Қарағандылық самбошы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды
Қарағандылық Маргарита Бажаева самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Спортшы 50 кг салмақ дәрежесінде лайықты нәтиже көрсетті.
Біріншілік Армения астанасы Ереванда өтті. Чемпионатқа 70 елден 650 балуан жиналды. Олар спорттық, жекпе-жек және әйелдер самбосында бақ сынасты. 2023 жылы жекпе-жектің бұл түрі 85 жылдық мерейтойын атап өтеді, сондықтан Карен Демирчан кешенінің аренасында ең мықты балуандар ғана емес, сонымен қатар аты аңызға айналған және атақты самбошылар, әлемнің түкпір-түкпірінен бірнеше дүркін Әлем чемпиондары өнер көрсетті.
Чемпионатта күміс жүлдені қарағандылық спортшы Маргарита Бажаева жеңіп алды.
– Нәтижеге қуаныштымын. Әрине, бәрі ойдағыдай болмады, әоі де жетілдіретін жақтарым бар. Алға қойған мақсатым болды – қарқынды күрес жүргізу. Финалға дейін ол қолымнан келді, бірақ соңында бірінші болуыға сәл ғана жетпей қалды, мүмкін барымды сала алмай қалдым ба, – дейді Маргарита Бажаева.
Спортшыны Дәурен Адамбаев жаттықтырады.
Айтпақшы, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы Ресей мен Өзбекстаннан кейін үшінші орынға ие болды. Айта кетейік, келесі самбодан әлем чемпионаты 2024 жылы Астанада өтеді.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз