Ғабиден Мұстафин кентіне қашан көпір салынады?

Ғабиден Мұстафин кентінің тұрғындары іргедегі Теміртауға мұз қатқан өзеннің үстімен барады. Айналма жол алыс болған соң ел осындай тәуекелге баруға мәжбүр. Ал жаяу жүргіншілерге арналған өткел қазір апатты жағдайда тұр. Былтыр жыл соңында мұз жарылып, екі көлік су астына кеткен болатын. Екі жігіттің жанқиярлық ерлігінің арқасында ғана адам шығыны болмады, ол кезде. Әйтсе де, жұрт мұз үстімен жүруін тоқтатпаған. Сонымен жаңа көпір қашан салынады?

еміртау мен Ғабиден Мұстафин ауылын байланыстыратын жалғыз көпір бар. Оның өзі апатты жағдайда тұр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Әбден ескіргендіктен, жуырда мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Себебі қазір елді мекендегі 4,5 мың халықтың тең жартысына жуығы дәл осы металлургтер шаһарында еңбек етеді. Теміртауға күнделікті қатынауға мәжбүр.
Ауыл іргесіндегі өзеннің арғы бетінде аялдама бар. Сол жерге күніне бір мезгіл автобус келеді екен. Бірақ ескі көпірдің тіреулері осыдан 7 жыл бұрын су тасқыны кезінде сыр берген. Өзен деңгейі көтерілген кезде жұрт жанын шүберекке түйіп өтеді. «Биыл да Нұраның арнасы қалыпты жағдайдан 1,5 есеге асып тұр», — дейді мамандар.
— Теміртауға мына апатты көпірмен өту қиындау. Енді көп кісілер бала-шағамен, жас балалармен өтеді. Автобусты көп күтеміз. Автобус графикпен жүреді. Көпір салса өз көлігімізбен жүреміз. Сосын маршрутты автобус жіберсе, жаяу жүрмей қалаға тура жетер едік, — дейді Ғабиден Мұстафин кентінің тұрғыны Нұрлан Жабаев.
Ауыл Теміртау қаласынан небәрі он шақырым жерде орналасқан. Ал айналма жолмен барса 7 есеге қашық. Ақшасын және уақытын үнемдеу үшін тұрғындар қазір өзенді көліктерімен кесіп өтіп жатыр. Абырой болғанда мұз қалың. Бірақ көктем қыр астында.
Ал, Бұқар жырау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ерсін Жүнісбеков болса, мұз үстімен жүретін көліктер жазаланады деп отыр.
— Жүруге болмайды ғой, жабық ол жердің бәрі. Знактар тұр өтуге тыйым салынады деген. Ондай жағдайлар болса әрине өтіп жатқан көлік иелерін әкімшілік жазаға тартамыз, — дейді ол.
Қазір ауылда автокөлікке арналған үлкен көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ұзындығы 151, ал ені 10 метр болады. Екі жағында жаяу жүргіншілерге арналған жол бар.
— Қазір ұзындығы 12 метр болатын сыналарды жерге қағып жатырмыз. Кейін бетон құйып, 6 сынадан бір тіреу жасаймыз. Барлығы 7 тіреу болады. Жүк тиеген 100 тонналық көліктерді де көтереді деген есебіміз бар, — дейді мердігер Рүстем Тұржанов.
Құрылысқа қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. 2024 жылы қолданысқа беріледі.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз