Үйсін мемлекеті

Үйсін ордасы (б.з.б. V-ІІ ғғ.) – Қазақстан жеріндегі алғашқы тайпалық бірлестіктердің бірі. Жетісу аймағына орналасқан. Егер, VIII ғасырдағы тарихшылардың Бесбалықты «Усун князының шекарасы» деп атайтынын ескерсек, үйсіндердің шығыс шегі бір кездерде Бесбалық ауданы арқылы өткен деген қорытынды жасау керек. Үйсіндер иеліктерінің шекарасы батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өткен. Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатса керек. Шығысында – Тянь-Шяньның шығыс атырауларында, солтүстігінде – Балқаш көлінен Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейін алып жатқан. Үйсіндер иеліктерінің орталығы – Іле аңғары. Дегенмен, олардың ордасы – «Қызыл Аңғар қаласы» (Чигу-Чэн, Шығу) Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығында орналасты (Қазақстан тарихы. І том, А., 1996, 248-б.).


Үйсін терминінің мағынасы осы кезге дейін анықталмай отыр. Ол Қытайдың иероглифтік жазбаларынан ғана мәлім. Қазіргі айтылуы қазақ этнонимдерінің бірі – Ұлы жүз қазақтарының басты этникалық компоненті болып табылатын тайпаның өзін атайтынындай «Үйсін» сөзіне сәйкес келеді. Қазақтың байырғы аңыз-шежірелері мен жазба әдебиетінде «Үйсін» деген атау екі түрлі мағынада – тар мағынада және кең мағынада қолданылады. Тар мағынадағы «үйсін» – қазақтың Ұлы жүзінің құрамындағы тайпаның аты. Ал, кең мағынадағы «үйсін» – Іле алқабы мен Жетісу өңірін және Оңтүстік Қазақстанды мекендеген Ұлы жүз тайпаларының жалпы аты. Ежелгі заманнан бері осы өңірді мекендеген, Іле аймағындағы албан, суан, жалайыр тайпалары осы үйсін ұлысының тармақтары.

Шежіре деректері бойынша үйсіндерді Шыңғыс хан заманындағы Майқы биден таратады. ХІХ ғасырдағы орыс ғалымы Н.Аристовтың шежіресінде (Ботбай руынан шыққан Диқанбай батырдан жазып алған) Майқы биден: Қаңлы, Бақтияр, Қырықжүз, Мыңжүз. Бақтиярдан: Үйсін, Ойсыл. Үйсіннен: Ақсақал (Абақ), Жансақал (Тарақ). Абақтан – Қараша, одан Бәйдібек, Байтулы. Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары болып саналады. Олар: Албан, Дулат, Суан, Шапырашты, Сары Үйсін, Ошақты, Ысты (Қазақ совет энциклопедиясы. ХІ том, 401-б.). Ш.Уәлиханов жазбаларында Үйсін – тайпалардың ғана емес, Ұлы жүздің барлық тайпасының түп атасы. Бұл шежіре тайпалар туыстығын көрсетеді. Алайда, көне жазба деректерге қайшы келіп жатады.

Үйсіндер туралы алғашқы деректер Қытай жазбаларында б.з.б ІІ ғасырдың аяғында ғана кездеседі. Қытай императорының сарайындағылар ғұндарға қарсы күресте одақтас іздеп, б.з.б 138 жылы Батыс өлкеге Чжан Цянь бастаған елшілік жібереді. Чжан Цяньды ғұндар тұтқынға алып, олардың елінде он шақты жылдай болады. Алайда, ол кейін қашып шығып, Жетісуға барады. Үйсіндер туралы алғашқы хабарды еліне сол жақтан апарған. Оның кезінде үйсіндер арасында сэ (сақтар) «тармағы» мен юечжилер мекендеген. Олардың айтуынша, үйсіндердің саны 630 мың адам (120 мың түтін ) болған. Олар 188 800 адамнан жасақ құрған. Жазба деректемелерде үйсін билеушілерінің жасағы – 30 мың атты әскер және «шабуыл қимылына үйретілген» бірнеше мың садақшылар жайында айтылады (Қазақ ССР энциклопедиялық анықтамасы, А., 1980, 149-б.).

Үйсін елінің ең жоғарғы билеушісі гуньмо (күнби) деп аталды. Күнби елдегі барлық қарулы күштердің ең жоғарғы қолбасшысы болды. Оған ру-тайпаларды басқаратын бектер бағынды. Бүкіл үйсін елі өз ішінде б.з.б 73 жылға дейін оң қанат, сол қанат және орта деп үш әскери-әкімшілік бөлікке бөлінді. Оң қанат пен сол қанатты екі қолбасы меңгерді. Күнби ортада отырып, бәрінің үстінен қарады. Гуньмо (күнби) өзіне қараған ел-жұртты балаларына бөліп беріп, мыңнан әскер және көшіп-қонатын жер бөліп беріп отырды. Б.з.б. 64-51 жылдар аралығында Хань империясының таққа мұрагерлікке араласуына халықтың наразылығы күшейді. Халық гуньмоның ғұн тегінен тараған мұрагерлерін іш тартты. Сондықтан, үйсін халқы мен аумағы екі бөлікке: ұлы гуньмо және кіші гуньмоға бөлінді де, олардың қарамағындағы жерлердің шекарасына межелер қойылды.

Үйсін тарихы кіші гуньмолардың үстемдік үшін ұлы гуньмоларға қарсы, ғұндарды қолдайтын және қытайларды жақтайтын саясат жағындағылар арасындағы өзара қырқысқан күрестерге толы. Б.з.б. 14 жылы ұлы гуньмо Цылыми кіші гуньмо Мочжэнньцзянның тапсыруымен өлтірілді. Цылымидың билік жүргізген уақыты – б.з.б. 45-14 жылдардың арасы – үйсін мемлекетінің дәуірлеген кезі болса керек. Өйткені, ол «билікті берік ұстады» және иеліктерінде «алаңсыз тыныштық пен бейбітшілік… орнады» деген деректеме осы уақытқа дейін жеткен (Н.Бичурин, Собрание сведении. ІІ том, 190-198-б.). Гуньмоның ордасы Шығу (Чигу-Чэн, «Қызыл Аңғар» қаласы) бекінісі мен елді мекенді қаладан тұрған. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Шығу қаласы «Ұлы Жібек жолындағы» елеулі саяси орталыққа әрі сауда пунктіне айналған. Мұның өзі аталған бірлестіктің көрші елдермен «қытаймен, ғұн, қаңлы, алан, ұйғыр, қырғыз тайпаларымен» саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды өрістетуге зор мүмкіндік жасады (Ұлы Дала мемлекеттері, А., 26-б.).

Үйсіндер басқа мемлекеттермен қыз алысу жолымен одақтастық қарым-қатынас орнатып отырды. Хань империясы және ғұн тайпалары үйсіндермен одақ болып, қыздарын үйсін гуньмоларына әйелдікке беріп отырған. Б.з.б. 108 жылы Хань патшасы У-ди өз әулетінен шыққан князь Лю Жянның қызы Шижүнге ханшалық мәртебе беріп, үйсін гуньмосы Елжау биге ханымдыққа ұзату жөнінде шешім шығарады. Ханшаның ұзатылуы – әдеттегі құдалық қарым-қатынас емес, белгілі саяси мақсаттағы құдалық. Саяси, әскери одақ жасаудың бір тәсілі еді. Бұл құдалық Хань әулеті өкіметі мен батыс өңірдегі ең ірі мемлекет – үйсіндер арасындағы одақтық байланыстың негізін қалады. Екі ел арасындағы достық барыс-келістің бастамасы болды. Сонымен бірге, Хань патшалығы ықпалының батыс өңірге енуіне жол ашты. Шижүн ханшаның біздің заманымызға жеткен «Аққу әні» деп аталатын алты шумақ зарлы жыры сақталған.

«Мені ұзатты әлемнің бір жағына,

Алыстағы жат елге – үйсін ханына.

Дөңгелек үй, туырлық там орнына,

Ет жеп, айран ішеді ас-суына,

Туған жерді сағынып, сарғаямын,

Аққу құс боп қайтсам деп ауылыма».

Соған қарап, үйсіннің киіз үйде тұрып, көшіп-қонып жүргенін байқаймыз (Қазақ тарихынан, Е.Аққошқаров, А., 1997, 35-б.).

Елжау би (б.з.б 177-104 жыл) үздік шыққан көсем, қажырлы қаhарман, соғыс өнеріне шебер, асқан ақыл-парасатты адам еді. Ол сан рет соғыс жорықтары мен қиын-қыстау шайқастарда ерлік көрсетті, өзінен әлдеқайда күшті жауларды жеңді. Б.з.б. II ғасырда үйсін ұлысын Іле алқабындағы құтты мекен қонысқа орнықтырып, Іле өзені алқабында дербес үйсін мемлекетін құруға маңызды үлес қосқан. Сондықтан, үйсін елінің халқы оны ардақтап, керемет киесі етіп табынған (Н.Мыңжан, Қазақтың қысқаша тарихы, А., 1994, 71-б.).

Үйсін елінің Хань патшалығымен құдандалық байланыс орнатып жатқанын естіген ғұн билеушілері қатты қауіптенеді. Сондықтан, ғұндар да Елжау биге өздерінің бір ханшасын ұзатады. Үйсін күнбиі ғұн қызын өзінің сол тізесін басқан ханымы (ғұндардың ғұрпы бойынша сол тізесін басқан бәйбіше нағыз ханым болады екен), ал, қытай қызын оң тізесін басқан ханымы деп белгілеп, сол арқылы ғұндармен де ат кекілін кесісе қоймайтындығын білдіреді.

Үйсін елінің мемлекеттік беделі артып, күші кемеліне келген кезде кейбір елдердің билеушілері елін жау шапқан кезде үйсіндерді паналаған. Мысалы, ғұндардан жан сауғалаған солтүстік чештер билеушісі Угу 68 жылдан 62 жылға дейін үйсіндерде болды (Қазақ ССР энциклопедиясы, 149-б.).

Қытайдың Хань дәуіріндегі әулеттік жазбаларында үйсіндердің саяси тарихын баяндап жазу, шамамен алғанда, б.з. III ғасырына дейін жеткізілген. «Бәйшуде» (Юань Вэй әулетінің тарихы) б.з. 437 жылы үй­сіндер Хань сарайына елшілер жібергендігі туралы хабар бар. Тіпті, б.з. X ғасырындағы деректемелерінде үйсіндер жөнінде айтылады. Мысалы, император Тай Цзунның хроникасы «Ляошиде» тугу-хунь, үйсін және мохэ тайпалары туралы 938 жылға жататын жазудың болғандығы айқындалды. Академик В.Бартольд «Жетісу тарихының очеркі» деген кітабында және қазақ халқының ауыз әдебиеті тарихында үйсіндердің негізін құрушылардың бірі – дулат атты тайпаның болғанын айтады (Б.Жұмақаева, Қазақстан тарихы, А., 2010, 24-б.).

Үйсін бірлестігінің халқы жартылай көшпелі ел болған. Мал бағып, жер өңдеуді кәсіп еткен. Ақтас қыстау-қонысын қазып ашқанда үйсіндерде егіншілік болғанын тікелей дәлелдейтін олжалар табылды. Бұл жер өңдеу құралы – тас кетпендер және егін жинау құралы – қола орақ (сынығы). Тастан жасалған дәнүккіштер өсімдік тағамының тұрақты тамақ құрамына кіргенін айқын көрсетті. Мәселен, Ақтас қыстау-қонысының үйлерінде 11 бүтін дәнүккіш және 15 дәнүккіштің сынықтары табылған. Олардың бәрі де ұзақ уақыт пайдаланудан әбден тозған. Іле, Шу, Талас алқабынан суландыру жүйесінің іздері табылды. Отырықшылық пен егіншілік ертедегі үйсіндерде біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында-ақ болған деуге негіз бар. Ал, б.з. III-V ғасырларында, сірә, бау-бақша, жеміс-жидек шаруашылығы, тәлімі егіншілік түрінде оның ілгері дами түскені өзінен-өзі түсінікті.

Үйсін бірлестігінде малға жекеменшік болды. Ру-тайпалардың жайылымдары иеліктерге бөлініп, қазына-байлық тайпа көсемдерінің қолына жинақталды. Жекеменшік туралы жазбаша деректемелерде де айтылған. Сыма Цянь тарихи жазбаларында «үйсіндерде бай адамдардың төрт мыңнан бес мыңға дейін жылқысы болады» деген мәліметті бірінші рет келтіреді (Н.Бичурин).

Көшпелі үйсіндер өнерінің алғашқы даму кезеңі б.з.б. ІV ғасырда биік сатыға көтерілген. Қарғалыдан (Алматы маңында) табылған алтыннан қақтап жасалған, асыл тастар орнатылған, неше алуан өрнектеп әсемделген бұйымдар үйсін өнерінің бірден-бір айғағы бола алады. Тоқымашылық, жіп иіру, сүйектен түрлі бұйымдар істеу кәсібі дамыды. Темір мен қоладан еңбек құралдары, қару-жарақ, әртүрлі үлгідегі қапсырма әшекейлер жасалды.

Ежелгі үйсін қоғамында құл еңбегі өндірістің негізіне айналмаса да, құл иелену болды. Дүние жүзіндегі көптеген елдердердегі сияқты, үйсіндерде де ол кезде құлдықтың бір көзі соғыста тұтқынға түскендер болды. Жазба деректерде б.з.б. I ғасырда үйсін гуньмосы Вань-Гуйни (Фэнван) кенеттен ғұндарға шабуыл жасап, 40 000 адамды тұтқынға алып, өзімен бірге айдап әкеткендігі туралы жазылады (К.Ақышев).

Ғұн түркі болса, ғұнның туысы, ағайыны үйсінді басқа бір халық еді – сэ (сақ), иран тұқымдас деуге орын жоқ. Үйсін тілі – таза түркі тілі (Ғ.Мұсабаев).

Үйсін мемлекетінің Чигу-Чен («Қызыл Аңғар») астанасынан басқа да көптеген қалалары, сауда орталықтары болған. Олар Шығыс Жетісу жеріндегі – Сүмбе, Лепсі, Батыс далалық аймақтарындағы – Суяб, Құлан, Ақтөбе және т.б. қалалар.

Б.з.б. III ғасырдан X ғасырға дейінгі 1200 жылдық үйсін тарихында үйсін гуньмоларының тек 10 ұрпағы жөнінде ғана нақты дерек сақталған: Нәнді би (б.з.б. 177 жылдан бұрын), Елжау би (б.з.б. 177-104 жж.), Жөнші би (б.з.б. 104-93 жж.), Оңқай би (б.з.б. 93- 60 жж.), Най би (б.з.б. 60-53 жж.), Янғұн би (б.з.б. 53-51 жж.), Шын би (б.з.б. 51-33 жж.), Цылыми (б.з.б. 33-16 жж.), Еже би (б.з.б. 10-7 жж.).

Үйсін бірлестігінің еңсесін көтеріп, ел еткен біртурар ерлер (Қазақтың қысқаша тарихы, 73-б.). Үйсін мемлекеті толассыз соғыстардан, ушыға түскен тақ таласы әсерінен әлсірей түсті. Нәтижесінде, үйсін жұрты VI ғасырдың орта шенінде құрылған Түрік қағандығының құрамына енді.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз