Қауіп қайдан демеңіз
Жыл басынан бері Теміртауда 18 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам қаза болған. Олардың үшеуі кәмелет жасына толмаған балалар. Сонымен қатар, 26 адам түрлі деңгейде жарақат алыпты. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз алаңында өткен брифингте Теміртау қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Жанат Токешев мәлімдеді.
— Жаз маусымы басталғалы қала көшелерінде электросамокатпен, скутермен және мотоциклмен жүретін азаматтардың қатары артты. Әрі олардың көпшілігі кәмелет жасына толмаған және жол ережесін толық білмейтін балалар мен жасөспірімдер. Өкінішке қарай тәжірибенің аздығы мен жастық желіктің жетегінде кеткендіктен, дәл сол азаматтардың қатысуымен ЖКО жиі орын алып, арты қайғылы жағдайларға ұласып жатады. Биыл дәл осындай 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 3 бала зардап шеккен. Біреуі қайтыс болды, — деген подполковник Жанат Токешев қала тұрғындарын ішімдік ішіп көлік тізгіндемеуге, сынып тұрған транспортпен жолға шықпауға шақырып, ата-аналардан кәмелетке толмаған балаларының рөлге отыруына жол бермеуді сұрады.
Көпшілікті алаңдатып отырған тағы бір мәселе – интернет алаяқтық. Аңғал елді арбап, жиған-тергенін жымқырып кетуді көздейтіндер психологияны шебер меңгерген. Ең білікті, сауатты деген жандардың өзін тұзағына түсіріп алуы мүмкін. Жанат Токешевтің айтуынша, 2024 жылы өздерін банк қызметкерімін деп таныстырған 49, қашқтан басқару қосымшасын жүктеп алуды сұраған 34, инвестиция салуға шақырған 5, тауарлар мен қызметтер ұсыну арқылы 16, жалған сілтемелер мен уатсап желісін бұзу арқылы 5 алаяқтық іс-әрекет анықталыпты.
— Полиция интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында күн сайын тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Әйтсе де, біздің азаматтарымыз ескертуге құлақ аспай, алданып қалып жатады. Жәбірленушілермен әңгімелесу барысында олардың 95 пайызы интернет алаяқтардың тәсілдерін біліп тұрып торға түскендерін анықталды. Сондықтан, тұрғындарды оңай жолмен ақша табуға әуестенбеуге, бөгде адамдарға жеке деректерді ұсынбауға, күмәнді сілтемелерді ашпауға шақырамын, — дейді Жанат Токешев.
Алда оқушылар үшін маңызды күн – 25 мамыр Соңғы қоңырау мерекесі келе жатыр. Бұл ретте полиция қызметкерлері ата-аналардан ерекше сақтық шараларын сақтап, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қатаң бақылауды сұрайды. Өйткені, бітіру кештерінде түлектердің бір парасы ересектердің бақылауынсыз тойлауы, кәмелетке толмағандардың көлік құралын басқаруы және рұқсат етілмеген орындарда суға түскен жағдайлары анықталған. Мұның соңы кейде қайғылы жағдайларға да ұласуы мүмкін. Сондықтан, балалар ұстаздар мен ата-ана бақылауынан шықпағаны жөн.