Алименттен қашқан қарағандылықтар қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Қарағанды облысында баласына алимент төлемеген 11 тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Әділет департаментінің кеңейтілген алқа отырысында баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облыстық Әділет департаменті құқық қорғау органдарымен бірлесіп 2022 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Алқа отырысында жеке сот орындаушыларының қызметі, еңбекақыны өндіріп алу және алимент мәселесі жан-жақты талқыланды.

«Жалпы айтқанда жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде өткен жылы 19 млрд астам сомаға 30 мыңнан астам атқарушылық құжат болған. Ал басты назар аударатын құжаттар ол еңбекақыны өтеу болып табылады. Өткен жылы еңбекақыны өтеу бойынша 144 атқару өндірісі болған. Оның 59-ы жабылды және 133 млн теңгеден астам көлемде еңбекақы өтелді», — деді Қарағанды облыстық Әділет департаментінің бөлім бастығы Әділхан Изатов.

Алимент бойынша өткен жылы борышкерлер қарызы 3 млрд теңгеден 1,8 млрд теңгеге дейін төмендеген.

«Алименттердің саны 1200-ге дейін азайды. Алимент төлемеген 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», — деп қосты Әділхан Изатов.

Сондай-ақ өткен жылы 12 мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген. Алдағы уақытта мамандар бұл көрсеткішті арттыруды жоспарлап отыр.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз