ТІЛ АНАСЫ — ХАЛЫҚ
Ана тіліміздің айнасы, әрі жаршысы — ұлттық тілдегі баспасөз.
Әр халықтың өз ана тілі – мемлекеттік тіл болып саналады. Оны қастерлеп, қадірлей білу – ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз. Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев: «Мемлекеттік тіл енді, ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс», — деп көрегендігін білдірсе, қазақ жастары мен қаны бір қандастар оған қарсылық білдіреді дегенге сенімсізбін.
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Ата Заң күні. Осы Заңның 7-бабының бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі»-делінген Қазақ тілі – қаны мен тәні бір, жаны мен ділі бір әр қазақтың мойнындағы тұмары іспеттес болғаны заңдылық. Әркімнің өз ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу мен шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар екенін білеміз. Бодандықтан құтылып, тәуелсіздік алғалы отыз жылдан асып бара жатса да, тіліміздің әлі де шұбарлануына жол беріп келеміз. Еліміз Тәуелсіз ел болды, қара шаңырағымыз дербес, бейбітсүйгіш мемлекет ретінде әлемге айдай танылдық. Әлеуметтік –экономикалық жағдайымыз да халықты қанағаттандырған сыңайлы болды. Әрине ай-жылдап, күн санап қымбатшылыққа да төтеп беріп келеміз. Ал, мемлекеттік ана тілімізге қалай ден қойдық?..
Тілдің нағыз жанашыры Сейіт Кенжеахмет ағамыз: «Тілдің анасы — халық»-деп нүкте қойған жоқ па? Тіліміздің қылыштай өткірлігіне ден қоятын, қамшымызды еркін қамшылайтын кез баяғыда келген-ді. Қазақ қазақпен өз ана тілінде сөйлесе ме екен?-деген сауалға кезек беріп көрейікші, ағайын?! Парламент, мәслихат депутаттарының өздері тіл шұбарлығына жол беріп келеді.
«Тілге деген қасиетті түйсік жоқ,
Ана тілін қас-жауындай көретін.
Жемқор — депутаттарда шек жоқ,
Көзін жұмып өтірік қана күлетін» — деп сыпайылық танытқан жан аз емес. Адамзатты адалдыққа баулитын да, адамдыққа жетелейтін де ұлттық ана тіліміз.
Күнделікті хабарды, жаңалықтарды тыңдайтын халықпыз, өз құлақтарымызбен естіп, көздерімізбен көріп келеміз. Бұған не дауа, не шара?
Қаншама ақын-жазушыларымыз, ақынгөй ғұламаларымыз дана тілімізді ұмытпауды тарихқа алтын сиямен жазып кеткен жоқ па? Халық қаһарманы, батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәуелсіздік тірегі – мемлекеттік тіл. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға тараған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды ұмыту, тарихымыз бен мәдениетімізді ұмыту», — деген ұлағатты сөзі санасы жетілген әр азаматқа белгілі жайт. Заман талабына сай рухани жаңғырудың басты өзегі де – тіл. Ал сөз-
тіл білімінің маңызды бөлігі екендігін және білеміз.
Американың белгілі ақыны, философы, лекторы, қоғам қайраткері, жазушы Ральф Уолда Эмерсон: «Тіл дегеніміз – әр адам бір кірпіштен қабырғасын қалайтын қала» -деп, тілдің құндылығын осылай бағалаған екен. Әр ұлттың өз ана тілі бар. Қоғам дамуының әр кезеңінде өмір сүрген атақты адамдардың тілге қатысты қанатты сөздерін естігенде, қуанышты сәттер келген сияқты сезінесің. Елбасымыз айтқандай, біз үшін өз ана тілімізден артық қазына да, байлық та, қасиет те жоқ қой. Тілімізден айырылсақ , ұлттық қасиетімізден айырыламыз деу керек.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы»Заңының 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» — деп көрсетілген. Қазақ жерінде тұратын өзге ұлттар қазақ тілін үйренгендері дұрыс деп санаймыз
Советгүл ТЕРЕКБАЙҚЫЗЫ,
Аналар кеңесінің төрағасы
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз