ҚАЗАНҒА ҚИ САЛУ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Тоқсаныншы жылдардың басында Мойнақ ауданының Шағырлық аталатын ауылына тойға баратын болдық. Әкемнің бала үстінен қайтыс болған алғашқы зайыбының інісі ұлының үйленіп жатқанын айтып, өзі арнайы келіп шақырды. Үзіліп қалған араны жалғамақ ниетін айтты.
Ақылдаса келе тойға әке-шешем, аға-жеңгем және мен баратын болдық. Жолға шығар сәтте кішкентайы ауырып қалған жеңгем бара алмай қалды да, төртеуміз аттандық.
Бізді хан көтеріп күтіп алды. Әсіресе, әке-шешеме деген құрметтері ерекше еді. Күндізгі беташардан кейін оларды бөлек үйге әкетті. Арнайы қонақасы әзірлетіпті. Ағам екеумізді басқа үйге жөнелтті.
Осы жерде қызық болды. Бізді күтуге қойған жігіт шалабурыл екен. Бірдеңе айтып отырып, шығып кеткен, содан оралмады. Шай құйып берген келіншек те кенет жоғалды. Ағам екеуміз ғана қалдық. Кешкі тойға дейін әлі біраз бар.
Ағам қатты намыстанды. Әрі-бері күтіп ек, ешкім келетін емес. Сосын сыртқа шықтық. Той болып жатқан үй жақ қарбалас. Қазан қайнап жатыр. Абыр-сабыр. Біз көрші үйдеміз.
— Бауыржан, сен ана қораға кіріп, бір уыс қи алып кел, — деді ағам.
— Қи? Не үшін?
— Ана қайнап жатқан еттің үстіне салып жібереміз.
— Қой, қазанға қи салғаны несі? Шошып кеттім.
— Салғанда… енді салмаймыз ғой. Тек… Жарайды, — деді менің түкке түсінбей тұрғанымды аңғарып. Ендеше, сол маңға бар да, қазанға қи саламыз деп айт.
Білдей КазГУ-дің студентіне біреуге барып: «Қазаныңа қи саламын» деу ыңғайсыз ғой. «Бармаймын» деуге ағамның өрт сөндіргендей түрін көріп, тағы батпадым. Иығымды қиқаң еткізіп, қазан-ошақ жаққа беттедім. Ар жағында, үйдің жанында айғыр топ тұр. Сірә, тойды басқарып жүрген азаматтар.
…Жылыұшырай қараған бір келіншекке қазанға қи салатынымыз туралы міңгірледім. Ол әуелі менің кім екенімді сұрап алды. Сосын:
— Бригат қайнаға-ау, мына жиендерге көңіл бөлінбей қалыпты ғой, — деді әлгі жалды топқа жақындап барып, жарқырай күліп. — Қазанға қи саламын дейді мына қайным.
— Бұл кім? Ай, інішек, кімнің баласысың?
— Бабажанның.
— Ойбай, жиен екенсің ғой. Хас масқара бола жаздаған екенбіз-ау. Өй, әкеңнің… пәленше қайда? Жиендерге қара деп едім ғой.
Кенет бәрі шала бүлінді де қалды. Үлкендер әлдене есіне түскендей кеңк-кеңк күліп жатыр. Бір кейуана риза кейіппен келіп, маңдайымнан сүйді.
Сол-ақ екен, бәрі біздің үстімізге үйірілді. Ең маңызды қонақ болып шыға келдік. Той иесі жүгіріп келіп, кешірім сұрады. Сөйтсек, бізді күтуге бөлінген кісі мас болып ұйықтап қалыпты. Шай құйып отырған келін де келіншектің жүгін қараймын деп тайып тұрған. Сәлден соң қызып алған ағам нағашыларға біраз кәрін төкті)))
«Қи салу» туралы әңгіме дереу тарап кетіпті. Біреу әкеме барып айтқан екен, ол қолын бір-ақ сілтепті: «Нағашыларының аулына келіп жатыр ғой, білгендерін істесін».
Кейін анықтасам, бұл өздеріне назар аударылмай қалғанда жиендер қолданатын әдіс екен ғой. Әрине, есі ауысып кеткен біреу болмаса, қазанға қи салмайтыны анық. Бірақ қолына қи ұстап барып, қорқытатындар болған көрінеді бұрын. Біз сол дәстүрді жаңғыртыппыз.
…Қайран, қазақтың мәдениеті, әркімнің өз орны, соған лайық құрметі бар ғой сенде. Енді бір ширек ғасырдан соң қазанға қи саламын деп қоқаңдайтын жиен де, оны түсініп, жолын жасайтын нағашы да қалмайтын шығар. Тіпті жабайылық деп жатса да таңғалмаймын. Біздікі тек сондай салттың болғанын хатқа түсіру ғана…

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз