Биыл «АрселорМиттал Теміртау» АҚ теміртаулықтарға балабақша сыйламақ
Балабақша құрылысы Қарағанды облысының әкімдігімен меморандумды жүзеге асыру аясында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Теміртау қаласына ұсынатын үшінші әлеуметтік нысаны болмақ. 2022 жыл бойы құрылысықа дайындық жұмыстары жүргізілді. Бұл жобаны әзірлеуге «АрселорМиттал Теміртау» ерекше ықыласпен қарады.
“Біздің басты мақсатымыз – балалар үлкен қуанышпен баратын жайлы балабақша салу. Ол барлық талаптарға сай, заманауи болмақ. Қазірдің өзінде мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді атқарылатын жұмыс көлемі көп. Қала билігі бұл аумаққа балабақшаның аса қажет екенін айтқан еді”,- деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры Гүлнар Стамқұлова.
Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Самат Зияшев бұл жобаны жүзеге асыру қалаға айтарлықтай қолдау көрсететінін айтады.
“Әлеуметтік міндеттемелер аясында біздің қала құраушы кәсіпорынымыз «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 285 орындық жаңа заманауи балабақша салуға бастамашы болды. Жоба бізге 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 80 пайызын қамтуға көмектеседі. Қаламызда 1,5 мыңнан астам бала бар. Жақын арада салынғалы жатқан балабақша аумағына 270 пәтерлік әлеуметтік үйлер құрылысының жобасы аяқталады. Ал қаланың бұл маңайында балабақша жоқ. Мемлекет басшысының саясатын қолдап, осы жобаны қолға алған кәсіпорынымызға алғыс айтамын”,- деді Самат Зияшев.
Мердігер әлі анықталмағандықтан жобаның құнын компания әлі жарияламаған. Жаңа балабақша компанияның қалаға сыйлығы ретінде Теміртаудың 4-ші кварталында орналасады. Құрылыс ағымдағы жылдың сәуір айында басталады.
“Біз балабақша 2024 жылы ашылуы үшін жобаны бір жылдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрамында жобалау бөлімі, қаржы қызметі, қамтамасыз ету, күрделі құрылыс бөлімі, қауіпсіздік қызметі, күзет және аға менеджерлерден тұратын мықты команда жиналса, табысқа жететінімізге сенімдімін”,- деді Гүлнар Стамқұлова.
Құрылыс аяқталған соң балабақша қала балансына өтеді.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз