Кәсіпкерлікті қолдау – басым бағыт
Елдің еңсесін тіктеп, әлеуметтің ахуалын арттыру үшін бизнестің берекелі болмағы маңызды. Сондықтан да, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Биыл 5 ақпанда елімізде мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалануды және экономиканың түрлі секторында бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын кәсіпорындарды дамытуды қамтамасыз ету мақсатында отандық кәсіпкерлерді қолдаудың Бірыңғай кешенді бағдарламасын іске асыру басталды.
Теміртау қаласының Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Айғаным Исенованың айтуынша, жаңа бағдарлама бұрын қолданыста болған кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын жетілдірді екен. Жаңа бағдарлама аясында микрокәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі бизнес субъектілері, моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлік қолау табады.
«Жаңа тәсілдер аясында несиелерді субсидиялау ең алдымен өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу және жоғары технологиялық қызмет көрсету салаларындағы жобаларға бағытталған. Мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені кезең-кезеңмен азайтуға және ШОБ субъектілерінің нарықтық тетіктерді пайдалана отырып қаржыландыруға көшуіне мүмкіндік беретін сараланған әдіс қолданылатын болады. Мұндай жобалар бойынша 3 жыл ішінде түпкілікті қарыз алушы үшін мөлшерлеме 8%, 4 жылға 9% және 5 жылға 10% құрайды», — дейді Айғаным Исенова.
Кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары барынша тиімді болуы үшін талап та күшейтілген. Яғни, қолдау алғысы келген кәсіпорындардың еңбекақы қоры өсімінің оң динамикасы және салық шегерімдері сияқты міндетті кіру критерийлері белгіленген. Бұдан бөлек, гранттық қаржыландыру саласына өзгерістер енгізіліпті.
Биылдан бастап гранттық қаржыландыру конкурсына (5 млн. теңгеге дейін) Бірыңғай кешенді қолдау бағдарламасы аясында тек қана әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері шағын және орта бизнес субъектілері ғана қатыса алады.
Осыған байланысты мен әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері ретінде қарастырылатын критерийлерге сәйкес келетін кәсіпкерлерге үндеу жасағым келеді. «Теміртау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2024 жылғы 1 наурыздан 15 наурызға дейін жеке кәсіпкерлерді немесе заңды тұлғаларды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізуге өтініштерді қабылдайды (Теміртау қаласы, Тәуелсіздік гүлзары, 9, 3 қабат, сол қанат, 331 кабинет. Байланыс телефоны: 8 (7213) 41-01-47 электрондық пошта мекенжайы: gu_tem@mail.ru). Өтінімдерді қабылдау тоқсан сайын жүзеге асырылады», — дейді Айғаным Исенова.
Айта кету керек, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, қоғамдық бірлестіктер мен қорлар, жеке кәсіпкерлер өтінім бере алады. Ол үшін әлеуметтік жоба ретінде кемінде бір жыл жұмыс істеп, табысын ашық көрсетуі және әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне енуге қажет құжаттарды жинау қажет. Бұл тізімге ену үшін кәсіпкерлік нысанында қызметкерлердің кемінде 50 пайызы халықтың әлеуметтік осал тобының өкілуі болуы керек және табыстың 25 пайызы жалақы қорын құрауын тиіс.
Теміртау қаласының кәсіпкерлері үшін артықшылық Моноқалалардағы кәсіпкерлік бағыты бойынша салалық шектеулерсіз қаржыландыру болып қала береді.
— өңдеу өнеркәсібіндегі қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 7%, қызмет көрсету және саудада — жылдық 10%, инвестициялар үшін — 1,5 млрд теңгеге дейін, ПИК бойынша — 500 млн теңгеге дейін,
— несие мерзімінен аспайтын несиенің 50% дейін кепілдік береді.
Экономикалық қызмет түрлерiнің жалпы жiктеуiшi (ЭҚЖЖ): салалық шектеулерсіз жылжымайтын мүлікпен операцияларды (жеке тұрғын үй құрылысы бойынша пәтерлерді/тұрғын үйлерді/жер учаскелерін сатып алу, жалға алу (қосалқы жалдау), жеңіл автомобильдерді сатып алу, жалға алу және лизинг (құны 1 бірлік үшін 10 млн теңгеден аспайтын отандық өндірушілердің автомобильдерін қоспағанда) және ЭҚЖЖ 49.32 коды бойынша қызметті қоспағанда, салалық шектеусіз «Такси қызметі» («жасыл» жобаларды, сондай-ақ 1 (бір) бірлік үшін құны 10 (он) миллион теңгеден аспайтын отандық өндірушілердің жеңіл автомобильдерін сатып алуға бағытталған жобаларды қоспағанда)
Кәсіпкерлер қолдау құралдарын алу үшін үш жолмен өтініш бере алады:
1. «Даму» Қорының филиалдарында
2. online.damu.kz порталында
3. Bgov.kz платформасында
Субсидиялар мен кепілдіктерді ресімдеуге офлайн өтінім беру үшін кәсіпкер жобаны іске асыру орны бойынша «Даму» қорының филиалына құжаттар топтамасын тапсыруы қажет.
Online.damu.kz порталы арқылы қолдау құралдарын алуға өтінім беру.
1. online.damu.kz сайтының басты бетінде «Бағдарламаларға өту» қойындысын таңдаңыз, содан кейін қажетті қолдау құралын таңдаңыз — кепілдік/субсидиялау/несие беру;
2. Ұсынылғандардың ішінен сәйкес бағдарламаны таңдап, «Қызметті алу» түймесін басыңыз;
3. Ашылған терезеде несие туралы негізгі ақпаратты толтырыңыз;
4. Әрі қарай компания басшысы өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы керек, содан кейін «Сертификат таңдау» түймесін басып, ұйымдық-құқықтық нысанына байланысты қол қою үшін қажетті сертификатты таңдау керек — жеке кәсіпкер үшін бұл RSA сертификаты болып табылады, жауапкершілігі шектеулі серіктестік үшін бұл GOST сертификаты;
5. Кәсіпкерлер жеке кабинетінде компания, жобалар, өтінімдер, хабарламалар мен ұсыныстар туралы ақпарат қолжетімді. «Өтініш» бөлімінде сіз өтініштің аралық мәртебесін және ол бойынша қабылданған шешімді бақылай аласыз.
Bgov.kz платформасы арқылы қолдау құралдарына өтініш беру
1. Bgov.kz порталының басты бетінде қызмет таңдау сүзгісін пайдаланыңыз, мысалы, санат бойынша: несиелеу/субсидиялау/кепілдік беру және төмендегі енгізу критерийлерін толтырыңыз;
2. Ұсынылғандардың ішінен сәйкес қызметті таңдап, «Толық ақпарат» түймесін басыңыз. Бағдарлама шарттарын қарап шыққаннан кейін «Қызметті алу» қойындысын басыңыз, одан кейін ЭЦҚ арқылы порталға кіру/тіркелу қажет;
3. Авторизациядан кейін компания басшысы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып өтінішке қол қоюы керек, содан кейін «Сертификат таңдау» түймесін басып, ұйымдық-құқықтық нысанына қарай қол қою үшін қажетті сертификатты таңдау керек — жеке кәсіпкер үшін. бұл RSA сертификаты, ЖШС үшін бұл GOST сертификаты;
4. Кәсіпкерлер жеке кабинетінде компания, жобалар, өтінімдер, хабарламалар мен ұсыныстар туралы ақпаратқа қол жеткізе алады. «Өтініш» бөлімінде сіз өтініштің аралық мәртебесін және ол бойынша қабылданған шешімді бақылай аласыз.
Айта кету керек, егер қандай да бір сұрақ туындап, кеңес алғыңыз келсе «Теміртау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ мамандарына жүгінуге болады.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»