Діни экстремизм ұғымы мен белгілері

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ата заңымыз азаматтардың діни сенімі мен бостандығына кепілдік береді. Әркім қалаған құдайына сеніп, құлшылық құлуға құқылы. Әйтсе де, бұл түбегейлі еркіндік беріліп, бетімен жіберу дегенді білдірмейді. Өйткені, дін адамның санасына тигізер ықпалы зор.

Әңгіменің әлқисасын «Дәстүрлі дін» ұғымынан бастасақ. Бұл терминнің айналымға енгеніне көп бола қойған жоқ. Өйткені, бұрын дәстүр мен дін егіз ұғым саналатын. Алайда қазір қоғамның тыныштығын бұзып, іштен іріткі салуды көздейтіндер азаматтарды діни сенімі арқылы арандатуды қолға алған. Сондықтан да шынайы дін мен экстремистік ағымдардың аражігін ажырату мақсатында «Дәстүрлі дін» ұғымы пайда болды.
Дәстүрлі дін – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын, дәстүрі мен мәдениетін жоққа шығармай, қайта оны құндылықтармен толықтырып, ұрпаққа қалдырады. Ғылымды жоққа шығармайды. Егер қандай да бір мәселеге қатысты күрделі сұрақ туындай қалса, оның жауабын кітаптардан, ғалымдардың еңбектерінен іздейді. Дәстүрлі діннің өкілдері әр айтқан сөзіне, іс әрекетіне толықтай жауапкершілік алады. Айналасындағы жандарға мейірім танытып, олардың әлеуметтік статусына, ұлты мен дініне қарамастан көмек қолын созуды адами парызы санайды. Қашан да бейбітшілік пен бауырмалдықты, көркем мінезді жоғары қоя біледі.
Ал, экстремистік бағыттағы діни ағымдар ше? Олар сырт көзге өте діндар болып көрінуі мүмкін. Әр сөзін, іс-әрекетін дінмен байланыстырып, көптің көзіне тақуа болып көрінуге ұмтылады. Мұндай ағымдар адам құқығы, зайырылық қағидалар мен демократиялық көзқарас қатаң сақталған мемлекеттік құрылымды құртып, оның орнына диктатура орнатуды көздейді. Заң нормалары мен талаптарын мойындамайды. Сондықтан да, зорлық-зомбылықты, мемлекетті басып алуды ашық насихаттап, қарулы жасақ құруға ұмтылуы мүмкін. Экстремистік ағымдар адамды діни сеніміне қарай бөледі. Өздерінің көзқарасына сай келмейтіндерді кемсітіп, оларға қарсы қылмыс жасауды ашық қолдайды.
Көп жағдайда экстремистік ағымдардың жетегіне білімі төмен, әлеуметтік аз қамтылғандар мен қоғамдағы орнын жоғалтып алған жандар ілесуі мүмкін. Әйтсе де, бұл білімді адамдар адасқан ағымдар жетегіне ілесіп кетпейді дегенді білдірмейді. Кейде ғалымдар мен көрнекті адамдар да экстремистік ұйымның өкілі болып шығуы мүмкін. Бұған психологиялық факторлар да өз ықпалын тигізеді. Әрі, экстремистік бағыттағы азаматтар көптің алында жүрген зиялы қауым өкілдерін арбауға ерекше мән береді. Себебі бұл азаматтардың сөзі өтімді болуы мүмкін.
Иә, дін мемлекеттік биліктен бөлек болса да, қоғамның ажырамас бөлігі. Дәстүрлі діндер мұны мойындайды әрі қоғамдық тыныштық пен ғылым-білімді дамытуға шақырады. Ал, экстремистік ағымдар керсінше мемлекетте қара түнек орнатып, абсолютті билікті уысында ұстауға ұмтылады. Сол арқылы қоғамның дамуына тұсау салып, қараңғылыққа бастайды. Сондықтан да, оған қарсы тұру – маңызды. Бұл ретте жастар арасында діни білімді ресми дереккөзден ғана алуды үндеп, экстремизмге қарсы күресте жұмыла жұдырық бола білу керек.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
Қалалық ақпараттық-түсіндіру
тобының мүшесі

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз