Алаяққа алданушы азаяр емес: қайтпек керек?

Әлеуметтік желіде алаяқтар «10 жылдан астам еңбек өтілі бар Қазақстанның әр азаматы Отбасы банкінің қолданыстағы шоттарынан еңбек шегерімін ала алады» деп ақпарат тарап кеткен болатын. Отбасы банк «мемлекеттен 116 680 теңге берілетіні» туралы ақпаратты жоққа шығарды.  «Алаяқтар сілтеме арқылы өтіп, WhatsApp-қа «Сәлем» деген сөзді жазып жіберуді сұрайды екен. Сіздің қауіпсіздігіңіз үшін, күдікті сілтемелер бойынша өтпеуіңізді, жеке деректеріңізді бөліспеуіңізді және тек қана Отбасы банктің ресми ақпарат көздеріне сенуіңізді сұраймыз», – деп хабарлайды Отбасы банк. Алаяқтар осылай халықты өз құрығына түсіруде. Сақ болу керек, ақ. Бірақ, сенімге селкеу түсірген, талай адамды алдап, сан соқтырған Kausar Travel компаниясының басшысына не дейміз? Осы сияқты «аферистер» асыл дінге де қол салғаны өкінішті.

«Мен сені Меккеге апарамын…»

Жақында Меккеге қажылыққа апарамын деп 100-ден астам адамды сан соқтырған Kausar Travel компаниясының басшысы ұсталды. КТК арнасының мәліметінше, компания иесі Медет Мұратбайұлы қажылыққа баруға ниет еткен адамдардың әрқайсысынан кемі мың доллардан алған. Алайда қаңтар айында кетуі тиіс азаматтар сол күйі Мекке мен Мединаны көре алған жоқ. Ал Алматыдан жолға шыққан 57 адамды турфирма Медина қаласындағы жатақханаға тастап кетіп қалған.

Сондықтан қажылар жатын орын мен тамаққа қосымша қаржы шығындап, қайтар жолдың билетін де өз ақшасына сатып алған. «Қазір Kausar Travel-ден жолдама алғандар жаппай полицияға арызданып жатыр. Сондықтан жәбірленушілер санын нақты айта алмаймыз», дейді құқық қорғау органы қызметкерлері.

Жолы болмаған турист  Жарқын Бекмырзаевқа Умраның сертификатын келіншегі тосынсый ретінде туған күніне сыйлаған. Талай жылғы арманы болған киелі сапарға ерлі-зайыптылар 17 қаңтарда ұшуы керек еді. Алайда түрлі сылтау айтқан Kausar Travel турфирмасы 57 адамды үш күн кешіктіріп, Медина қаласына жеткізіпті. Бірақ қонаүйге бара сала, турфирма өкілдері орын дайындаймыз деп, сол күйі ізім-ғайым жоғалған.

– «Сол жерде күтіп отырғанда қонақ үйдің егесі шықты да, бұл жерде сіздерге орын броньдалмаған, бұл жерде қазір бос орын жоқ деп айтқаннан кейін, қайтадан автобус шақырып, бізді қаланың шет жағындағы жатақханаға апарып жайғастырды. Таңертең жетіде экскурсия болады, дайындалыңыздар деді де, Kausar Travel өкілі кетіп қалды. Содан біз азанда тұрдық. Тұрсақ, Kausar Travel өкілдері де жоқ, автобус та жоқ, тамағы да дайын емес, ақшасы да төленбеген», – дейді Жарқын Бекмырзаев.

Жат елде тіл білмейтін 57 адамның жағдайын сол жақта жүрген қазақтар естіп, өзге турфирма өкілдері көмекке келген. Олар Мединадан екі-үш күнге қонақүй жалдап, ары қарай Меккеге сапарын ұйымдастырып берген. Тіпті қасиетті Қағба маңынан бес күнге жатын орын алып берген. Ал елге оралатын уақыт таяғанда турфирма басшысы Медет Мұратбайұлы қайтар билет дайындап жатырмын деп, тағы да хабар-ошарсыз кеткен.

Турфирмаға алданғандардың нақты санын полицейлердің өзі айта алмай отыр. Себебі, бұған дейін ұша алмағандары бар, мерзімінен қалып ақшасын қайтара алмай жүргендерден өзге, алдағы ақпан айына ақша беріп қойған азаматтар да бар. Сондықтан қасиетті сапарға шығамыз деп сан соққандар саны күн санап көбейіп жатыр.

 Үкім үш жыл

Қарағандыда тұрғындарға жалған жолдама сатқан туристік фирма директоры үш жылға сотталды. 28 жастағы Ольга Пожематкина шетелге демалуға бармақ болғандардың 11 миллион теңгесін жинап алып, өз қажетіне жаратқан.

«Пожематкина Ольга Анатольевна ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-тармағының 1 және 3-пунктіне сәйкес кінәлі деп танылып, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жазасын орташа қауіпсіз режимдегі мекемеде өтейді. Осыған дейін үйқамақта болған ол сот залында ұсталып қамауға алынсын», –  деді судья Айгүл Мырзабекова.

Тергеу кезінде үйқамақта болған Ольга Пожематкинаға бұл үкім төбеден жай түсіргендей болды. Өйткені ол іс қозғалысымен күйеуімен ажырасып, жалғызбасты ана статусын алған. Емшектегі баласы да бар. Тіпті елге қарыз болып қалғанын айтып полицияға өз аяғымен барған. Сондықтан іс азаматтық сотқа ауысып, ары кетсе шартты жаза болады деп үміттенген. Алайда сот тергеуі оның алаяқтықты қасақана жасағанын дәлелдеді.

Сондықтан өзін қамауға алып, баласының тағдырын қамқоршы органдары шешсін деген қаулы шығарды. Елден алғанын тиынына дейін қайтару міндеттелді. Дегенмен зардап шеккендер қаражатына жылдам қол жеткізетініне сенбейді.

«2 миллион 580 мың теңге шығын келді. Үш балам, жолдасым бар, бес адам Түркияға барамыз деп үміттендік. Фирманың құжаттарын тексермей қателік жасадық деп ойлаймын. Ол фирмаға апамның айтуымен бардық, одан кейін ақшамызды толық төледік»,  –  дейді жәбірленуші Айсұлу Бекжігітова.

Міне, өстіп, сыртқа қонақ болып барамын деген бірнеше туристің қалтасын қаққан Ольга Пожематкина 3 жыл бойы ақша емес, бостандыққа шығатын күнді санайтын болды…

 «Уайымдама, үй алып беремін…»

«Уайымдама, үй алып беремін». «Қашан?». «Әкіматта отырмын, баспана деген қолда». Дәл осылай болмаса да, екі азаматтың арасындағы диалог осыған ұқсас өрбісе керек. Айтарымыз ашық болсын, Қарағанды қаласының Михайлов ПБ 31-жастағы қала тұрғыны жүгінген. Анықталғандай ер адамға пәтер керек болған және ол баспана алудың барлық мүмкін нұсқаларын зерттеген. Шешімін табатын бір адам бар екенін білген. Ол өзін әкімшілік қызметкерімін деп таныстырған адаммен хабарласқан.  Бейтаныс адам өзінің мүмкіншіліктерін айтып, қысқа мерзімде көмектесетініне уәде етіп көндірген. Сонымен қоса қызметтері тегін емес екенін меңзеген. Делдалға 2 млн 300 мың теңге беру керек болған. Мәселе іс жүзінде шешілді деп есептеген ер адам оған қажетті соманы береді. Ақшаны алғаннан кейін делдал байланысын тоқтатқан. Алданып қалғанын түсінген жәбірленуші полицияға хабарласқан.

Жедел-іздестіру шарасы барысында криминалдық полиция қызметкерлері кінәсін мойындаған 33-жастағы күдікті ер адамды ұстады.  Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер күдіктінің ҚР ҚК 190 бабы «Алаяқтық» бабы бойынша тағы бір ұқсас қылмысқа қатыстылығын анықтады. Сөйтсек, бұл пысықайымыз  пәтер алуға көмектесемін  деген сылтаумен тағы да басқа баспана іздеп шарқ ұрған  32-жастағы  қала тұрғынынан 1 млн 100 мың теңгені алып қалтаға басқан болып шықты.

Түйін. Иә, тез байып, шалқып өмір сүрсем дегендердің қандай болсын айлаға баратынына осы жазғанымыз дәлел. Олардың саны да артып келеді. Төрде тұрған дөңгеленген дүниеден хабар тарататын теледидардан да айтылады. Газеттер де жазып жатады, сайттарда да жаңалық болып жарқырайды. Айлакердің біреуі сотталып, темір торға тоғытылып жатса, екінші бірі сот залында үкім күтіп отыр. Үшіншісі әлі халықты қан қақсатуда. Дегенмен, алаяққа алданушы азаяр емес. Өз қолымызбен ақшаны шытырлатып санап берудеміз. Қайтпек керек?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз