Алматыда мемлекеттік тілде ас мәзірін сұрағандарды мейрамханадан қуды (видео)
Кеше Алматы қаласындағы кафелердің бірінде тіл дауы туындады. Көп жылдан бері негізінен грузин, әзірбайжан асханасының тағамдарын ұсынып келген нәсіпкерлік нысан клиенттерге, тек, орыс тілінде ғана қызмет көрсетеді екен. Ас мәзірін қазақша ұсынуды сұраған қонақтарға дәмхана әкімшілігі дөрекілік танытып, қуып шықпақ болған. Бұл туралы әлеуметтік желіде Күлтегін Аспанұлы есімді қолданушы жазды.
— Заңды құқығын талап еткен тұтынушыларға «кафеден шығыңдар, нацист, фашист, националиссіңдер, ұлтаралық тіл – орыс тілі, соған сүйенеміз» деп, қисынсыз уәж келтірген. Осылайша мемлекеттік тілде қызмет алғысы келген азаматтардың құқығы өрескел бұзылды. Бес жылдан аса мерзімде қазақстандықтардың қазақша ақпараттану хақы аяқасты етілген.
5 ақпандағы конфликтіде кафе әкімшілігі Тілдер туралы, Тұтынушылардың құқығы туралы, былтыр қаңтардың басында күшіне енген өзгерістер туралы нормаларды өрескел бұзып қана қоймай, тұтынушылардың жеке қадір-қасиетін қорлап, ауыр сөздер айтты. Тіпті ұлтараздық тудыру қылмысының сипаты байқалды, — деп жазды Күлтегін Аспанұлы.