Бірлік және келісім Қазақстан дамуының негізі
ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі заманы Қазақстанның ұлттық құрамына да айтарлықтай өзгерістер алып келді. Саяси қуғын-сүргін жылдарында жергілікті ұлт өкілдері аштық пен қуғыннан миллиондап қырылып, жер ауып кетті. Олардың орнына сырттан миллиондаған өзге ұлттың өкілдері қоныстандырылды. Өз еркімен емес, олар да қысастық пен қуғынның қорлығын көріп келгендер.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған тұста үлкен сын-қатермен бетпе-бет келді. Әсілінде, әлемдік сарапшылар солай пайымдаған болатын. Өйткені, жас мемлекеттің ұлттық құрамы мен ел азаттарының діни сенімі алуан түрлі болды. Әлемдік тәжірибе бойынша, мұндай құраммен азаттық алған мемлекеттерде ішкі текетірес күшейіп, азамат соғысы бұрқ ете түсетін. Жұрт содан қорықты. Бірақ, сындарлы сәттен еліміз сәтті өтті. Бұл шын мәнісінде әлемге үлгі бола аларлық тәжірибе еді. Еліміз ұлтаралық алауыздықты ауыздықтап қана қоймай, достық пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсете алғанын ұмытпауымыз керек. Бұл ретте қазақтың дархандығы мен дала философиясы да үлкен рөл атқарғанын да айта кеткен жөн.
Қазақ «Ырыс алды ынтымақ», «Ағайын тату болса — ат көп, Абысын тату болса — ас көп», «Ынтымақ жүрген жерде, Ырыс бірге жүреді», «Тату елдің тамағы таусылмайды», «Тірліктің күші — бірлікте», «Бірліксіз істе береке жоқ» деп зор өсиет айтқан. Бұл мақалдардың дәлдігін бүгінгі өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өйткені, бірлік пен татулық салтанат құрған кезеңде жұрт өзге дүниеге алаң болмай, шаруашылығын жүргізеді. Білім мен ғылым, өнер мен мәдиет дамиды. Ел ертеңін ойлап, болашаққа жарқын жоспарлар құрады. Ал, кикілжіңі көп елдің халқы бүгіншіл. Ертеңгі атар таңды емес, бүгінгі ішер тамаққа ғана бас қатырады. Сәйкесінше, мұндай елдің келешегі жарқын болады дегенге сену де қиын.
Тағы бір маңызды дүние – инвестор тарту. Иә, заманауи экономиканың басты ерекшелігі де осы. Кез келген мемлекет экономикасын өрістету үшін инвестор іздейді. Әсіресе, шетелдік инвесторларға сұраныс жоғары. Өзге елдің қалталы азаматы сенің еліңде зауыт салып, өндіріс ашуға қаражат жұмсап, халқыңды жұмыспен қамтамасыз етсе несі айып? Бірақ, инвесторлар да ақшасын қайда жұмсап жатқанын қарайды ғой. Олар бірінші кезекте салған қаражатынан пайда көруді көздейді. Сондықтан, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, шаруашылығы өрістеп келе жатқан елдерге арқа сүйейді. Егер мемлекет ішінде ұлтаралық немесе діни алауыздық көрінісі байқалса, инвестициялық келісім шартты қайта қарауы да бек мүмкін.
Қазір Қазақстан әлемдегі инвестициялық климаты қолайлы, бизнеске тартымды елдердің санатында. Бұл да болса ішкі тұрақтылық пен татулықтың арқасы деп нық сеніммен айтуға болады. Өйткені, ел халқы арасында ұлтқа және діни сенімге байланысты бөлінушілік жоққа тән. Мәселен, күні кеше Этномәдени бірлестік ұйымдастырған Айт дастарханында тоғыз ұлттың өкілі бас қосты. Сондай-ақ, мұсылмандардың қастерлі мерекесіндегі қуанышты бөлісуге өзге дін иелері де келіп, ақ дастархан үстінде ізгі тілектерін жеткізді. Бұл – татулық пен келісімнің Қазақстандық үлгісінің анық көрінісі еді.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
Қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі