Көпшілік көптен күткен кездесу

Осы жексенбіде жерлесіміз Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасында супер орта салмақтағы Абсолютті әлем чемпионы атағы үшін үшінші жекпе-жек өтеді. Былғары қолғап шеберлері Лас-Вегаста жүздесіп, жекпе-жек аптасын ресми түрде ашқан болатын.

Боксшылар жекпе-жек апталығы аясында алғашқы көз арбасу рәсімін өткізді. Әлем халқы бұл кездесуді көптен бері күткен еді. Әсіресе жерлесіміз Геннадий Головкинге қатысты қауесет көп. Соның бірі – «бұл – оның соңғы жекпе-жегі» деген сөз. Әйтсе де былғары қолғап шебері бұл қауесетті жоққа шығарды.

– Менің әлі жоспарым көп. Менің туған елім бар, Қазақстанда жекпе-жек өткізуім керек деп ойлаймын. Бір жағынан, пандемия басталғалы зейнеттемін. Ал, екінші жағынан, менде бокс әлеміне деген жоспарларым әлі бар, – дейді Геннадий Головкин.

Жекпе-жек Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада штаты) T-Mobile Arena аренасында өтеді. Екі боксшының шаршы алаңға шығатын уақыты елорда уақытымен 08:00-ден кейін басталады деп жоспарланып отыр. Осыған орай Қарағанды қаласында бокс жанкүйерлері үшін арнайы жағдайлар жасалып отыр. Яғни қала тұрғындары жекпе-жекті қаланың екі үлкен экранынан көре алады.

Қарағанды әкімдігінің хабарлауынша, шайқас Жаңа Майқұдық мәдениет үйі (Магнитогорск көшесі, 19) және «Шахтёр» стадионының шығыс трибунасы маңындағы LED-экрандардан көрсетіледі. Сағат 07:00-де басталмақ.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз