Бастаманың пайдасы ұшан теңіз

Халықтың әлеуметтік әл-ахуалын арттыру ел үкіметінің алдында тұрған басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың әлеуетін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырған болатын. Бұл санатта мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Олар денсаулығынан айырылса да көппен бірге жұмыс істеп, адал жолмен табыс табуға құқылы, әрі ел қатарлы еңбек етуге қауқарлы. Мұның айқын дәлелін қаламыздағы жиһаз жасау шеберханасынан көріп қайттық.

Сара Лещанова есімді кәсіпкер келіншектің бизнесте жүргеніне 20 жылға жуық уақыт болған екен. Биыл ол әлеуметтік салаға да бет бұрып, есту қабілетін бұзылған және көруі нашар 2 азаматты жұмысқа алған. Олардың бірі аппаратта оющы болып істесе, екінші азамат дизайнер ретінде еңбек етіп жатыр.
— Біздің кəсіпорынға 20 жыл болды, цехта 14 жұмыс орны бар. Біз осындай бағдарламаға қатысқанымызға жəне мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескенімізге қуаныштымыз. Олар мансап орталығына өтініш беріп, ол өтініштері мақұлданды. Барлығы ыңғайлы, жайлы жəне қауіпсіз болуы үшін арнайы жұмыс орындарын жабдықтап, жағдай жасадық.

Көру қабілеті нашар адам үшін арнайы бағдарламасы бар жаңа компьютер сатып алынды. Сондай-ақ, олар жұмыс орнын қосымша жарықтандырды. Нашар еститін адам үшін дұрыс сызба мен кесуге мүмкіндік беретін есту аппараты мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алдық, — деді кəсіпкер Сара Лещанова.
Әрине, өндіріс болғандықтан қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың цех ішінде еркін жүріп-тұруы үшін мұнда арнайы дыбыс белгілері мен жарық шамдары орнатылыпты. Сонымен қатар, қажет құрылғылар сатып алынған. Оның бәріне мемлекет тарапынан қомақты қолдау да көрсетілген екен. Сонымен қатар, жұмысшылардың айлық жалақылары да субъсидиаланады.
— Келесі жылы арнайы жұмыс орындары одан да көп болады деп ойлаймын. Жұмыс берушілер мемлекет тарапынар қолдау бар екенін көріп, қызығушылық танытып жатыр. Жұмыс берушіге арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға арналған құрылғылар сатып алу жəне орнату шығындары өтеледі. Сондай-ақ мемлекет мүгедек адамдардың жалақысының бір бөлігін өзіне алады. Субсидиялар үш жыл бойы ай сайын төленеді: бірінші жылы — жалақының 70 %-ы (бірақ 30 АЕК-тен аспайды, қазір бұл 110 760 теңге), екінші жылы — жалақының 65 %, үшінші жылы — 60 %, — дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Мемлекет қолдауымен жұмысқа орналасқан Дмитрий Калинкин бір көзінен айырылған екен. Өндірісте жұмыс істеуге жарамсыз болып қалған соң, біраз уақыт бос жүріп қалыпты. Әйтсе де, үйде отыруды жөн көрмей, екі қолға бір күрек іздеген. Ақыры осы цехқа келіпті.
— Менің зейнеткерлікке шыққаныма тағы 10 жыл болды. Техникалық білімім бар. Бұрынғы жұмысымнан денсаулығыма байланысты айырылып қалдым: бір көзінің торы бөлінуіне байланысты көзім көрмей қалды. Мансап орталығына хабарласып едім, маған мүмкіндіктер туралы айтып, орын ұсынды. Бұған дейін мен ешқашан дизайнмен айналысқан емеспін, бұл мен үшін жаңа сала. Бірақ барынша көмектесті, жағдай жасады. Бұл өмірлік жағдайда да үміт үзбей, болашаққа деген сенім пайда болды. Мен сияқты адамдарды жұмысқа орналастыруға жəрдемдесетін мемлекеттік бағдарламалар мен кəсіпкерлер бар екеніне ризамын, — деп бөлісті Дмитрий Калинкин.
Айта кету керек, қазіргі таңда теміртаулық кәсіпкер үшінші адамды жұмысқа қабылдауға ниетті. Жұмыс істеуге ниетті азамат келіп, іс барысымен танысып жатыр екен. Алдағы уақытта Мансап орталығына өтінім беріліп, егер қабылданса ол да еңбек етуге мүмкіндік алады.

Өз тілшімізден.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз