Қазақтанудан неге қорқамыз?
Бізде көптеген ауылдан халық көшіп жатыр. Біраз ауылда мектептер бастауыш сынып болып қалудың, жабылудың аз-ақ алдында тұр. Ауыл мектептері бастауыш сыныпқа ауысса, ата-аналар балаларының қамымен қалаларға көше бастайды. Мектеп жабылса, ауылда халық та қалмайды.
Оған қоса ауыл халқының негізгі табыс көзі мал. Алайда сол ауылдарда мал бағатын дұрыс малшы қалмады. Жоғары айлыққа малшы таппай отырған ауыл халқы, фермерлер де бар. Кезінде малмен көзін ашқан ағайын күнкөрістің қамымен қалаға кетіп қалған.
Ал осы мәселенің бірден-бір шешу жолы шетелдегі қазақтарды елге әкелу. Бірақ Қарағанды облысына ондай квота бөлінбеген. Өткен жылдары өңірдегі екі ауданға шетелден екі-үш қазақ отбасы көшіп келді. Дегенмен ол — бүкіл облысқа тамған тамшыдай ғана. Ал кейінгі кезде шетелден келген бауырларды өзіміз орыстандырып жібердік. Міне, шеттегі қандастарды шошындыратын осы жағдай. Атажұртты іздеп келген кейбіреуі қайтып кетті. Шетелде өзге елдің қас-қабағына қарап жүрген қандастар, мұнда келіп тағы “ата-баба дәстүрінен айрылып қаламыз ба”?- деп қорқады.
Сондай-ақ Қарағанды өңіріне бөлінген квотаны кім, неге тоқтатып тастады? Кейбіреулер айтады:
— Шеттен келген қандастарымыз үкіметке қарсы шығып, биліктің шамасы келмей жатқан жағдайды талап етті, ереуілшіл топқа еріп кетті,- деп.
Қарағандыда көбіне шулатып жататын орыс апаларымыз Тетя Нина, Баба Зиналар негізінен ит-мысықты, коммуналдық мәселелерді көтереді. Ал, қазақ ата-апаларымыз көп шыға бермейді. Айтса елдің жағдайын айтады. Шеттен келген ағайындардың айтатыны да сол елдегі ахуал. Мысалға жас кезінде Моңғолиядан келген өнерпаз Меруеш Башай әпкеміз үнемі ұлттың жоғын жоқтап жүреді. Теміртаудағы Нурхан Нурмаханов, Серік Әлиұлының да айтатыны сол. Әріптесім Жазира Есенхан да қашан көрсек, ұлт үшін шырылдап жатқаны. Қазақ елінің иммунитеті осы шет елден, қазақы ауылдардан келген қазақтар.
Ал билігіміз орыснамай. Сондықтан атқамінерлерге елдік мәселені көтеретін қандастан гөрі, коммуналдық түйткілді айтатын орыс апаларымыз жайлы, пайдалырақ билігін сақтап қалуы үшін. Біз немістер сияқты қандастарды қоныстандыруды тиімді пайдалана алмадық. Шетелден келетін қазақтар сыртқы агрессияға, алпауыт елдерге жұтылып кетуге қарсы қолданатын күш болар еді.
Тәуелсіздік алған жылдары “оралман” атанған ағайын шетелден көптеп көшіп келді. Совет үкіметінің кезінде орыстанып кеткен елдімекендерді, Қарағандыны қазақтандырды. Өте еңбекқор халық өз бетімен кәсіп ашып, елдің экономикасына үлкен үлес қосты.
Әжемнің көзіндей сырмағы мен тұскиізі, дәмі ауыздан кетпейтін женті мен құрты. Аталарым жасайтын көненің көзіне айналған бұйымдар да осы бауырлардың қолынан шығып жатыр. Қазақтығымды, ана тілімді жаңғыртқан, бірқатар терминді туған тілімізге бейімдеген де осы ағайын.
Президенттің кеңесшісі Ерлан Карин бір кездесуде айтып еді:
— Қазақтар орналасқан, көршілес Қытай, Моңғолия, Ресей, Қазақстан 4 елде де болдым. Соның ішінде ұлттық дәстүрінен айрылып қалған Қазақстандағы қазақтар екен,-деп. Оған енді көз жетіп келе жатқандай. Біздің биліктегілер Ленин, Сталинді пір тұтып өткен, Мәскеудің бұйрығын орындап үйренгендер. Сондықтан жаман әдеттен аулақ, ұлттық құндылықтармен суарылған жұрттың “советикустер” мен олардың балаларына жау болып көрінетіні рас.
Қарағандыдағы қала әкімі Мейрам Кожухов, қала әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев, экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева, Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская т.б. орыс тілді шенділерге шетелден қазақтарды әкелу қауіпті. Биліктегі орыс тілді топқа әкімдіктің аппарат басшылығы, мемлекеттік қызмет істері, ішкі саясат басқармасы, тілдерді дамыту мекемелерінің өзі “Қазақ тілін білмейсіздер, үйрену міндет,”-деп айта алмайды. Айтқан күні сөгіс алады, қаттырақ айтса, орнынан ұшады. Мемлекеттік тілді қорғауы тиіс құқық қорғау органдары да қазақ тіліне өгей көрінеді. Билікте жүрген Ерлан Құсайын, Ләззат Төкенқызы, Бекзат Алтынбеков сияқты әр салада бір-бір дана ғана ұлтқа жақын азаматтар қалың топқа қарсы тұра алмайды. Жалғыздың үні шықпайды, шыққканмен діттеген жеріне жетпейді.
Қарағандыда биылғы оқу жылының басында 47% — астам бала 1-сыныпқа, орыс тобына барды. Олар болашақта кім болып шығады? Бізде шетелге оқуға кеткендер ұлттық құндылығынан айрылып, араб, француз, неміс, американдық болуға ұмтылады. Өз елін менсінбейтін жастар елге қайтып келе ме? Келсе, тағы қалай болады? Бұл келеңсіздіктердің себебі, елде ұлттық идеология жүріп жатқан жоқ. Биліктегі қазақтыққа қарсы шенділер сол жастарға үлгі-өнеге. Ұлттық дәстүрден ажырап, мемлекеттік тілді білмей-ақ жетістікке жетуге болатынын атқамінерлердің өздері дәлелдеп отыр. Шетелден келетін қандастар да осы жағдайдан қауіптенеді. Биліктегілерге керегі де сол.
Мағжанның:
— Түріктен енші алып тарасқанда, Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?-дегені рас. Түрік халықтарының қара шаңырағы, атажұрты, қазығы біз. Алаш арыстары мен Мұстафа Шоқай бастаған ұлт қайраткерлері Түрік жұртын біріктірудің идеологиясын жасап кеткен. Енді сол Алаш арыстарының Отаны, Қазақстанның кіндігі Қарағандыда да Түрік халықтарының орталығын ашуға болар еді, бүкіл әлем қазақтарын, түрікшіл қауымды жинап. Ал біз ұлт болашағын өзгелердің мектебіне беріп, елге келгісі келетін қандастарға шектеу қойып отырмыз. Қой, ол орталық ашылса, онда тағы орыс тілді біреуді тағайындап тастар. Әзірге осы орысшалау билікке қанағат қыла тұрамыз ба?
Басымды жерге жеткенше иіп, елімізді қазақыландырып жатқан қандастарға алғыс айтамын!
Жаңабек НАР,
Журналист.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз