Ораза айт құтты болсын!
Ассаламу алайкум уа рахматуллахи уа баракатух, құрметті мұсылман бауырлар. Алла Тағала ұстаған оразаларымызды құлшылық ғибадаттарымызды қабыл етсін. Алла Тағалаға мадақтар болсын, Пайғамбарымыз ﷺ салауат болсын, сонымен бірге Аллаһ Тағала барлық мұсылмандардың жүректеріне иман беріп, тура жолға бастасын!
Сіздерді Ислам үмбетінің ең ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Шат-шадыман қуанышқа бөлендіретін бұл мереке елімізге құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!
Алла елшісі ﷺ Меккеден Мадинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің исламға дейінгі тойлап келе жатқан мерекелеріміз», деген жауап естиді. Сонда Алла елшісі ﷺ: «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мереке берді. Олар – Рамазан және Құрбан айттары», — деген. Ораза айты адамдарды бауырмалдық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Айт басталған күн салтанатты, зор қуаныш сыйлар күн. Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті шуағы мол мереке.
Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күні ағайын-туыспен көрісіп, дос-жаранмен татулықты арттыратын сәт болмақ. Үлкенді-кішілі аға-ініні бауырмалдыққа итермелейтін күн десек артық етпес. Дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайтын бұл мерекемен барша отандастарымызды құттықтаймыз!
Нұров Махмұд қажы Нұрұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз