Газет – қаланың тарихы, елдің шежіресі

Журналистер күні қарсаңында үлкен іске мұрындық болып, белді бекем будық. Халқының саны екі жүз мыңнан асатын металлургтер қаласында қазақ тілді газет ашпақпыз. Әрине, қағаз басылымға сұраныс азайған шақта мұндай қадамға бару зор тәуекелді қажет етеді-ақ. Жасыратыны жоқ, халықтың басым дені ақпаратты әлеуметтік желі мен сайт-порталдан алуға үйреніп алды. Оның тиімді тұсы да жетерлік. Десек те, интернеттегі дүние бүгін бар, ертең жоқ. Ал, газет – ел мен жердің тарихы, өткен күннің куәгері.

Тарихқа зер салсақ, қаламызда бұған дейін де бірнеше қазақ тілді газет болған екен. Ең алғашқы басылым – 1947-1955 жылдар аралығында жарық көрген «Теміртау жұмысшысы» газеті. Кейін қазақ редакциясы қысқарып, «Теміртауский рабочий» газетінің қосымшасына айналды. Әуелі «Құрыш», кейіннен «Замандас» деген атаумен жарық көрді. Әйтсе де, олардың ғұмыры ұзаққа бармаған екен. Бірнеше жыл «Замандас» қосымшасын шығаруға атсалысқан «Асыл ана» алқасының хатшысы Советгүл Бекбосынқызының айтуынша, бұған маман тапшылығы және жауапты органдардың тиісті деңгейде көңіл бөлмеуі себеп болған.

– Ол кезде баспаханаларда қазақ тілді мамандар тапшы болды. Орыс азаматтары тілді түсінбегендіктен, газетте қате көп кететін еді. Бұл басылымның беделі нұқсан келтірді. Әрі, қазақша басылымға басшылық тарапынан да қызығушылық болмай, тиісті деңгейде назар аударылмады. 1 жыл 8 ай жолақыны өз қалтамнан шығарып, сонау Қарағандыдағы баспаханаға барып жүріп «Замандасты» шығардым. Кейін тұрмыстың қамы деп, әрі қарай жалғастыруға шамам келмеді. Сөйтіп ол да өз жұмысын тоқтатты, – дейді Советгүл Бекбосынқызы.

Хош делік, бұл басылымдар тәуелсіздікке дейін ашылған газеттер еді ғой. Ал, Қазақстан азат ел атанып, еңсеміз тіктелген шақта журналист Аманжол Ақынның ұйтқы болуымен 2001 жылы «Теміртау» газеті жарыққа шығыпты. Қаланың мәдени және қоғамдық өмірінен ақпарат таратып, қазақ тілінің дамуына, ұлттық зердені жаңғыртуға үлес қосқан басылымның таралымы 2 мың данаға дейін жетіп, аттай алты жыл оқырман қолынан түспеген. Кейін оның ізін «Құрыш қала» басылымы жалғастырды. Өкінішке қарай, бұл газет те түрлі келеңсіздіктерге тап болып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған екен. Содан бері қаланың қазақ тілді ақпарат кеңістігі бос жатыр. Тағы бір ескеретін аса маңызды жайт – бұрын қалада мемлекеттік тілде сөйлейтін, оқитын тұрғындардың саны аз еді. Ал, қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Тәуекелге баруымыздың да басты себебі – оқырманға деген сенім.

Айта кетейік, біз, тек, қағаз басылыммен ғана шектеліп қалмаймыз. Қаланың жаңалықтарын temirtautynysy.kz сайтынан және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Қалалық газет ашу жөнінде бастама көтеріп, біраз есікті қақтық. Шыны керек, қуана қолдап, құшағын жайған, көмек қолын созған адам аз болды. Әйтсе де, қолдаушылар да жоқ емес. Ең үлкен қолдау – «Арселлор Миттал Теміртау» АҚ қарасты этно-мәдени орталық басшысы Әлішер Жақыпбеков пен зауыттағы «Amanat» партиясы филиалы тарапынан болғанын айта кеткен жөн. Идеямызды ортаға салған алғашқы күннен бастап редакция орналасатын кабинет бөліп, рухани қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып келеді. Бұдан бөлек, комбинат ардагерлері де бастамамызды ыстық ықыласпен қарсы алып, ақ баталарын берді. Осылайша, арқадан қаққан ағалардың ықыласымен іске кірісіп, алғашқы нөмірді оқырман қолына табыстағалы отырмыз.

P/S: Ардақты ағайын, газеттің ғұмырлы болуы, тек, сіздердің қолдауларыңызға тәуелді. Газетке жазылу, сатып алу арқылы сіз қазақ тілді газеттің дамуына тікелей ықпал ете аласыз. Ал, басылымға шыққан әр мақала бүгін жаңалық, ертең тарих. Ақпарат алаңында бізбен бірге болыңыз, қадірлі оқырман!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

 «Temirtau tynysy» газетінің бас редакторы

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз