Ораза айт құтты болсын!

Ассаламу алайкум уа рахматуллахи уа баракатух, құрметті мұсылман бауырлар. Алла Тағала ұстаған оразаларымызды құлшылық ғибадаттарымызды қабыл етсін. Алла Тағалаға мадақтар болсын, Пайғамбарымыз салауат болсын, сонымен бірге Аллаһ Тағала барлық мұсылмандардың жүректеріне иман беріп, тура жолға бастасын!

Сіздерді Ислам үмбетінің ең ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Шат-шадыман қуанышқа бөлендіретін бұл мереке елімізге құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!

Алла елшісі Меккеден Мадинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің исламға дейінгі тойлап келе жатқан  мерекелеріміз», деген жауап естиді. Сонда Алла елшісі : «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мереке берді. Олар – Рамазан және Құрбан айттары», — деген. Ораза айты адамдарды бауырмалдық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Айт басталған күн салтанатты, зор қуаныш сыйлар күн. Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті шуағы мол мереке.

Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күні ағайын-туыспен көрісіп, дос-жаранмен татулықты арттыратын сәт болмақ. Үлкенді-кішілі аға-ініні бауырмалдыққа итермелейтін күн десек артық етпес. Дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайтын бұл мерекемен барша отандастарымызды құттықтаймыз!

Нұров Махмұд қажы Нұрұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз