Ақтеректегі Ахмет мектебі

Өркениетке бізге қарағанда ерте жеткен Еуропа елдерінде ескінің көзі саналатын тесік моншақ табылса да жаңалық саналып, жаһанға жар салады екен. Ал, бізде ше? Ұлылардың табаны тиген, маңдай тері сіңген мұраларды лайықты деңгейде қорғай алдық па? Жеріне жеткізіп насихаттадық па? Мәселен, ХХ ғасырдағы Азаттық қозғалыстың алтын бесігі іспетті Қарқаралы ауданын алып қарайықшы. Мұнда Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейхан білім алған мектеп бар. Қазір, киім-кешек сататын дүкенге айналып, жекенің қолына өтіп кеткен. Аудан орталығының дәл іргесіндегі Ақтерек деген алақандай ауылда Ахмет Байтұрсынов ашқан мектеп бар. Ауыл халқы Ұлы ұстаздың табаны тиіп, маңдай тері сіңген мектеп ғимаратын кие тұтып, көзінің қарашағындай қорғап, бүгінге дейін аман-есен жеткізген. Қазір мұнда мектепке дейінгі балалардың шағын орталығы мен кітапхана орналасыпты. Толығырақ тарқатсақ…

Ағаш үй

Ахаң дәріс берген тарихи орынды іздеп, Ақтерекке арнайы келдік. Ауылға кіреберісте отын-судың қамымен жүрген бір азаматты тоқтатып, жөн сұраған едік: «Осы көшемен тауға қарай тура өрлей берсеңдер, жолдың оң жағында ағаш үй тұрады. Ахаңның мектебі сол» деп сілтеп жіберді. Айтқандай-ақ, қарағайдан қиылып, көк боямен сырланған мектептің дәл алдына барып, көлігімізді қаңтардық. Бірнеше ғасырдың куәсі болған ғимарат бүгінге дейін сыры кетпей, әдемі сақталған екен. Жоғары деңгейде көңіл бөлініп, жақсы күтім көргені көрініп тұр. Маңдайшасына: «Бұл үйде 1904-1908 жылдары Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынов ұстаздық қызмет жасаған» деген тақта орнатылыпты.

Бізді осы ғимаратта орналасқан кітапхана меңгерушісі Гүлден Ажакова мен Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің директоры Светлана Әбенова күтіп алды.

– Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Ахмет атамыз қызмет еткен киелі ғимарат қой бұл. Қазіргі таңда мұның 2 бөлмесінде ауылдық кітапхана орналасқан. Қорымызда 8592 кітап бар. Қорымыз ұдайы жаңартылып, жаңғыртылып тұрады. Біз кітапхана ғана емес, музей қызметін де атқарып отырмыз. «Осы жерде Ахаңның мектебі бар екен» деп арнайы іздеп келіп, ат басын бұратын азаматтар көп. Сонау Торғайдан, Ақтөбеден адамдар келіп жатады. Олардың арасында ұстаздың туыстары да бар, – дейді Гүлден Ажакова.

Көне мектептің оң қанаты кітапхана болса, ортаңғы бөлігінде мектепке дейінгі балалардың шағын орталығы орналасыпты. Балалар кішкентай күндерінен бастап Ахаңның мектебінде тәлім алып, бойларына туған жерге деген махаббат пен ұлттық руһты сіңіріп шығады екен.

– Ахмет Байтұрсыновтың Ақтерек ауылында тұрып, бала оқытқаны – біз үшін үлкен мақтаныш. 1993 жылы ауыл мектебіне ұстаздың есімі берілді. Ағаш үйдің өзіне күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Бүлінген тұстары қайта қалпына келтірілді. Биыл Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы аясында үйдің бір бөлмесінен мұражай ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда аудандық мәдениет бөлімі қажет қаражатты бөлу және жоспарлау жұмыстарын ұйымдастырып жатыр, – дейді мектеп директоры Светлана Әбенова.

Мектеп-медрессенің тарихы

Ағаш үйдің нақты қашан ашылғаны және кім ашқаны туралы дерек жоқтың қасы. Әттең-ай, дейтін тұсымыз да сол. Алаш баласы үшін ардақты тұлға еңбек етіп, өмірінің бір бөлігін өткізген орын күні бүгінге дейін толық зерттеліп, зерделенбеген, тиісті деңгейде насихатталмаған. Ұлттық мұра ретінде ұлықталуы тиіс тарихи ескерткіш аудандық мәдениет бөлімінің балансында тұр.

Бұл мектептің негізін Ақ патшаның заманында Ахмет Байтұрсынов қалаған. Ақтеректегі білім ошағы – Қарқаралы жерінде ашылған алғашқы қазақ-орыс мектеп-интернаты. Жергілікті халық оны медрессе атандырыпты.

1991 жылы белгілі ғалым Ақжан Машани осы ауылға арнайы келіп, Ұлы ұстаздың табаны тиген жерге тәу етіп, жұртшылықпен кездескен екен. Сол кезде Ахмет Байтұрсыновтың медресседе 1905-1908 жылдар аралығында еңбек еткенін айтқан.

Ахаң Қарқаралы жерінде ұстаздық қызмет ете жүріп, саясат ісіне де белсене араласады. Патшалық үкіметтің отаршыл саясатын сынап, революциялық қозғалысқа арасады. Соның бір айғағы – 1905 жылы бір топ қазақ оқығандары қол қойып, патша үкіметі жолдаған атақты «Қоянды петициясы». Онда қазақ халқына әлеуметтік теңдік беру, жер бөлісінде тұрғылықты халық мүддесінің ескерілуі, оқу-ағарту ісін жолға қою тәрізді бірқатар талаптар қойылған.

Тағы бір айта кетерлігі, ел арасындағы анықталмаған аңыз-әңгімелерде Ақтеректегі Ахмет мектебінде Әлімхан Ермеков сынды тұлғалар білім алғаны айтылады. Мектеп-медрессені тәмамдаған шәкірттердің бөлігі ішкі Ресейге барып, Мәскеу, Петербург тәрізді ірі қалаларда білімін жалғастырған екен.

Алаш арыстары қуғындалып, қызылдар үкіметі орнаған соң Ақтеректегі Ахмет ізі біраз уақытқа дейін ұмытылды. Халық жадында болса да, ұзақ уақыт бойы ашық айтылмай, тұншықтырылып келді. Сол жылдарда мектеп жабылып, ғимарат совхоздың шаруашылық кеңсесі ретінде қолданыста болыпты. Одақ ыдырап, аласапыран басталған кезде ауыл халқы білместікпен ғимаратты тонап, біршама зақым келтірген екен. Әйтсе де, ауыл азаматы Жеңіс Рақышев түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жан-жақтан көмек сұрай жүріп көне ғимаратты бұзылып кетуден аман сақтап қалған.

– 1991 жылы атақты ғалым, профессор Ақжан Машани Қарағайлыға келіп, Ақтерекке келген ғой. Ол кезде ағаш үй кеңсе болған. Сол кісі бұл үйде Ахмет Байтұрсыновтың сабақ бергенін айтып кеткен. Әйтпесе, біз оны білмейтін едік. Содан көп ұзамай жекешелендіру басталып, совхоз тарады. Бұрын ортақ мүлік болған дүниелер тонала бастады. Біреуі есігін, екіншісі терезесін алып кетті дегендей. Алған кісілердің бәрін танимын. Оларға: «Әй, бұл әруақты кісі. Ертең жаманшылыққа ұшырайсыңдар» дедім. Сөйтіп, «лесхозға» барып, көмек сұрадым. Ол қиын заман еді ғой. Әйтеуір «лесхоз» басшысының қолдауымен бұзылған үйді қайта қалпына келтіріп, есік-терезесін салып қойдық. Бос тұрмасын деп бір бөлмесіне кітапхана аштық, бір бөлмесін балабақшаға, бір бөлмесін медпункт қылып қойдық, – дейді еңбек ардагері Жеңіс Рақышев.

Бір «әттеген-айы» сол, Алаштың ардақты азаматының ізі қалған тарихи орын күні бүгінге дейін тиісті деңгейде зерттеліп, лайықты насихатталмаған. Ақтерекке арнайы барған соң ағаш үйдің тарихы туралы еңбектерді іздеген едік. Алайда мардымды ақпарат таппадық. Ахмет Байтұрсыновтың Қарқаралыдағы өмір жолының толық зерттелмегенін «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы да растады.

– Кезінде Қарқаралының 190 жылдығы тойланғанда Ахмет Байтұрсынов есімі еленбеді. Ол кісі – азаттық жолындағы күресін осы Қарқаралы топырағында бастаған адам. Орыстар Санкт-Петербургке «Революция бесігі» деген баға береді. Ал, біздің ойымызша Қарқаралы – қазақтың ХХ ғасырдағы азаттық қозғалысының бесігі. Демократиялық ой-пікірдің қалыптасқан орталығы. Сол орталықта мектеп ашу арқылы баланың санасын оятып, азаттық қозғалыстың не екенін көрсеткен тұлға екенін қарастыруымыз керек. Ахмет Байтұрсыновтың саяси көқарасының қалыптасуы осы Қарқаралымен тығыз байланысты, – дейді Нұрсахан Ахметқызы.

Ғалымның айтуынша, ұлт ұстазының саяси аренаға шығуына Олектровтың жолдамасы бірден-бір себеп болған. Сол жолдамамен Қарқаралы жеріне келіп, өңірдегі тұңғыш қазақ-орыс мектеп-интернатын ашады. Оқулықтар жазып, патша үкіметіне петиция жолдауға атсалысады. Нұрсахан Ахметқызының айтуынша, Алаш арыстарын зерттеу ісі әлі де кенже қалып келеді. Мәселен, Қарқаралыда Әлихан Бөкейхан тәлім алған мектеп бүгінге жекеменшіктің қолындағы дүкен болса, Ахмет салған мектеп ескерусіз, насихаты кемшін түсіп тұр.

– Бұл мектепті, Қарқаралының білім бөліміне бере салған дұрыс емес. Ол мемлекеттік қорғауына алынуы керек. Мектептің әрбір тасы өткен күннен сыр шертіп, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беруі тиіс. Бізде науқаншылдық басым ғой. Соған салынып, 150 жылдық мерейтойын бос жиын-тоймен өткере салмай, терең ғылыми талдау жүргізу қажет. Әрі-беріден соң сол мектепте білім қандай тәсілмен берілді? Қандай азаматтар оқып шыққанын анықтау қажет, – дейді Нұрсахан Ахметқызы.

Алақандай ауылдың ауқымды мәселесі

Ахмет мектебі орналасқан Ақтерек ауылы Қарағайлы кентінің бөлімшесі саналады. Қырыққа жуық түтіні бар шағын ауылдың қордаланып қалған мәселесі тым ауқымды екен. Арнайы келген соң, халықтың мұң-мұқтажын да айта кеткенді жөн көрдік. Яғни, ауыл халқы ХХІ ғасырда тұрса да ұялы байланыс пен интернет желісіне қосылмаған, ауыз суды бұлақтан тасып ішуге мәжбүр. Жайылымның аздығы, жолдың нашарлығы – өз алдына бөлек тақырып.

Әрине, Ақтерек ауылының басындағы мәселе елдегі басқа ауылдарда да бар. Әйтсе де, дәл осы ауылдың жайы бөлек. Мұнда ұлттың құнды жәдігерінің бірі – Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов сабақ берген мектептің ғимараты тұр. Ауыл халқы Ахаңның табаны тиген жерді киелі санап, құлатпай, күтіп-баптап сақтап отыр. Өсіп келе жатқан балалардың бойына да сол арқылы туған жер мен елге деген сүйіспеншіліктің нәрін сеуіп келеді. Әрі бұл жердің табиғаты да керемет. Қарқаралының қарағай орманды тауы қоршап жатыр. Табиғи сұлулыққа көрген адамның көзі тояды. Құтты жер жәннаты дерсің. Алғаш келіп, табаны тиген адам сондай сезімде болады. Десек те, ауыл тұрмысының қиындығын көргенде түңіліп кетесің.

– Суды 1.5 шақырым жердегі бастаудан аламыз. Адам да мал да сол суды тұтынып отыр. Мал ішкендіктен бергі беті лайланып кетеді. Ауыз суды бастаудың жоғары жағынан алып жүрміз. Ілдебайлап әкелген суды барынша үнемдеп пайдаланамыз, – дейді ауыл тұрғындары.

Мұнда су мүлдем жоқ та емес. Қайбір жылдары ауыл ішінен 5 жерден бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, таза судың көзі табылыпты. Енді соны көшеге тартып, жердің бетіне шығару керек. Алайда, аудан басшылығы уәде бергенімен, іс жүзінде ештеңе істеп отырған жоқ екен.

Ауылда жұмыс жоқ. Тұрғындардың бір бөлігі тоғыз жылдық мектепте мұғалім болып табыс тапса, шамасы келгендер іргедегі Қарағайлы мен Қарқаралыға барып-келіп жұмыс істейді. Басқа халықтың күнкөрісі малға қарап қалған. Оның да машақаты көп бірақ.

– Малды тауға қарай апара алмаймыз. Орман шаруашылығына қарасты қорықтың жері. Мал түссе, айыппұл жетіп келеді. Жазыққа тағы жібере алмаймыз. Жердің бәрін жұрт меншіктеп алған. Біреулер егін салады, келесілері шабындыққа пайдаланады. Қолдағы азғантай қараны ауыл іргесінен ұзатпай, қу тақырға жайып жүрміз, – дейді ауыл тұрғыны Бекзат Жолтаев.

Ауылдың тағы бір мәселесі – байланыс. Таудың қуысындағы ауылда ұялы байланыс ұстамайды, сәйкесінше интернет жоқ. Оқушылар онлайн сабақ кезінде күннің суығына қарамай тау-тасты кезіп кетуге мәжбүр болған.

Биыл Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толады ғой. Ахаңның табаны тиген, дәріс берген мектептерінің сақталып қалғаны осы Ақтерек ауылында тұр. Былайғы жұрттың тілегі де мерейтой аясында ауылға көңіл бөлінсе, қордаланған мәселені шешіп берсе дегенге саяды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз