Қысқы жолдың күтімі талапқа сай ма?

Алты ай бойы қар құрсауында қалатын Қарағанды аймағы үшін қысқы жолдың жайы жырға айналғалы қай заман. Күннің көзі қырауланып, қатты аяз бен ақтүтек боран болса қалса, бірнеше күнге көлік қатынасы тұралап қалады. Кейде тіпті шалғай аудандарға апаратын жолдардың апталап аршылмай, аршылған күннің өзінде жиектегі үйілген қар мен қатқан мұздың ұзақ жатып қалатын қалатын сәттері жиі кездесіп тұратыны тағы бар. Бұған кім жауапты? Қысқы жолды күтіп ұстауға қойылатын талап пен оның орындалу барысы қандай? Анықтап көрсек.

Мәселенің мән-жайын білмекке «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалына ат басын бұрдық. Бұл мекеме аймақтағы жол құрылысының сапалы болуын қадағалаумен қатар, оның дұрыс күтіп-бапталуын да назарда ұстап отыр. Мекеме мамандарының айтуынша, қысқы уақытта жол күтіміне қойылатын талап ерекше. Әйтсе де, ол толық орындалып отыр деп айта алмайды екенбіз. Өйткені, осы іске жауаптанған мердігер компанияның техникалық әлеуеті әлсіз. Біріншіден көлік құралдары ескірген, екіншіден саны да аз.

  • Біз қазіргі таңда Қарағанды және Ұлытау облыстары аумағындағы республикалық маңызға ие автокөлік жолдарының қысқы уақыттағы күтімін қадағалап отырмыз. Әзірге елді мекендер ішіндегі жолдардың жайын тексеру туралы келісім шартымыз жоқ. Жыл басынан бері мамандарымыз 18 мәрте тексеруге шығып, 6 олқылықты анықтады. Солардың негізінде қызметтік хат жазылып, тиісті органдарға жөнелтілді. Бұл 6 кемшіліктің төртеуі өрескел қателік болып саналады. Яғни, ол туралы хабарланған сәттен бастап жедел түрде жойылуы керек, — дейді мекеменің Сапа және есеп бөлімінің бастығы Асхат Шахаев.

Маманның айтуынша, бекітілген талап бойынша 3-санаттағы жолдар боран басылған соң 5 сағаттың ішінде, ал, 1-санатты жолдар 2 сағатта қардан аршылуы керек. Жолдың жиегіне үйілген қарлар 2,5 күннің ішінде тазаланып, арнайы орындарға шығарылуы тиіс екен. Сондай-ақ, көктайғақ болмауы үшін жол табанына қатқан мұздар 3-санатты жолда 4 сағаттың ішінде тазалануы керек. Қазіргі таңда Қарағанды мен Ұлытау облыстарындағы республикалық маңызға ие автокөлік жолдарының басым дені 3-санатты жолдар.

  • Біздің қызметкерлердің барлығы арнайы планшеттермен жабдықталған. Олар тексеру жұмыстарына шығып, олқылықтарды көрген кезде бірден суретке түсіріп, порталға жүктейді. Соның негізінде хат әзірленіп, оны да порталға орналастырамыз. Планшеттерге GPS навигатор орнатылған. Сурет түсірілген орынның кординаттары, уақыты бәрі көрсетіліп тұрады. Осыдан соң тапсырыс беруші мен мердігер компания өкілдері дереу аталған олқылықты жойып, оны дәлелдейтін суреттерді ұсынады. Кейін біздің қызметкерлер тағы да тексеруге шығып, аталған кемшіліктің дұрыс жойылған-жойылмағанын қадағалайды, — дейді Асхат Шахаев.

Иә, көп жағдайда жол күтіміне қойылатын талаптың орындалмауына мердігердің техникалық әлеуетінің әлсіздігі себеп болып жатады дедік қой. Мәселен, дәл қазір осы істі жүзеге асырып отырған мердігердің қолындағы техника небәрі 60 пайызды құрайды екен. Техниканың тегі – темір. Көк мұз бен омбы қарды күреп жүргенде қалақтары морт сынып, басқа да ақаулары шығып қалуы мүмкін. Мұның бәрі жұмыстарды жүйелі және уақытылы жүргізуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Дей тұрғанмен, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының қызметкерлері де құр қарап отырған жоқ. Олар жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде қысқы жолдың күтіміне қатысты ақаулар дер кезінде анықталып, жойылуда. Бұл ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет шара екенін ескерген жөн. Өйткені, қар үйіндісі мен қатқан кедір-бұдыр мұздар жол-көлік оқиғасының басты себепкері болып жатады. Сондықтан, мердігерлер бұл мәселеге енжар қарамай, материалдық-техникалық базасын жетілдіруді жолға қойса дейсің…

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз