Батыл бетбұрыстар бастамасы
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауын батыл бетбұрыстар бастамасы деп бағамдауға толыққанды негіз бар. Бұл бастамалар – тарихи реформаларды өз басынан өткеру кезеңінде тұрған елдің тәуекелшіл қадамдарға ниет қойғанының дау тудырмас айғағы.
Бүгінгі әлем саяси шиеленіске толы екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Жолдау алуан сипатты қауіп-қатерге қарсы тұру әрекеттерін айқындауымен ерекшеленеді. Әділетті Қазақстан құру тәсілдерін «жіліктей» талдап берген Президент Жолдауында елдің экономикалық мүмкіндіктеріне айрықша назар аударылып, қимыл-қарекеттер бағдары нақтыланды.
Ұлттық қор түсімінің 50 процентін 2024 жылдан бастап 18 жасқа толмағандардың есепшотына аудару талабы, әйелдердің зейнет демалысына 61 жастан шығуы – әлеуметтік әділеттіліктің үстемдік құратынының көрінісі.
Сот жүйесі мен құқық қорғау, ауылшаруашылығы және өзге де салаларда жүргізілетін тың реформалар Қазақстанның өркендеу бағытындағы дара даңғылы болмақшы.
Мемлекет басшысының өкілеттілігін 7 жылға ұзартып, қайта сайлануына шектеу қою бастамасын билікті монополиялау үрдісін ретке келтіру тетігі деп бағамдау керек. Президент сайлауын, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі ұсынысы – бұқара қауым күткен саяси реформалардың бастапқы қадамы.
Жаңғыру жолына түсудің оңтайлы тәсілдерін көрсетіп берген Жолдау мемлекеттік құрылымдарға ғана емес, әр саналы азаматқа салмақты жауапкершілік жүктері анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осыншалықты ауқымды міндеттерді ұлттық деңгейдегі жауапкершілік санай отырып, өз басы үшін Отанның дамуы мен игілігінен асқан құндылық жоқ екенін айрықша атап айтты. Бұл – үлгі тұтар ұстаным.
Жаңғыру мен жаңаруды мақсат тұтқан Қазақстанның қапысыз кемелденуі – қалың елдің тілегі. Ендеше барша қауым болып ымыра-бірлікке ден қою, келер күндердің жарқын болуы жолында тынымсыз тірлік ету әркімнің бұлжымас мақсаты болуы тиіс. Асыл мұраттарға сонда ғана жетеріміз күмәнсіз.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
ақпарат саласының үздігі
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз