Қарағанды облысында жайылымдық жерлер мемлекетке қайтарылуда

Ауылдағы ағайынның басты мұңы – жер. Қазіргі таңда игерілмей, тозы шығып бос жатқан, өткен ғасырдың 90 жылдары жекешелендіру желеуімен үлеске кеткен жайылымдық жерлер мемлекетке қайтарылуда.

Бұқар жырау және Осакаров: пилоттық алаң

Жақында өткен облыстағы жайылым жерлер тапшылығын шешу бойынша кезекті жұмыс кеңесінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осы мәселеге тоқталды.

«Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде: жер беру бойынша  меморандумдар жасалып, пайдаланылмайтын жерлер қайтарылып, елдімекендердің шекаралары өзгертілуде. Сондай-ақ ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қолға алынған кешенді жұмыстың арқасында жайылым жерлердің тапшылығы 2,8 млн гектардан, 481,8 мың гектарға дейін қысқарды», – деді ол.

Оның айтуынша инфрақұрылымның жоқтығы – халықтың шалғайдағы жайылымдарда жеке малын жаюға құлықсыздық танытуына басты себептің бірі болып отыр. Сондықтан жайылымдық жерлерді қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті.

«Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін Бұқар жырау және Осакаров аудандары пилоттық алаңдар ретінде белгіленді. Бұқар жырау ауданында пилоттық жоба Ростов, Белағаш, Қаражар, Самарқанд және Баймырза ауылдық округтерінде, ал Осакаров ауданында Озерный, Сарыөзек және Қарағайлы ауылдық округтерінде іске асады.

– Жоба аясында суландыру нысандары, атап айтқанда су ұңғымалары, құдықтар салынып, мал айдау жолдары, суару алаңдары мен үй жануарларына арналған қоралар орнатылады. Бұған қоса, жұмысшылардың маусымдық тұруы үшін үй-жайларды салу қарастырылған. Кешенді жұмыс жалғасады», – деп жазды Facebook-тегі өз парақшасында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

 «Жер аманат»: жер мемлекет меншігіне қайтарылуда

Қарағанды облысының жері жалпы ауданы 23 млн 904,5 мың гектарды құрайды, ондағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 12 млн 088,4 мың (жайылым – 10 млн. 107,5 мың га, егістік – 1 млн. 277,1 мың га, шабындық – 173,8 мың га, көпжылдық екпелер – 0,3 мың га, тыңайған жерлер – 160 мың га). Солай бола тұра ауылдағы ағайынның мал жайылымы тарылып кеткен болатын.  Дегенмен, «AMANAT» партиясының «Жер аманат» жобасы аясында  бос жатқан  жер мемлекет меншігіне қайтарылуда.

–  2022 жылы 11 тамызда пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен айналысатын  «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының жанында  17 адамнан тұратын «Жер аманат» Өңірлік комиссиясы құрылған болатын.  Комиссия құрамына облыс әкімінің орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларының, азаматтарға арналған үкіметтің, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлер палатасының, фермерлер одағының басшылары кірді.

Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, «бағдаршам» қағидаты бойынша жайылымдардың тапшылығы және олардың қайтарылуы туралы статистикалық мәліметтер алынды. Бұдан басқа, қала  мен аудан  әкімдерімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарының жоспары әзірленді, сондай-ақ депутаттар мен «Аманат» партиясы мүшелерінің қатысуымен проблемалы өңірлерге шығу кестесі түзілді, – дейді «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының баспасөз хатшысы Анар Шаймерденова.

Облыстық мәслихат хатшысының 2022 жылғы 15 шілдедегі «Облыстық мәслихаттың уақытша жұмыс комиссиясы мен жұмыс топтарын құру туралы» өкімі негізінде Қарағанды облысында жер ресурстарын ұтымды пайдалану жұмысын үйлестіру мақсатында 7 жұмыс тобы құрылған болатын. Құрамына облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудан әкімдіктерінің, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері кірді.

Жұмыс топтары аудандарға барып, ауылдық жер ресурстарын пайдалану жөніндегі істердің жай-күйімен танысты.

Сондай-ақ, облыс әкімінің 2022 жылғы 7 маусымдағы өкімімен пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді мәжбүрлеп  алу жөніндегі республикалық комиссияның ведомствоаралық  жұмыс тобы құрылды.

Бұл топтың құрамына салаға қатысты мемлекеттік құрылымдар, сонымен қатар құқық қорғау органдарының өкілдері кірді.

Нәтиже: 1 млн 232,2 мың га жер

Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасының жерді пайдалануды жоспарлау және болжау бөлімінің басшысы Ақмарал Мұқашева:

– Бүгінгі күнде 2022 жылдың басынан бастап облыс көлемінде 1 млн 232,2 мың га (Ұлытау облысына кеткенге дейінгі Жаңаарқа ауданының 1,1 мың га және Ұлытау ауданының 6,3 мың га жерлерімен қоса есептегенде) ауылшаруашылығы жер учаскесі қайтарылды.

Оның ішінде өз бетімен қайтарғандар 1 млн 071,1 мың га, жалдау шартының мерзімі өтуіне байланысты 124,7 мың га, сот шешімімен мәжбүрлеп қайтару 29,6 мың га, басқа жолдармен 6,8 мың га.

2022 жылы Қарағанды облысының жер ресурстарын басқару департаментімен облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдарымен қабылданған шешімдердің заңдылығына 11 тексеру жүргізілді. Айтар болсақ Бұқар жырау – 4, Ақтоғай – 3, Қарақаралы – 2, Шет –1 және 1 тексеріс Ұлытау аудандарында болды. Осы тексерулердің нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 12 шешім қабылданды, – дейді.

2022 жылғы 26 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірлік комиссияның қарауына 7 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 4 өтінішке жазбаша түсініктеме берілсе 3 өтініш құқық қорғау органдарының қарауында.

Иә, игерілмей бос жатқан жер мемлекетке қайтарылуда. Оны «жұмыс істеймін» деп білек сыбанып отырған шаруаларға береді. Әрине, бос жатқаннан жердің пайдасын көрген тиімді емес пе?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз