АКАДЕМИКТІҢ ҚАРЫНДАСЫ Айнагүл Жапарова Теміртауда тұрады
«Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген тәмсіл темірқазық тектес тұлғаларға арналып айтылған ғой, сондай ерекше жандардың бірі де бірегейі «Қазақтың Қанышы» атанған сұңғылы Сәтбаев десек шындыққа шақ келеді. Тарихтың талай тар жол тайғақ кешуіне тап келсе де рухы сынбай, үміті үзілмей, үнемі алға ұмтылған академик Қаныш Имантайұлының туғанына 125 жыл толып отар.
Бұл есімді исі қазақ жақсы біледі, тек қазақ қана емес, оның ілім-біліміне, болмысы мен бітіміне талай рет шетел де тәнті болған. Қаныш Сәтбаев десек көз алдымызға үлкен Жезқазған, кең даланың қойнауын кеулеп, бұрғы бойлатқан геолог келеді. Сол өңірде туып өскендіктен ол кісі туралы ел аузындағы әңгімелер көкейімізде жатталып қалды. «Қаныштың экпедициясына қатысты, Қанышқа атқосшы болған» деп ауылдағы жолсеріктерінің өзін құрметтеуші еді үлкендер. «Ақшал деген жерде бай кен қоры бар, бірақ оны ашуға болмайды, келер ұрпаққа қалдыру керек» деп айтқан Қаныш деген сөздер әлі күнге құлағымды. Атағы әлемге әйгілі академик тек Жезқазған емес, қазақ жерінің түкпір-түкпірін зерттеді. Арқада ұлы ғалымның табаны тимеген, өз қолымен қазбаған, өз көзімен көрмеген тау, төбесі кем де кем. Өзіміз тұратын шаһардағы металлургия өндірісінің бастауында да Қаныш Сәтбаев болғаны мәлім. Осы орайдаы сөзімізді тірілту үшін Теміртаудың байырғы тұрғыны, академиктің жиен қарындасы Айнагүл Жапаровамен тілдесуді жөн көрдік. Қаламгерлік қызығушылықпен бұрын да ол кісімен таныс-біліс едік. Қаныштың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында тағы бір рет әңгімелессек деген ниетімізді қабыл алған ол әдеттегідей жылы жүзді қалпымен қарсы алды. Оқырмандарға түсінікті болу үшін алғашқы сауал Айнагүлдің академикке туыстық жақындығы жайында өрбіді.
– Имантай атамыз көп ағайынды болған, соның бірі Әпсалям деген бауырынан менің анам туады, толық аты-жөні Сәтбаева Фатхан Әбсалямқызы. Өткен ғасырдың елуінші жылдары ғой, Қаныш атамыз КСРО Жоғарғы Кеңеснің депутаты кезі, мен өмірге келіп, қырқымнан шығау рәсімі болғанда үйге келіп, құттықтап, домбыра шертіп отырып, «Жаңа ғана Самарқанда болдық, оның атын Теміртау деп өзгерттік» деген екен. Қаныштың табаны тиген жер ғой, саған да құтты қоныс болар деп ырымдаған еді»,-деді Айнагүл.
Қаныш Имантайұлының бейне жазбаларын көре отырып, ұлы тұлғаның шыққан тегі, туған-туыстары туралы дерекке біраз қанықтық. Қаныштың әкесі Имантай он саусағынан өнер тамған шебер ұста болыпты. Айнагүл әлі күнге дейін сол кісі жасаған сақина, түйме, платина жүзді пышақ, ұршық, бесік сияқты заттарын тарихи жәдігер ретінде сақтап отыр.
– Ата-анамыз біздің Қаныштай танымал тұлғаға туыс екенімізді айта қоймайтын, бесінші сыныпта оқып жүргенде мектепте сол кісі туралы үлкен бір жиын болып, қатты әсерлендім. Осындай талантты кісі туралы естігенімді үйге айтып келдім, сол кезде ғана анам маған Қаныштың Имантаймен туысқан Әбсалям деген бауырының қызы екенін жеткізді.
Мүмкін, бұл Алаш қайраткерлерімен сыйлас болғаны, қолдап-қуаттағаны үшін елуінші жылдары Қаныштың саяси қуғын-сүргін құрығына ілігуінен сақтанғандары болар, мүмкін, академиктің туысымын деп дандайсып, мақтанып кетпес үшін де үлкендер солай еткен болар.
Қаныш Сәтбаев қайтыс болғанда Айнагүл 1-сыныпта оқитын, сабақтан келгенде анасы «бауырым, бауырым» деп жылап отырды. Келесі күні тез-тез жиналып, Әбсалямның ұлы Тәрімзмиден туған Нәдира Сәтбаева апасы екеуі Алматыға жол тартты.
Академик тұрсын қазір бір шенеуніктің, не депутаттың атын пайдаланып мансабын көтеретіндер баршылық. Айнагүл Жапарова өзі оқыған медицина мамандығы бойынша қарапайым ғана емханада, тамақ өнеркәсібінде химик-биолог болып еңбек еткен, кейінірек Алматыда мүфтияттағы діни курста білім алып, Ислам жолына бет бұрып, бес уақыт намаз оқып, қажылыққа барып келді. Киелі әулеттің ұрпағы А.Жапарованың бойында көріпкелдік, емшілік, сезгіштік қасиеттер де қонған. Осы шаңырақта Сәтбаймен бірге туысқан Жәміннің Мағазынан өрбіген Бибікен апаның ұлы Бекет есімді ақсақалмен танысудың сәті түсті, ол кісі де Теміртауда тұрады. Рамазан айының құрметіне бөле қарындасына амандаса келген жолы екен.
– Қанышты бірнеше рет көрдім, ол кісінің Баянаулыға әр келуі ерекше мереке болатын, ауыл тегіс дайындалып, маңайды тазалап, малдарын сойып күтуші еді. Қасында үлкен-үлкен танымал тұлғалар болатын. Бірде жазушы Мұхтар Әуезовпен келгені есімде, 1937 жылы үш айлық кезімде әкемді «халық жауы» деп бір түнде ұстап алып кеткен. Сосын анам бізді алып, Қарағандыға қарай қоныс аударды,-деген Бекет ақсақал нағашысының елге келгенде Бибікеннің құрт-майын, ірімшігін, арнайы сақтаған сүр қазысын сүйсіне жейтінін де әңгімелеп берді.
Қанекең туған жеріне келгенде Алматыдан түрлі ағаштардың көшетін ала келіп, егеді екен. Қазір Баянауылдың Үлгі бөлімшесінде академиктің өз қолымен әкеп отырғызған ағаштары үлкен бау-саябақ болып жайқалып тұр. Көлемі аз емес, қаланың кішігірім бір көшесіндей болып қалады. Бұған дейін академик туралы естілмеген тағы бір жағымды жаңалықты жеткізген қарияның сүйікті ермегі кітап оқу екен. Келген сайын Айнагүлден түрлі кітаптарды көтеріп кетеді, бір қызығы жасы 87-ге келсе де, көзілдіріксіз оқиды, құлағының сәл ауырлығы болмаса, бетін де әжім торламаған, әп-сәтте өмірбаянын бір парақ қып жазып берді. Әдемі қартаю деген осындай болар деп ой түйдім іштей.
2003 жылы күзде Қарағандыда Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды, сол жолы ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, ақын, республикалық Қ.Сәтбаев қорының Президенті Кәкімбек Салықов даналыққа тағзым етіп:
Төрінде Сарыарқаның Қарағанды,
Жұлдызың баяғыдан дара жанды.
Қаласың қаныш аға нұрыңды ашқан,
Еңбегің бүгін сәтті бағаланды,-деп жырлаған-ды.
– Осы салтанатқа менің анам Фатхан, Нәдира апам, жан-жақтан келген көптеген ағайын, нағашы-жиендер қатысты.Ол кез академиктің 105 жылдығы қарсаңы еді, содан бері жиырма жылдай уақыт өтті. Бірақ халықтың ұлы тұлғаға деген ілтипат-құрметі азайған емес. Жер-жерде академикке арналған түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Жезқазғаннан «Қаныш Сәтбаев жолымен» экспедициясы аттанбақ. Біздің Теміртауда да әрбір мәдениет, білім ордаларында еске алу, кездесулер өтуде. Бірақ Қаныштай жан-жақты кесек тұлғаны дәріптеу, ұрпаққа ұлағат ету осындай ұсақ-түйекпен шектелген көңілге кірбің ұялатады. Теміртаудың басты көшесі Металлургтер даңғылында қасқиып Қаныш ескерткіші тұрса қанекей, – дейді Айнагүл Жапарова.
Сәтбаевтанушы Медеу Сәрсекеев өз зерттеуінде Қаныштың тоғызыншы атасы атақты Бұқар жырау екенін дәлелдеді. «Тектілік текке кетпейді» дегеннің растығына алыстан уәж іздемей, қасымыздағы Айнагүл Жапарованың өмірінен бір тағлым тануға болады. Қазақ әйеліне тән инабат, ілтипат, табиғи сұлулық, ашықтық, жайдарылық, қонақжайлылық сияқты керемет қасиеттермен баурап алып, ұлы тұлға – қазақтың Қанышы туралы баппен егжей-тегжейлі баяндаған әңгімесіне сусындап, жанға жайлылық, жүрекке ризалық тапқан қалыпта қоштастық.
Серікгүл АЛТАЙБАЕВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі