Абзал жандар ардақталған күн

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында қаламызда мерекелік концерт ұйымдастырылып, еңбегімен ерекше көзге түскен ақ халаттылар ардақталды. Биыл қаламызда кәсіби мерекені 2773 медициналық қызметкер қарсы алды.

Бүгінде Теміртауда денсаулық сақтау саласының 12 мекемесі жұмыс істеп тұр. Оларда 620 дәрігер, 1530 орта медициналық персонал және 623 кіші медициналық персонал жұмыс істейді. Ауырып ем іздеген жандарға көмек қолын қашан да созуға әзір абзал жандардың арасында денсаулық сақтау саласының 13 үздігі және мемлекеттік марапатқа ие болған 28 қызметкер бар екен.
Қаламызда медицина саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. Емханалардағы ұзын-сонар кезекті азайту және сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа мекемелер салынуда. Ең басты мәселе – маман тарту. Бұл бағытта да қыруар жұмыстар атқарылып, жас мамандықтарға жеңілдіктер ұсынылуда. Соның арқасында жыл басынан бері 22 маман көшіп келіпті.
— Елімізде ұлттық жоба аясында 32 ауданаралық ауруханаларды қайта құру жұмысы жүргізілуде. Бұл жобаға біздің де қаламыз қатысуда. Осылайша, қаламыздағы көпбейінді аурухана базасынан ауданаралық аурухана құрылымдау жоспарланып отыр. Оған теміртаулықтармен қатар Бұқар жырау, Осакаров аудандарының тұрғындары келіп, ем қабылдай алады. Сондай-ақ, кейінгі 2 жылда қаламызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2 жаңа емхана ашылды. Оларда отыз мыңға жуық адам медициналық көмек алуда. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастырамыз және қазір қалада тағы бір медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ол 2025 жылы ашылады деп күтілуде, — дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Қала басшысының айтуынша, көшіп келген мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, былтыр тұрғын үй қорынан 10 жоғары білікті маманға баспана берілген. Биыл 35 дәрігерге пәтер кілті табысталуы тиіс. Бұдан бөлек, «Отбасы Банк» АҚ бірлесе отырып жас мамандарға жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы іске қосылды. Былтыр осы бағдарламаның көмегімен 4 медицина қызметкері баспаналы болған.
Салтанатты шара барысында жыл бойы үздік еңбегімен көзге түскен қызметкерлерге қала әкімінің Құрмет Грамотасы және Алғыс хаттары табысталды.
Теміртаулық медициналық қызметкерлерін Е.Пахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестар, әнші Роман Ким және жергілікті өнер ұжымдары әсем әнмен әуеледі.

Акниет Асилбекова
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз