Аңсаған сәбидің дауысы

Бұрынғының қып-қызыл аңызы, қазіргінің ақиқаты мен шындығы. Ең әуелі 2000 жылдардың бастауында келе бастаған мұндай түсінік. «Қазір баланы қолдан ұрықтырады екен» дегенді айтқанда ауылдағы ағайын аттан аунап құлайтын жағдайлар да кезіккен. Десе де, кезі келіп, бұл үрдіс өмір шындығына, күйбеңнің кезекті көрінісіне аяқталды.

Құрсағына құт қонбай, құшағына қырау қатқан қанша ананың бағы ашылды бұл ғылыми жаңалықпен. Менталитет, тәлім, түсініктің бәріне тоқтау болды бұл үрдіс ақыр соңында.

Керек десеңіз ділді былай қойып дін де бұған үкім шығарды. Содан үзінді берейікші. Қаумалаған жұрттың көмейінде бір сауал жүрді.

«Нәрестені ЭКО жолымен дүниеге әкелу дінге қайшы ма, яғни Алланың әміріне қарсы келу емес пе?», деген. Сала мамандары бұған былай деп ресми жауап берген екен:

«Уа, Алланың құлдары! Емделіңдер. Расында Алла әрбір дертті дауасымен қоса жаратты» (Әбу Дауыт риуаяты). Бірақ емделудің бұл жолы шариғат аясында болуы тиіс. Яғни, жүкті болуға қажетті «шәует, әйелдің жұмыртқа клеткасы және жатыр» бәрі бірдей бір ерлі-зайыптылардікі болу керек. Сол кезде ғана рұқсат етіледі. Егер бұл шарттары орындалмай, бөгде әйелдің жұмыртқа клеткасы немесе өзге ер кісінің шәуеті немесе жұмыртқа клетканы өзге әйелдің жатырына қондыру арқылы іске асса, онда ол шариғат бойынша харам болады. Бұл жолдардың кез-келгені зинаның бір түріне жатады» – делінген.

Енді ғылымға оралайық. Бұл қанша дегенмен сол ғылымның туа бітті меншігі ғой. Енді кезекті мәселе. Құрсағына құт қондырғысы келетін аналар қанша? Ал оның құны сөредегі сусыннан едәуір қымбат екені белгілі. Сондықтан Мемлекет өз кезегінде қамқорлық ретінде «Аңсаған Сәби» бағдарламасын ұсынған еді. Демек, кез келген ерлі-зайыпты мемлекеттік квота арқылы осы жетістікке жете алады.

Жоба аясында Қарағанды ​​облысында биылғы жылы ЭКО-ға 403 квота бөлінген екен. Қымбат процедураларды медициналық сақтандыру қоры төлейтінін айтып, өз мойнына алып отыр.

Облыста тұратын ерлі-зайыптылар республикадағы кез келген емхананы таңдай алады. Қарағандыда экстракорпоралды ұрықтандыру процедураларын «Аңсаған Сәби» бағдарламасына үшінші жыл қатысып жатқан «Ақжан» емханасы жүргізеді.

Қарағандылық емхана өткен жылы МӘМС аясында ЭКО-ға 101 квота алса, биыл – 214 квота.

«Барлық бағдарламалар уақытында орындалды. Жүктілігі бойынша 40 науқас тіркелді. Жеті жұп бақытты ата-ана атанды, сегіз дені сау сәби дүниеге келді. Бағдарламаның түпкілікті нәтижесін 2023 жылдың соңында білетін боламыз», – дейді «Ақжан» емханасының ЭКО бөлімінің меңгерушісі Евгения Лапина.

«Ақжанға» Қарағанды ​​ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінің тұрғындары өтініш бере алады. Медициналық ұйым барлық түрдегі бедеулікті емдеумен айналысады.

«Медициналық сақтандыру қоры биыл ЭКО процедураларына 373,8 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бір ЭКО процедурасының құны 1,06-дан 1,227 миллион теңгеге дейін өзгереді», – деп хабарлады медициналық сақтандыру қорының Қарағанды ​​филиалы.

Айдар СҮЛЕЙМЕН

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз