«АЛЖИР»

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қолдауымен Этномәдени бірлестік өкілдері мен Еңбек ардагерлері қасіретті жылдар естелігі сақталған «АЛЖИР» музейіне экскурсияға барып келген болатын. Тағылымды шара туралы еңбек ардагері Мұратбек ОСПАНОВТЫҢ жолжазбасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Редакция.

Сонау у у… қарапайым қара орман халықты қан қақсатып, оның ішінде саясаттан мүлдем хабары жоқ жасөспірім балаларды, жүрек қалауымен пәк махаббаттың құрбаны болған «халық жауларының» әйелдерін ит қорлыққа салған… дүниежүзінде еш жерде, ешқандай мемлекетте болмаған, әйелдер мен жасөспірімдерді қорлайтын зұлмат қамау осы біздің елімізде болғанына не қуанарыңды, не жыларыңды білмей, мемориалды музейге барғанда есеңгірейді екенсің!
Қуанатының – құр сүлделері жүрген, аштықтан азып тозған бейшараларға тас атқан болып, құрт лақтырған қазекеңе деген шексіз ризашылығыңнан, кеңсірігің күйіп, көзіңе еріксіз жас ұялайды екен. Ал жылайтының – ата-бабамызға осынша кеңбайтақ жерді зұлмат лагерлер салсын, қаншама жұрттың қаны төгіліп, қанды жаспен зар жыласын деп бермеп еді ғой! Осындай бір қатты қынжылыстан көкірегің қарыс айрылардай, үнсіз өксисің! Заман-ай…
Одан қалды, елге қамқор болар АЛАШ азаматтарын қырып салып, ғасырлар бойы малмен күнелтіп дағдыланған, сол малдың арқасында, мың тоғыз он үшінші жылғы санақ бойынша сегіз миллионнан асып түркі тілдес халық арасында ең көп саналатын қазақтың малын тартып аған соң, қолдан жасалған аштықтан кейін санымыз, (мың тоғыз жүз отыз екінші жылғы санақта) үш миллионнан аз-ақ артатын болған! Оған кім кінәлі?!
Қашаннан бір түйір нанды бөлісіп жеп, қонағын төрге оздыратын, барын төгетін қой мінезді, қонақжай қазақ па?! Ол жағын әркімнің өз құзырына қалдырайық… Бірақ, кереуетте жатып алып саясатқа кесе көлденең кірісетін политикандар оған орыстарды кінәлап шығатыны белгілі… Орыстар емес, білімсіз, шаш ал десе, бас алатын әпербақан шолақ белсенділер айыпты! Олар біздің халқымыздың ішінде де жетіп жатыр.
АЛЖИР-ге барып келіп, өксігіңді баса алмай қатты есеңгіреген күй кешеді екенсің!
1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентінің жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды ақтау туралы жарлығы шығады да, «АЛЖИР-ге арнап музей-мемориал ашуға қаулы қабылданады. Лагерге алғашқы этаппен 70 адам 1937 жылы жеткізілді. Отыз жетінші жылдан елу үшінші жылға дейін он сегіз мың тұтқын қамалады!
Құрбандардың ішінде небір зиялылар, атақты қоғам қайраткерлері, ғалым әйелдер отырыпты! Маршал Тухачевскийдің еқі қарындасы, Майя Плиседскаяның шешесі, атақты орыстың ұлы әншісі саналатын – Лидия Русланова тағы басқалар бар.
Ұлы қаламгер Бейімбет Майлиннің жары лагерде жүріп қой бағыпты. Алашорда белсендісі Қожановтың әйелі, Темірбек Жүргеновтың жұбайы, Сәкен Сейфуллиннің әйелі… Көпшілігінің есімдері менің есімде қалмапты. Сол бір кең байтақ даланы, зар еңіреп, қан жылаған жазықсыз жандардың дауыстары… аспаннан мұңды күңірентіп тұрғандай!
Тағы бір көңілді елең еткізетін жайт – Малиновка деп неге атанған? Мидай далада, аш жалаңаш, ішерге тамағы жоқтың қасы, әбден әлсіреген ағзаға жабысқақ неше түрлі сырқатты емдеуге дәрі-дәрмектің жоқтығынан зерделі, зиялы әйелдер қауымы, лагерь басшыларымен келісіп, керемет емдік қасиеті бар, маңайға – МАЛИНА (ТАҢҚУРАЙ) көшеттерін отырғыза бастайды. Жемісін әлсіреген ақзаға талғажау етеді… Алма-ранетканы да көп отырғызады!
Тағы да көңіл қылын тебірентерлік бір білгенім – сол кеншарға 1942 жылдары Волга бойынан жер аударылып келген немістердің баласы Шарф Иван Иванович, әке-шешесі ерте қайтыс болып, ешкімнен жатырқамайтын, кеңқолтық қазақ отбасында өскен азамат сол кеңшардың тұңғыш директоры болып тағайындалады!
«АЛЖИР» мемориал-мұражайын ашуға, салуға қолынан келген көмегін аямапты. Бүкіл әлемге тарап кеткен «Алжир» зұлматының ұрпақтарына мемориал ашылатыны туралы хабар таратуға атсалысады.
Міне, бауырлар, қандастар кең байтақ даламызда бұдан былай ҚарЛаг, СтепьЛаг, Алжирлер аттары өшіп мәңгі зұлматы қайталанбасын! Құрбандардың аттары өшпесін! Аспаннан аруақтар күңіреніп жерімізге өксіп үңілмесін!

Мұратбек ОСПАНОВ,
еңбек ардагері.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз