Күн тәртібінде — экология мәселесі

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Теміртау қаласында «Саф ауа» экологиялық бастамаларының аймақаралық форумы өтті. Мұндай жиын алғаш рет былтыр Өскемен қаласында болған екен.

Форумның мақсаты – өнеркәсіптік өңірлердің экологиялық проблемаларына назар аудару және оларды шешудің жолдарын іздеу. Оны Еуропалық Одақтың («Орталық Азиядағы орнықты энергетикалық байланыстар (SECCA)» жобасы арқылы), ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «ECOLER» қазақстандық қауымдастығы ұйымдастырды.
Бұл жөнінде аталған қауымдастық кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова: – Таза ауа, салауатты табиғат – бұл жай ғана сөз емес, бұл біздің балаларымыздың болашағы, бұл бүкіл Қазақстанның әл-ауқатының негізі. Сондықтан да, біз «Саф ауа» форумын экология мәселелері ерекше назар аудартатын және кешенді шешімдерді талап ететін Теміртау қаласында өткізіп отырмыз. Біз мемлекеттің, бизнестің және жұртшылықтың бірлес¬кен күш-жігері, озық технологияларды тарту және өнеркәсіпті дамытуға жауапты көзқарас жағдайды оңалта алады деп сенеміз. Өңірлердің экономикалық табыстары ғана емес, таза ортасы да бүкіл Қазақстан үшін үлгі болсын. Біз соған ұмтыламыз, – дейді.
Форумға Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Еуропалық Одақ¬тың Қазақстандағы өкілдігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Қарағанды об¬лысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қоғам¬дастықтар, сондай-ақ, экобелсенділер қатысты.
Солардың арасынан сөйлеген Қазақ¬стан Республикасы Президентінің кеңесшісі және оның халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зүлфия Сүлейменова жасыл таксономия, климаттық қаржыландыру, Қазақстанның жаһандық бағдарламаларға қатысуы, сондай-ақ жасыл экономикаға көшу мәселелерін көтерді.
– Климаттық қаржыландыру жаңғыртуға бағытталған. Мысалы, электр қуаты желілері жақсы жұмыс істеуі үшін ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) интеграциясы бөлігін жаңғырту көзделіп отыр. Бұл – жылумен жабдықтау жүйесін жақсарту, энергия тиімділігін арттыру, өндірісті көгалдандыру, «жасыл» болат өндірісі Қазақстанда пайдаланылуы тиіс өте маңызды жаһандық құралдар, – деп атап өтті сөзінде.
Бұл алқалы жиын Қарағанды облысында, соның ішінде Теміртау қаласында өткізілуі тегін емес. Өйткені, облысымыздың даму бағдарламасына бүгінде экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған жобалар енгізілген. Бұл баламалы энергия көздерін салу, қоқысты бөлек салатын контейнерлерді орнату, жыл сайын 1 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызу есебінен жасыл аймақтарды құру, ең бастысы, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарын газбен жұмыс істеуге ауыстыру.
– Біздің облыстағы экология – аса маңызды мәселелердің бірі. Себебі, біз өнеркәсіпті өңірміз, – деді осыған байланысты облысымыздың әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, – Бұл Қарағанды, Теміртау мен Балқаш қалаларына қатысты. Сол үшін қабылданған бесжылдық бағдарламамыз бар және біз оны орындаймыз. Біздің бюджетке түсетін экологиялық төлемдер экобағдарламаларды орындауға жұмсалады. Биылдың өзінде біз осы мақсаттарға 40 миллиард теңге бөлдік.
Ал, Теміртаудағы QARMET АҚ бас директорының орынбасары Евгений Зицко өздерінің зиянды қалдықтардың қоршаған ортаға әсерін азайтуды ескере отырып, 2024-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын таныстырды.Соның ішінде болат дивизионын біртіндеп газдандырып, көгалдандыруға көңіл бөліп, соған осы жылы 29,7 миллиард теңге бөлгендерін айтты.
QARMET АҚ өкілдері қоршаған ортаға әсерді азайтуды ескере отырып, алдағы жылдарға жасалған даму стратегиясын таныстырды. Көміртекті бейтараптыққа көшу жағдайында көмірді газсыздандыру және көмір химиясы Қазақстанның көмір өнеркәсібін дамытудың стратегиялық маңызды бағыттарына айналатыны атап өтілді. Көмірді отын ретінде тұтынудың төмендеуіне қарамастан, оны қайта өңдеу, соның ішінде пиролиз, газдандыру және гидрогенизация әртүрлі органикалық және бейорганикалық өнімдерді өндіруге мүмкіндіктер ашады. Қазақстанда көмір химиясын дамыту жаңа жұмыс орындарын құруға, жаңа нарықтарға шығуға және ішкі сұранысты қанағаттандыруға ықпал ететін болады.
Қоршаған ортаны бақылаудың автоматтандырылған жүйесін (АМЖ) енгізу мәселелері жеке талқыланды. АМЖ белсенді қолданылатын өңірлерде соңғы бес жылда ауаның ластану деңгейі 15-20%-ға төмендегені, экологиялық апаттар мен төтенше жағдайлардың жиілігі де ықтимал қауіптерді жедел анықтау мен жоюдың арқасында 10-12%-ға төмендегені атап өтілді.
Қатысушылар, сондай-ақ, Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін кешенді шешу қажеттілігі туындағанын атап өтті. Бүгінгі таңда саланың 1000-нан астам кәсіпорны сапалы шикізат тапшылығын көріп отыр, бұл олардың өндірістік қуаттылықтарының жүктелмеуіне әкеледі. Жағдайды түзету үшін қалдықтарды басқару саласында жалпы сомасы 230 млрд теңгеден асатын 94 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, 49 қоқыс сұрыптау кешені салынады, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 45 кәсіпорын жаңғыртылады, бұл 800-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Форумда өнеркәсіптің энергетикалық трансформациясы, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру стратегиясы және құрылыста жасыл технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
– «Энергетика мен қоршаған орта арасындағы байланыс айқын. Планетамыздың тұрақтылығы көбінесе бұл қатынастың қаншалықты үйлесімді болатынына байланысты. Экономикалық өсімді жоғары көміртегі ізі бар ресурстарды тұтынудан бөлу Еуропалық Одақ үшін де, Қазақстан үшін де стратегиялық маңызды басымдық болып табылады. Осыған байланысты көміртегі шығарындыларына баға белгілеудің әділ жүйесін құру Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын тиімдірек қысқартуға мүмкіндік береді. Еуропалық Одақ Қазақстанның шығарындыларға квоталар саудасының еуропалық және қазақстандық жүйелерін жанастыру жөніндегі мақсаттарын толық қолдайды. Біз ЕО трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі (CBAM) туралы жағдайды тұрақты талдау жөніндегі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің күш-жігерін жоғары бағалаймыз және өз тарапымыздан барлық қажетті ақпаратты беруге дайынбыз, – деді Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің Бағдарлама менеджері Роберт Брудзински.
Форумда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне байланысты экология тақырыбына салған суреттерімен жүлделі орын алған оқушылар мен мұғалімдер дипломдармен, экобелсенділер Құрмет грамоталары, Алғыс хаттармен және ведомстволық медальдармен марапатталып, одан кейін жиынға қатысушылар Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы жанындағы баққа ағаш көшеттерін отыр-ғызды.
Табиғат тазалығы толғандырып, кеңінен сөз етілген форум нақты ұсыныстары бар қарар қабылдап, ол мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың халықаралық ұйымдардың атына жіберілетін болды.

Ержан ИМАШ

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз