Биыл Теміртауда кезекте тұрған азаматтарға 320 пәтер тапсыру жоспарлануда

Биыл Теміртау қаласында «Коммуналдық тұрғын үй қорын жобалау және (немесе) салу» бағдарламасы бойынша 320 пәтер тапсырылады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз алаңында өткен брифингте «Теміртау қаласының құрылыс бөлімі» ММ басшысы Нұржас Жәкітай мәлімдеді.

Бөлім басшысының айтуынша, қазіргі таңда қалада «Коммуналдық тұрғын үй қорын жобалау және салу» бағыты бойынша көппәтерлі 4 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың алғашқысы – 9 ықшамаудандағы №1 үйдің құрылысы.

«Нысанның құрылысы 2023 жылдың мамыр айында басталды. Мердігерлік ұйым жергілік Теміртау қаласының «КазТемирСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Авторлық қадауғалау ұйымы Қарағанды қаласының  «Институт Гражданпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Техникалық қадағалау ұйымы Астана қаласының «АДС САПА» жауапкершілігі шектелі серіктестігі. Нысанның жалпы құны – 895 563,4 мың тенгені құрайды», — дейді Нұржас Жәкітай.

Қазіргі таңда тұрғын үйде ішкі коммуникация желілерін тарту және шатыр жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша осы жылдың мамыр айында құрылыс толық аяқталып, үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл үйден 50 пәтер кезекте тұрған азаматтарға беріледі.

Келесі құрылысы – 4А орамдағы 60 пәтерлі №10 тұрғын үй. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қазан айында басталған. Нысанның жалпы құны – 592 674,3 мың теңгені құрайды.

«Нысанның құрылысы басталғаннан қазір уақытқа дейін 257 067,4 мың тенге қаражат игерілді. Бүгінгі күні нысанда 2 және 3 қабаттардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылысты осы жылдың маусым айының аяғына дейін тапсыру жоспарлануда. Үйде жалпы 60 пәтер болады және кезекте тұрған азаматтарымызға беріледі», — дейді Нұржан Жәкітай.

Дәл осы орамдағы 90 пәтерлі №10/1 тұрғын үйдің де құрылысы 2021 жылдың қазан айында басталған. Жалпы құны – 874 802,4 мың теңге. Жоспар бойынша үй құрылысы осы жылдың тамыз айында аяқталып, кезекте тұрған азаматтарға 90 пәтер беріледі

Ал, 120 пәтерлі №10/2 үйдің құрылысына 1 003 385,9 мың теңге бөлінген. Жоспар бойынша, жұмыстар тамыз айында аяқталып, 120 азаматқа пәтер кілті табысталады.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз