Қала қақпасындағы «СССР» ысырылды

Қазақ металлургиясының қарашаңырағы саналатын Теміртау қаласының кіреберсінде «СССР» сөзі менмұндалап, жарқырап тұратын. Иә, күні кешеге дейін осы сөздің төңірегінде даулы пікірлер айтылып келді. Алып тастауды сұраған қоғам белсенділері баспасөз арқылы да, желідегі парақшасында да жиі жазатын. «Бұл – тарих» деген уәжді алға тосып, алып тастауға табандап қарсы тұрып алғандар да көп болған. Соңында тарихи әділдік салтанат құрды. «СССР» сөзі таңбаланған ордень тұғырдан түсті.

Әлгінде атап өткеніміздей, бодандық дәуірдің куәсіндей болып тұрған жазуды жою мәселесі аз айтылған жоқ. Десек те, ең соңғы болып көтергендердің бірі қоғам белсендісі, саясаткер Мұрат Әбенов болды. Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында облыс әкіміне үндеу жариялап, кіре берістегі жазуды құртуды сұраған-ды.

«Кеңес одағын аңсаған кімдер? Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек неге назар аудармайды? Қашаңғы қорқа береміз СССР көленкесінен? Олай болса қазақ тілі, мемлекетшілік ұстаным қалай дамиды? Жастарды отанымен мақтануға қалай үйретеміз?», – деп жазды Мұрат Әбенов.

Желі қолданушылары бұл пікірді қызу қолдап, Тәуелсіз Қазақстанның отыз жыл бұрын шаңырағы ортасына түскен Кеңес одағының көлеңкесінен қорқып отырғанын қатаң сынға алды.

Бәлкім сәйкестік болар. Бірақ, бұл жазба облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Теміртауға жұмыс сапары қарсаңында жарияланған болатын. Артынша қала билігінде ауыс-түйістер орын алып, жаңа әкімді таныстыруға аймақ басшысы арнайы келді. Көп ұзамай қаланың кіре берісінде тұрған «СССР» жазуы алынып тасталғаны туралы ақпарат тарады. Тексеріп көрмекке арнайы барған едік. Рас, орденнің көзі құрыған екен. Бұл бойынша жергілікті атқарушы биліктің пікірін білмекке, қалалық әкімдікке хабарластық. Ол жақтағылар орденнің алынғанын растады. Алынып тасталу себебі ескерткіштің моральдық-идеологиялық тұрғыда ескіргені емес, бірақ. Кіре берістегі «Теміртау» жазуын қалпына келтіру жұмыстары аясында «Қызыл ту» ордені алынған екен. Бір қуанарлығы, жөндеу жұмыстары аяқталған соң, орден бұрынғы орнына қайта орнатылмайды. Бұл да болса бір жеңіс. Отыз жыл арпалыспен келген жеңіс…

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз