Оразаға қатысты ең өзекті сұрақтардың жауабы

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі бауырлар! Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген. (Бақара, 183).
Рамазан айы биыл күнтізбе бойынша наурыздың 11-і күні кіреді. Рамазан айында ораза тұту парыз етілді. Құ¬ран¬да Алла: «Кім¬де-кім ора¬за айын¬да бол¬са, ора¬за ұс¬та¬сын» деген («Бақара» сүресі, 185-аят). Рамазан айында ораза тұтып, Алладан қайыр тілегеннің тілегі кері қайтарылмайды. Әрбір жасалған жақсылықтар еселенеді.
Ораза кімге парыз?
• Әрбір ер және әйел мұсылманға парыз;
• Ораза тұтушы адам мұсылман болуы керек;
• Ораза тұтушының есі дұрыс болуы керек;
• Балиғат жасына толған болуы шарт;
• Алыс жолға шыққан жолаушыға және ораза ұстаса ауруы асқынып кететін науқасқа рамазан айында ораза тұтпаса болады. Бірақ кейін қазасын өтейді. Ораза көп зарар бермейтін жолаушыға ораза тұту абзал;
• Рамазан да, одан кейін де ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілер ораза тұтпай, орнына фидия берулеріне болады;
• Емізулі немесе аяғы ауыр келіншектер денсаулығы сыр бермесе, күш-қуаты жетсе ораза ұстауы қажет. Егер мүмкіндігі болмаса кейін қазасын өтейді;
• Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.
Не істеу керек?
• Ораза кірер бір күн бұрын ғұсыл алып, ниет етуі керек;
• Таң намазы кіруіне 15 минут бұрын сәресі (таңғы шай) ішіліп бітуі тиіс;
• Сәресіден кейін ниет етіледі. Сәресіде айтылатын дұға:
نَوَيْتُ أنْ أصُومَ صَوْمَ شَهْرُ رَمَضَانَ مِنَ الْفَجْرِ إِلَى الْمَغْرِبِ خَالِصًا لِلَّهِ تَعَالَى
Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә». Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Аллаһтың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».
• Күні бойы ауызды астан, тілді өсек-аяңнан тыю керек.
• Мүмкіндігінше мешіттерде намаз оқып, оған шама келмесе Аллаға зікір етіп, кешірім сұрап, дұға ету абзал.
• Ауыз ашар уақыты кіргенде бірден ауыз ашу. Ауыз ашарда оқылатын дұға: اللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَ بِكَ آمَنْتُ وَ عَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَ على رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ وَ صَوْمَ الْغَدِ مِنْ شَهْرِرَمَضانَ نَوَيْتُ فاغْفِرْ لِي ما قَدَّمْتُ وَ ما اَخَّرْت Оқылуы:«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту». Мағынасы: «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».
• Ауызды құрма немесе сумен ашып, ақшам намазын оқып алу қажет. Сосын тамақтану дұрыс болады. Ауызды аша сала бірден тойып тамақ жемеген дұрыс. Өйткені асқазанға бірден ауыр салмақ болуы мүмкін.
• Оразаны қаза етпеу, яғни себепсіз ауыз ашып тастауға болмайды. Әдейі жасалған қаза күндері үшін әрбір күнге 60 күн ораза тұтып, қазасын өтейді. Оразаның қазасы келесі ораза басталғанға дейін өтеліп бітуі тиіс;
• Сапарда не ауруы болуы себепті оразаны уақытында тұта алмай, Рамазаннын кейін де уақыты бола тұра тұтпаған адамға ажал келсе ол адам Алладан кешірім тілеп, тәубе жасайды. Артында қалған ұрпақтарына тұтпаған оразасы үшін әр күніне бір міскінді жарты сағ бидай (1,625 кг) немесе бір сағ (3,25 кг) құрма немесе арпамен тамақтандыруды өсиет етеді;
Пітір садақа һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді. Пітір садақа мешіттерде жиналады. Ол отбасындағы әр адам басына өлшеніп есептелген. Пітір садақаның көлемін жергілікті мешіттен біліп, рамазан айы бітпей беру қажет. Өйткені, мешітке түскен пітір садақалар кедей-кепшік, жетімдерге таратылады. Биыл пітірдің құны – 640 болып бекітілді. Оны ҚМДБ пітір берілетін астықтың құнына қарап, орта есеппен бекітеді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Осындай күнде (айт мейрам) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», — деген. пітір садақаны мешіттің Ұлттық банк, Каспи банктегі реквизиттеріне онлайн жіберуге мүмкіндіктеріңіз бар.
Рамазан айында түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір түні бар. Биыл қадір сәуірдің 5-нен 6-на қараған кеште кіреді. Бұл — сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ): «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны» (Ан-Насаи). Абдулла ибн Аббастың (р.а.): «Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады» (Лаухул махфуз).
Осы қасиетті айдың келуімен әлем нұрға бөленгендей. Әрбір мұсылманның жүзінен қуаныш, көзінен ерекше нұр байқайсың! Бұл да бір Алланың адамзатқа берген нығметі. Қасиетті Рамазан айында жәннат қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады. Бұл айда – Құран молынан оқылып, дұғалар көп жасалады. Бұл айды оразамен, ғибадат-құлшылықпен өткеріп, Алланың мейірім-берекетінен молынан ұстап қалу керек. Себебі, бұл ай нөсерлеп жауған көктемгі жаңбыр іспетті, кім бақшасын соған дайындаса берекетін көреді, ал кім немқұрайлы болса, мақұрым қалады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) бір хадисінде: «Расында, әр адамға өзінің ниет еткен нәрсесі беріледі», – деген. Бұл – адам баласы өзінің ниетіне орай, мақсатына жетеді деген сөз. Кімде-кім сауабын Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, күнәлары кешіріліп, Оның ризалығына бөленеді. Екі дүниеде де Алланың ризалығына кенелуден артық бақыт жоқ.
Алла Тағала рамазан айын баршам халық үшін тазару және рухани толысу айы етсін. Құлшылық, ғибадаттарымызды қабыл етіп, толассыз сауап етіп қайтарсын! Оразаларыңыз қабыл болсын!

Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы,
Қарағанды қаласы

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз