымды.
Құсни қаламым, желкен парағың,
Сары Арқа мені еркін ұшырды.

Өрге сүйрегем өзгеше өнерін,
Ойы көсем, сөзге шеберің,
Байрағы биік азат Отаным.
Бар ма еді, сенен өзге сенерім.

Елімнің даңқын бағалау үшін,
Парақтадым да саралап ішін.
Арқаның даңқын әлемге жайған,
Соғылған анау қоладан мүсін.

Асқардың биік төсінде түле,
Жақсылықты осы есімге тіле!
Толқыса көлің бағың тасыса,
Естиді сенен Есілмен, Іле.

Арнаңа сенің ғасырлар жалғас,
Жалқы даусыңан жаңғырып жартас,
Туласа өзен, мұңайса көлің,
Естір даусыңды Каспий мен Балқаш.

Биік самғадың жырақты қарап,
Тегеуірін сөзің, қуатты қанат.
Арайлап атқан ақ таңмен бірге,
Өлеңім кетті шуақпен тарап.

Бақытын жырлап бағзы мекеннің,
Басымды иіп, тағзым етемін.
Жел қанат құсым, желкен айдыным,
Алашқа аян, жалғыз екенің!

Жазира мекен ырыс әр тасы,
Өзіңде көктеген ғұмыр аршасы
Тәңір сыйлаған жаршысы өзің,
Тағдырымның СЕН күміс алқасы.

Түркі аруы

Күмістелген күмбір-күмбір сырғасы,
Күміс сырға ғасырлардың сырласы.
Бәйшешектей Алаштың ай аруы,
Сәмбі талдай сұңғақ біткен тұлғасы.

Ары, жаны тау суындай тұнығы,
Жанарында күн көзінің жылуы.
Сонау сағым ғасырлардың кербезі,
Қасың қандай, хас Түркінің сұлуы.

Сүмбіл шашы иығына асылып,
Қос шолпысы ақ тамағын жасырып.
Ақ маңдайда ай сағымы ұялап,
Кірпігінен таң шуағы шашылып.

Жасыл жаздың самалындай лебі,
Бала қайың майысады білегі.
Сүйгеніне шын берілген-жүрегі,
Қараша үйдің амандығы-тілегі.

Ақ далада ат жалында жарысып,
Тал бастауда тағдырымен танысып.
Көк Түріктің күндей күлген аруы,
Бара жатыр замандармен табысып.

Сақ, түркінің самал дидар аруы,
Жасын жігер жүректердің дәруі.
Ел басына күн туғанда сел кешіп,
Ай семсері қолына алған қаруы.

Асыл ару батырларға тең келіп.
Ай қабағы келбетіне өң беріп,
Қазақ қызы қырмызы гүл секілді,
Сар даланың самалымен тербеліп.

Маңдайыңнан ырыс бағың арылмас,
Алаш қызы сендей ару табылмас.
Инабаты ерлігіне тең келген,
Қалықтай бер, шарықтай бер қарлығаш.
***

Елеске толып алған санам мына,
Көңілім сол баяғы қараңғыда
Ойларым шатасады өз өзімен,
Ақылдың сұм торына қамалды да.

Тәтті мұң, тәтті қайғы бос елес пе?
Сол күнгі құйған көктен нөсер есте…
Күздің соңғы жаңбыры себелеп тұр,
Хоштасу һәм жалғыздық осы емес пе?

Жақындаудан жаныңа қорқа басып,
Сәл қарасам қалады көз таласып,
Шегініп сол күйіммен кете бардым,
Сезіммен ақылым тұр сөз таласып.

Кездесу мүлдем бізге бұйырмаған,
Жолдар көп арамызда шиырланған,
Естисің бе бәрінен бататыны,
Жүздеспей хоштасқаның қиын маған.

***

Қайран әке

Үзілдің аққан жұлдыз жарығындай,
Әкешім асқар тауым албым-ай.
Ғайып боп кете бардың тым алысқа,
Мұнарлы кең даланың сағымындай.

Елжіреді көңілім аласұрып,
Жоғалтқандай көзінің қарашығын,
Есейіпте қалыпты өзің жоқта,
Үміт арытқан әкетай қарашы ұлың…

Келместің кемесімен кеттің бе әке,
Зымырап аз ғұмырдан өттің бе әке.
Мекенің бақшасынан ұжұмақтың,
Мәңгілік сол мекенге жеттің бе, әке?

Өзіңсіз туған айдың жарығы жоқ,
Аспаннан жұлдыз сөнер жамылып от.
Айналып сағынышқа асыл әке,
Ұзадың Қобда судың ағыны боп.

Санамда қалдың мәңгі елес болып,
Жүруші ек сені асқар тау, белес көріп,
Бөлейтін өміріңді қуанышқа,
Біз сенің құлындарың емес пе едік?

Жан әке менің мәңгі сағынышым,
Өртеніп өкініштен жалын ішім.
Бейнеңді есте мәңгі сақтап өтем,
Өзің ғой таусылмайтын бақ ырысым.

Аңсар

Мұң торлап менің ойлы жанарымды,
Күз келді күреңітіп дала мұңлы.
Қоштасып сені аңсадым, сені іздедім,
Сен бе едің, арман құсым бала күнгі….

Сол бақты араладым ізің қалған,
Бір көру маған сенің жүзіңді арман.
Сол күні мақпал кеште қоштасқанда,
Жаз кетіп сеніменен күзім қалған.

Білмеймін, менің сол бір бағым қайда?
Сезімім дегеніңе бағынбайды ә?.
Жасыл орман ішінде сары жапырақ,
Мен гүлдейтін сенімен шағым қайда?

Сен келгенде шынымен таңым нұрлы,
Сезім мені өзіңе табындырды.
Білесің бе, жолыққан сәттен бастап,
Сенің бейнең мың есе сағындырды…

Рух жаңғырығы

Рухымды оятқанда ұран үн.
Ұран үннен сезгендеймін қыран үн.
Сол қыранның өрлігінен үндескен,
Менің байтақ ұлы далам, тұрағым.

Күн кірпігі жалқын нұрға боялып,
Бой- жігер, адымы-нық, ойы-анық.
Қанатының суылынан қыранның,
Өр рухым, от жігерім оянып.

Құласамда биіктерден құладым,
Тұрсам қайта шың басында тұрамын.
Мені әркез алға қарай бастайтын,
Қанымдағы рух атты бір ағын.

Менің тауым-асқарлардың асқары,
Менің суым-бар тұнықтың бастауы.
Менің рухым-барлығынан ең биік,
Менің жырым-ерлік рух дастаны!

Күлдір-күлдір кісінеген күлігім,
Күлігіммен түгенделер түлігім.
Санамдағы рухани жаңғырық,
Мен өрліктің жырмен үндес тілімін!

***
Дүние сені қуып өтті күндер,
Түбіне қу тірліктің жетті кімдер?
Тіршіліктің қазаны қайнау үшін,
тағы бір тұтатайын оттығын бер.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз