Дінбасылар елордада бас қосты

Кеше елордамыздағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дін көшбасшыларына ілтипат білдірді. Съездің басты тақырыбы — «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының рөлі».

Діни форумға Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Рим Папасы Франциск, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысып отыр.

«Құрметті дін лидерлері, құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар! Қонақжай қазақ жеріне қош келдіңіздер! Біз үшін әлемдегі ең ықпалды көшбасшыларды елордада жинап, диалог жүргізу үлкен мәртебе. Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке өз құрметімді білдіремін. Сіз діндер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қостыңыз.

Мен елімізге ежелгі ислам университетінің жоғарғы имамы әл-Азхардың құрметті докторы, шейх Ахмед ат-Тайебтің келгеніне қуаныштымын. Қазақ халқы сізді қазіргі мұсылман әлемінің көрнекті қайраткері ретінде бағалайды. Сіз адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз үлес қостыңыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев форумның ашылуында.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бұл басқасудың айрықша мәні барын да атап өтті. Әсіресе, әлемдегі бейбітшілікті сақтау мен өркениет аралық диалогты нығайтуға тараптардың барлығы мүдделі екенін осы жиын көрсетіп бергеніне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Өйткені, қазақ даласы сан ғасырдан бері Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпір болып келді.

«Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық олардың бәріне ортақ сипат. Еліміздің Алматы облысында Қойлық деген ортағасырлық қаланың орны бар. Сол жерде қазба жұмыстары жүргізілді. ХІІ-XІV ғасырларда осы қалада ислам, христиан және буддизм дінінің ғимараттары іргелес тұрғаны анықталды. Шын мәнінде Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рим Папасы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінде сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарға сәлемін жолдап, ізгі тілегін білдірді.

«Біз көптеген ғасырлар бойы үлкен керуендер өткен жерлерде өмір сүріп келеміз. Бұл жерлерде Жібек жолының арқасында көптеген әңгімелер, идеялар мен сенімдер бір-бірімен байланысты болды. Қазақстан — бір-бірінен алыста жүргендердің кездесуіне септігін тигізген жерге айналды. Осының арқасында кездесулер үшін жаңа жол ашылды. Оның негізінде адами қарым-қатынас, құрмет пен адалдық жатыр», деді Рим Папасы.

Отырыс барысында қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің күн тәртібін, сондай-ақ, VII Съездің қорытынды декларациясының жобасын талқылады.

Сонымен қатар іс-шара қорытындысы бойынша Съезд Хатшылығының келесі XXI отырысын 2023 жылдың күзінде Қазақстан астанасында өткізу туралы шешім қабылданды. Ал Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIII Съезі 2025 жылы Нұр-Сұлтанда өтетін болып шешілді.

Айта кету керек, форум жұмысы бірнеше күнге жоспарланған. Оның екінші күнінде 4 секция өтеді. Бірінші секция «Діндердің қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы рөлі», екінші секция «Білім мен діни ағартудың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүру және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі», үшінші секция «Діни лидерлер мен мемлекет қайраткерлерінің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі», ал төртінші секция «Әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоуымдастықтардың рөлі» деп аталады.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз