Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлерді өз аумақтарын таза ұстауға шақырды
Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жексенбі күні таңертең қала және Қазыбек би атындағы аудан әкімімен ғана емес, полиция департаменті мен басқармасы басшылығымен де кезекті жаяу серуенге шықты. Олар Оңтүстік-Шығыстың тұрғын аудандарын айналып өтті. Бизнес нысандарына ерекше назар аударылды.
– Мен бір апта бойы әртүрлі аудандарда жаяу жүріп жүрмін және барлық дерлік бизнес өкілдері өз аумақтарын тазалауда белсенді емес екенін байқаймын. Мен әсіресе автотұрақтардың жанында көп қоқыстар көремін. Заң аясында осындай немқұрайлы кәсіпкерлермен жұмыс істеңіздер, – деді полиция қызметкерлеріне Ермағанбет Бөлекпаев.
Төрт күн ішінде Қарағандыда тазартылмаған аумақтар үшін полиция 300-ге жуық әкімшілік хаттама құрады. Егер жағдай он күн ішінде өзгермесе, 30 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.
Қарағанды полициясы қазір абаттандыру ережелерінің бұзылуын (іргелес аумақтарды уақтылы жинамау, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау және т. б.) анықтау бойынша рейдтер жүргізіп жатқаны туралы облыс әкіміне полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин айтып берді.
– Біз бұл жұмысты атқарып жатырмыз. Күн сайын шамамен 60–70 әкімшілік хаттама жасаймыз, ал жыл басынан бері барлығы 4 мыңнан астам айыппұл салдық, – деді Шахназар Салин.
Жаяу серуендеу кезінде облыс әкіміне Оңтүстік-Шығысты абаттандыру жоспарлары туралы баяндалды. Мәселен, Кеншілер даңғылындағы № 3 емхананың жанында Сарыарқа көшесіне шығатын жол салынады. Бұл тұрақ орындары мен жаяу жүргіншілер аймағы бар екі жақты жол болады. Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспановтың айтуынша, жұмыстарға мамыр айында кірісу көзделіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Облыс басшысы қаланы жаяу аралап, қалалар мен аудандардың әкімдеріне де солай істеуді және мердігер компаниялардың кемшіліктерін атап өтуді тапсырды.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз