Қазақстандағы мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы уақыт қалды. Жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру ұйымдары кешенді мониторингтен өткен болатын. Нәтижесінде 68 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп, 1 қыркүйекке дейін бітпейтіні белгілі болды. Бұл жаңа оқу жылында бірқатар проблемаға себеп болуы мүмкін. Осыған орай биылғы оқу жылы алдында Қазақстандағы мектептердің дайындығы жайлы материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының мақаласында.

Елімізде қанша мектеп бар?

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда елімізде 7724 мектеп бар. Оның ішінде ауылдық жерлерде – 5279 мектеп болса, қалада – 2445 мектеп бар. Бір ауысымды – 2740 мектеп, екі ауысымды – 4847 мектеп және үш ауысымды – 137 мектеп бар. Аралас (екі тілді) мектептер саны – 2294.

photo

Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізген болатын. Нәтижесінде 68 мектептің жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталмайтыны анықталған.

Жаңа оқу жылына дайын емес мектептер қайда орналасқан?

Оқу нысандарын аралау кезінде министрлік өкілдері мектептердің қазіргі ахуалына, ресурстарына және білім саласындағы НҚА талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізген. Әкімдіктердің жоспарына сәйкес, 193 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Ал келісімшартқа сәйкес 51 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жылдың соңында, ал 17 мектепте келесі жылдың басында аяқталатыны белгілі болды. Оқушылар үшін басқа оқу орындары белгіленіп, тасымалдау ұйымдастырылады.

photo

Әкімдіктерге оқу жылы басталғанға дейін оқу бағдарламаларын әзірлеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау, оқу процесін ұйымдастыру және оқушыларды білім беру ұйымдарына және кейін кері үйлеріне тасымалдауды ұйымдастыру үшін уақытша білім алу орындарын айқындау туралы ұсынымдар берілген. Қазір еліміз бойынша 260-тан аса мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік, тамыз айының соңында министрлік кезекті мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр.

Жаңа оқу жылына дайын емес мектептер қай өңірлерде екендігін төмендегі суреттен көре аласыздар.

photo

Баланы мектепке дайындау үшін кімдерге қаржы беріледі?

Мемлекет өз тарапынан жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек ала алады. Атап айтқанда, Абай облысындағы өрт салдарынан қаза тапқандардың балаларының әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілді. Ата-аналар мемлекеттен берілетін ақшаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды өздері таңдап сатып алатын болады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, биыл әр оқушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге белгіленген. Ақша ата-аналардың жеке шотына аударылады.

«Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата — аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», — дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

photo

Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 2008 жылдан бері жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы «Жақсылық жаса» ұранымен бастау алды. Әр баланың отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға толық құқығы бар. Айта кетейік, еліміздің ірі сауда орталықтарында мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке дайындық бойынша көмек көрсету пункттері ашылды. Одан бөлек, ата-аналардың сауалдарына жауап беретін жедел желі іске қосылды. Балалардың құқығын қорғау комитетінде 74-25-28 жедел байланыс телефонына хабарласуға болады. Сондай-ақ, «bala qorǵaý» Telegram чаты жұмыс істейді.

Елордада мектеп тапшылығы мәселесі қашан шешіледі?

Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев елорда мектептеріндегі орын жетіспеушілігі және үш ауысыммен оқу мәселесі қашан оң шешімін табатыны туралы шілде айында қалалық мәслихат отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, елордада білім беру саласындағы проблемалардың бірі – оқушы орындарының жетіспеуі болып отыр. Сондай-ақ, басқарма басшысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында елордада 24 мектеп салынатыны туралы айтты.

photo

«Қалада 164 мектеп бар, онда 236 мың оқушы білім алып жатыр. Дегенмен, жыл санап оқушылардың саны артып келеді. Бүгінде 27 мыңнан астам өтініш қабылданды, демек оқушылардың саны 250 мыңнан асып түседі деген сөз. Демек, өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға артық. Қаладағы 18 мектепте бала толып кеткен және 8 мектеп үш ауысымда оқытады. Осы мәселелерді шешу жолында 15 700 оқушыға арналған 11 мектеп салынып жатыр. Оның төртеуі осы оқу жылында пайдалануға беріледі», — деді Қасымхан Сенғазиев қалалық мәслихат отырысында.

Қалалық білім басқармасының басшысы қазіргі таңда 15 мектептің құрылысы басталғанын мәлімдеді.

«Қалғаны бойынша конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыс толығымен 2024-2025 жылдары аяқталады. Сол кезде орын жетіспеушілік және үш ауысымда оқу мәселелері шешіледі», — дейді ол.

Астанада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қалай жүзеге асады?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Астанада 24 мектеп салынады.

photo

Жаңа форматтағы оқу орындары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушыға арналған орын ашуға мүмкіндік береді. Мәселен 24 жайлы мектептің 15-і қарқынды дамып келе жатқан Нұра мен Есіл аудандарында орналасатын болады. Сондай-ақ жайлы мектептер қаланың елді мекендерінде де салынады. Қазіргі уақытта 15 жайлы мектеп бойынша жұмыс басталған. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мектеп жобаларымен және құрылыс жұмысының дайындығымен танысты. Қазіргі уақытта жер учаскелерін дайындау бойынша жұмыс жүріп жатыр.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасында қандай өзгерістер бар?

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 401 мектеп бой көтеруі тиіс еді. Алайда, бұрын бекітілген тиісті Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіліп, білім ордаларының саны 33-ке азайып, енді ел бойынша жалпы саны 368 мектеп салынады.

photo

«Үкімет 2022 жылы білім беру инфрақұрылымын қолдау қорын құрды. Аталған қордың қаражаты мектеп құрылысына жұмсалады. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қор қаражаты есебінен 96,5 млрд теңге сомаға 78 мың оқушы орнына (екі ауысымда) 61 мектеп салу ісі қаржыландырылды. Бюджет қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында Оқу-ағарту министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, апатты объектілерді жою, үш ауысымдық оқыту және орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығы үшін өңірлер бөлінісінде жаңа оқушы орындарын енгізу бойынша қажеттілікке қайта талдау жүргізді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен 2023 жылғы 17 сәуірдегі жиында мектептер санын қысқарту және құрылысқа жоспарланған мектептердің жобалық қуатын оңтайландыру жолымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде енгізілетін оқушы орындарының санын оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды», — деп жазылған өзгеріс енгізілгелі отырған Үкімет қаулысының-жобасында.

Осыған байланысты, ұлттық жоба аясында салынатын білім ордалары мен қаражат көлемі қысқаруы мүмкін.

«Ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандар саны 368 мектепті құрайды. Жалпы, бекітілген Ұлттық жобада — 401 мектеп. Яғни, олардың санын 33 мектепке азайту көзделген. Ал, Ұлттық жобаға сай айқындалған екі ауысымда оқитын мектептердегі 842 мың оқушы орнын 104 мыңға азайтып, 738,2 мың оқушы орнына арнап бекіту ұсынылады. Ұлттық жобаны іске асыруға арналған бюджет шығыстарының көлемі 2 606 596 055 мың теңге болып бекітілген. Енді ол 61,8 млрд теңгеге төмендеп, 2 544 789 842 мың теңге болады», — делінген қаулыда.

photo

Құжатта ұлттық жобаға қатысты бірнеше өзгеріс бар: біріншіден, «Жайлы мек­тепті» жүзеге асыруға арналған бюджет шығыстарының көлемі бұрын бекітілген 2 трлн 606,6 млрд теңгеден 2 трлн 309,3 млрд теңгеге дейін, яғни бірден 297,3 мил­лиард теңгеге қысқарады. Соның ішінде Ұлттық қор есебінен – 461 млрд 334,2 млн теңге, республикалық бюджет есебінен – 1 трлн 847,9 млрд теңге бағытталады. Екіншіден, жылдар бөлінісіндегі қаржыландыру көлемі де қайта қаралды. Қорытындысында, жайлы мектептер құрылысына Ұлттық қор мен бюджеттен 2023 жылы – былтыр бекітілген 499 млрд 999,7 млн теңге орнына 455 млрд 583,8 млн теңге, 2024 жылы – 1 трлн 38 млрд 388,5 млн теңге орнына 968 млрд 710,9 млн теңге, ал 2025 жылы – 1 трлн 68 млрд 207,8 млн теңге орнына 885 млрд 31,5 млн теңге ғана берілмек. Былтыр ел Үкіметі «Жайлы мектеп» аясында екі ауысымды қоса алғанда, жалпы саны 842 мың оқушы орны ашылатынын жариялаған. Жаңа түзетуден кейін бұл сан 738,2 мың оқушы орнына дейін немесе бұрынғыдан 104 мың оқушы орнына азайтылып отыр. Бүгінде республикада 59 апатты және 137 үш ауысымды мектеп бар.

photo

Үкімет басшысы ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстарын жеделдету қажеттігін ескертті. Ол сапалы интернетсіз жайлы мектептер өз атауына сай болмайтынын баса айтты. Тапсыру кезінде жаңа мектептер сапалы интернет байланысына қосылмаса, олар қабылданбауы тиіс.

Қорыта келе, еліміздің болашағы білімді азаматтардың қолында екені түсінікті. Жалпы алғанда, ел Үкіметі осы бесжылдықта қолайлы оқу жағдайлары жасалған 1,5 миллион оқушы орнын ашуды жоспарлап қойды. Алайда демографиялық өсім қарқыны сақталса, бұл да жеткіліксіз болуы әбден мүмкін.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз