Қаңлы мемлекеті

Б.з.б II ғасырдың екінші жартысындағы «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы» деп аталып кеткен тарихи оқиғалардың нәтежиесінде Орталық Азияда жаңа мемлекеттік бірлестіктер, соның ішінде Үйсін, Яньцай, Қаңлы мемлекеттері қалыптасты. Соңғысы Қазақстан тарихында елеулі рөл атқарды (К.Байпаков). Мемлекет аты алғаш рет қытай жылнамасы «Шы-Жи»-Даван лежуанда («Тарихи жазбалар»- Ферғана тарауы) жазылған «Қаң жуй го» деген атаудан алынған. Қаң жуй-қаңлы (орыс әдебиетінде «Кангюй»), го-«мемлекет» деген мағынаны білдіреді. Б.з.б II ғасырдың орта шенінде Іледен Әмударияға қоныс аударған даружылар (Ұлы юечжи) тайпаларынан бөлініп қалған рулардың Талас өзенінің бойында қайта бірігуі нәтижесінде құрылған (б.з.б II ғасыр-б.з V ғасыры).

Тұңғыш рет қаңлылар туралы мәлімет Қытай деректемелерінде аталады. Б.з.б 138 жылы император У-ди князь Чжан Цянь бастаған сауда елшілігін Батыс елдеріне аттандырды. Чжан Цянь 13 жылдан кейін оралды. Оның императорға жазған жолдамасында бұған дейін Қытайға беймәлім болып келген қалалық цивилизациялар мен көшпелі тайпалық одақтар сипатталды. Басқа елдердің ішінде Қаңлы да аталды. Аумағы шығысында – Талас пен Шудың төменгі ағысының аралығында, оңтүстігінде – Ташкент ойпатының, солтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысының аралығында орналасқан. Мемлекет билеушісі Дауанның (Ферғана) астанасы Эртли қаласынан солтүстік-батыста ірге тепкен Битянь шаһарында орналасқан (Айбын. Энциклопедия.А.,2011.484.).

Қаңлылар-қазақтың халық болып қалыптасуына ұйытқы болған негізгі тайпалардың бірі. Қытай патшалығының жазба деректемелеріне қарағанда, олар біздің заманымыздан бұрынғы III ғасырдан бастап әйгілі болған. Бұл қаңлы атауы б.з.б зороастризм дін кітабы «Авеста» деректері мен үнді халқының эпосы «Махабхарата» қолжазбаларының деректерінде де белгілі болған. Бұл деректерде «Кангха» түрінде берілген. VIII ғасырда орхон жазуымен жазылған «Күлтегін», «Білге қаған» ескерткіштерінде «Қаңғу-Тарбан» түрінде кездеседі. Тарбан деп Отырар қаласын айтқан. Кейбір деректерде «Қаңғар» деп те айтылады. Мұның бәрі «Қаңлы» атауының түрлі тілдердегі дыбыс өзгешеліктері. Ерте заманда Сырдарияның орта шені «Қаң», «Қан» деп аталған. «Қаңлы» осы Сыр бойын мекендеушілер деген сөз дейтін болжам да бар. («Қазақ совет энциколепиясы»,8.том., 456.б.). Сол кездегі ірі елдердің жазба деректерінде көрсетілуі қаңлы тайпаларының жай ғана ру-тайпалық деңгейде өмір сүрмегендігін, олардың мемлекеттік дәрежеге көтерілгенін байқатады.

Қытай авторлары Қаңлы туралы жазғанда оны көшпелі тайпалар мекендеген, бірақ қалалары бар үлкен мемлекет ретінде сипаттайды. Қаңлы билеушісінің өкіметі Каспидің солтүстік жағалауына дейін жеткен, мұнда оған Сармат, Алан тайпаларының одағы – Яньцай тәуелді болған. Орта Азияда Қаңлыға бес иелік: Сусе, Фуму, Юени, Ги, Юечань бағынышты болды. Қаңлының бес иелігі Сырдария өзенінің бойына былайша орналасқан: Юечань – Хорезм, Ги – Сырдарияның сағасы, Фуму – Жаңақорғанның солтүстік-батысынан Қазалыға дейін, Сусе – Сырдарияның орта ағысы, Арыс өзенінің аңғары, Қаратау беткейі, Юени – Ташкент жазирасы (Қазақстан тарихы. т.1.А., 1996.273.б.).

Ғалымдардың көпшілігі қаңлылардың түркі тілдес халық болғандығына күмән келтірмейді. Жапон ғалымы Сиратори: «Ежелгі қаңлылар тұрмысы, әдет-ғұрып және тіл жағынан қазіргі қазақтар еді» деп дәлелдейді. Қуатты мемлекеттік бірлестік болған. Қытай деректеріндегі Чжан Цяньнің хабары бойынша қаңлы тайпалары халқының жалпы саны – 600 мың, жауынгер жасақтарының саны – 120 мың адам. Қаңлы тайпалық одағының саяси тарихы туралы жазба деректер мардымсыз. Қаңлы бірлестігінің Хань империясына қарсылық әрекеті әуелден мәлім. Б.з.б 101 жылы олар Қытай әскерінің басқыншылық шабуылына қарсы ферғаналықтарға жақтасты. Ферғана-Қытай соғысы кезінде тек қаңлылардың араласуы ғана ферғаналықтарды қирап жеңілуден құтқарып қалған. Б.з.б 46-36 жылдарда Қытай империясына қарсы көтерілген солтүстік өңірдегі ғұндарға көмек беріп, б.з.б 85 жылы Шығыс Түркістан қалаларын иемденбек болған қытайлықтарға қарсы көтеріліске шыққан Сули (Қашқар) билеушісіне көмекке әскер аттандырады. Қаңлы саясатының басты бағыты – Ферғана арқылы Шығыс Түркістанға өтетін сауда жолына ықпалын сақтап қалу еді (ҚССР энциклопедиялық анықтама. А.,1980.151 б.).

Қытай деректерінде мемлекеттің жоғарғы билеушісі «Ваң» (патша) деп беріледі. Ол өзі өмір сүрген дәуірде саяси, әскери, шаруашылық билікті тікелей қолында ұстаған. Одан кейінгісі «Фу ваң» (орынбасар патша) билеушінің мұрагері әрі бас қолбасшы болған. Үшіншілері «Гуй рын», төртіншілері «Унху», бесіншілері «Вань Ху» деп аталады. Яғни мемлекетте жоғарыдан төмен қарай (вертикаль) түзілетін өкімет орнатылған. Жүйе үнемі жетілдіріліп отырған. Мемлекет аумағының ұлғая түсуіне байланысты ел беске бөлініп, оларды патшаның ұлдары басқарып, қытай деректерінде «Шао ваң» (кіші патша) аталған (Ұлы Дала мемлекеттері. А.,).

Дегенмен сонау ескі замандарда мемлекеттердің де күні шығып, батып тұрған. Қаңлы мемлекетінің күні V ғасырда біржолата батып Эфталит (Ақ ғұн) мемлекетінің құрамына енді. Бұрын қаңлыға бағынышты Сармат, Алан тайпалары біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Каспидің солтүстік жағалауында үстемдік алып, «Яньцай иелігі Алан» аталды. Деректемелерде көрсетілгеніндей, әдет-ғұрпы мен киімі жағынан қаңлылардың сарматтар мен аландардан айырмашылығы болмаған. Бірақ, қаңлы атаулы халық жойылып кеткен жоқ. VI ғасырдағы (568 ж.) Византия елшісі Земарх, ХIII ғасырдағы (1253 ж.) Плано Карпини Қаңлылар жерінен өткендігін жазады. Көп бөлігі оғыздар мен бірге Кіші Азияға, кейінірек Шайбани әулетімен Мауереннахрға кеткенімен, бір бөлігі Жошы мемлекетінде қалды, XV ғасырдың ортасында Қазақ ордасын құрған тайпалардың бірі болды.

Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларындағы Қаңлы тайпалырының діни түсініктері жайындағы мағлұмат аз. Тек археологиялық материалдарды талдау арқылы ғана кейбір пікір түюге болады. Ыдыстарға, қыш заттарға салынған күннің символы (крест, күннің таралған сәулелері) түріндегі таңбалар табиғат күштеріне, күнге, күн құдайына табынушылықты көрсетеді (К.Байпаков). Өлген адамдармен бірге жерленген құрал-сайман, қару-жарақтар, сәндік әшекей бұйымдар, олардың о дүниеге табынғанын, ата-баба әруағына сиынғанын байқатады. Қаңлылар табиғаттан тыс құдыретті күш бар деп сеніп, құрбан шалған.

Қаңлыларда ертеде жазу-сызу дәстүрі де болған. Олар айыпкерлерді жазалау үшін хан сарайында сақталатын заңдар жинағына сүйеніп отырған. (Я.Бичурин). Бұл деректе: «осы заң бойынша қылмыстыларды жазалайды. Өрескел ауыр қылмыс жасағандардың тұқымы құртылады. Одан соңғылары өлім жазасына үкім етіледі. Ұрлық істегендердің қолы кесіледі» дейді. Бірақ, бұл жазудың түпнұсқасы тарихта сақталмаған. XIII ғасырда «Қаңлы тілінің сөздігі» жасалған. Кейінгі зерттеушілердің айтуына қарағанда, сөздіктің авторы Мухаммед ибн Қайыс деген тіл ғалымы екен. Археологиялық зерттеулер арқылы ашылған «Жетіасар», «Алтынасар», «Қауыншы», «Ақтөбе», «Алтынтөбе» және Отырар сияқты қаңлылардың елді мекені, қала қорғандарының жұрттары белгілі. Қалалар қолөнер кәсібі мен сауданың орталықтары болды. Қаңлылар өрмекпен жүн, мата тоқыған, алуан түрлі қыш ыдыстар істеген. Қоладан және темірден өндіріс құрал саймандары мен қару-жарақтар жасаған. Қаңлылардың қабірлерінен әдетте қанжарлар, семсерлер, пышақтар, жебелердің ұштары, сауыт табақшалары, темір тоғалар, шегелер, ілмектер, қапсырмалар табылды. Алтын мен күмістен сақина, сырға, білезік алқа тағы басқа да алуан түрлі әшекейлі сән-салтанат бұйымдарын жасаған (Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. А.,1994.94. б.).

Қаңлылар сол дәуірде мал шаруашылығымен айналысқан (сиыр, жылқы, қой, ешкі ұстаған), суармалы ойпаттарда дәнді дақыл егіп, бау-бақша өсірген. Қазба жұмыстарын жүргізу барысында елді мекендердің ескі жұртынан бидай сақтаған ұралар, қол диірмен, астық пен бау-бақша өнімдерін сақтайтын құмыралар табылды. Қаңлы мемлекетінің қалалары мен қоныстарында мыс теңгелер соғылып, сауда айналымына түсіп отырған. Теңгелер шығарылған негізгі аймақ – Ташкент (Шаш) алқабы. Қаңлы мемлекеті Иран, Үндістан, Сирия, Қытай, Кавказдың бергі жақ бетімен, Риммен тығыз қарым-қатынаста болған.

Қаңлы қоғамы туралы айта отырып, олардың рулық қатынастар ыдырап, ерте таптық қатынастардың және феодалдық мемлекеттің қалыптасуы кезінде өмір сүргенін атап көрсету қажет. Бұл кезеңді ескі қоғамдық қатынастарды жоққа шығарып үлгермеген жаңа қатынастармен сипатталатын өтпелі уақыт ерекшелендіріп көрсетеді.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз