Кадрлық өзгерістер
Теміртау қалалық білім бөлімі мен Теміртау қаласы Атамекен кәсіпкерлік палатасы филиалына жаңа басшы тағайындалды. Қала әкімі Ораз Тәуірбеков кезекті аппарат кеңесінде аталмыш салаға жаңадан тағайындалған басшыларды таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Теміртау қалалық білім беру бөлімінің басшысы лауазымына Халипа Қорабайқызы тағайындалды.
– 2016 жылы Орал педагогикалық институтының физика-математика мұғалімі бойынша түлегі. Еңбек жолын 1990 жылдары Батыс Қазақстан облысының Бостандық ауылының округінде физика-информатика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Бұдан әрі 2000 жылдан Теміртау қаласының №22 орта мектебінде мұғалім болып, 2002 жылдан №4 мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары, 2005-2018 жылдар арасында №7 орта мектебінің директоры қызметін атқарды, – деп қала әкімі Ораз Тәуірбеков әкімдіктің аппараттық кездесуінде жаңа басшыны көпшілікке таныстырды.
Айта кетейік Халипа Жаудинова 2018 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Бүгінгі күнге дейін білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі және басшының орынбасары болған.
– Өзіңіз білетіндей, өткен жылыту маусымы қиын жағдайда өтті. Әсіресе №1,6,9,10,11,12,20,22,24, Қыздар гимназиясы, Жұбанова музыкалық мектебі мен Балдырған, Нұрай, Қарлығаш балабақшаларында жағдай мәз болмады. Сондықтан осы жағдайды еске алып, қазіргі таңда атқарған жұмыстарды ерекше бақылауға алып, келесі жылыту маусымына дайындық барысында барлық анықталған ақаулықты жоюды талап етемін. Сондай-ақ жөндей жұмыстары жүріп жатқан білім ордаларын ерекше бақылауға алыңыздар, – деп шаһар басшысы Халипа Қорабайқызына талап қойды.
Сондай-ақ, Теміртау қаласы Атамекен кәсіпкерлік палатасы филиалы директоры болып Эльмира Смайлова тағайындалып отыр.
2000 жылы Қарағанды экономикалық университетін «Аудит және алық салу» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолына келсек, 2000-2019 жылдар арасында Теміртау қаласындағы Салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген. 2019-2021 жылдары «СТЭКА» өндірістік корпоротивінде еңбек еткен. «Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінде сондай-ақ жеке меншік ұйымдарда бухгалтерлік қызметті атқарған. 2021-2023 жылдар аралығында Теміртау қаласының Салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы болды.
– Экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі ол бизнес жұмысының заңнамалық және өзге де нормативтік қағидаларын қалыптастыру процесіне барлық кәсіпкерлерді кеңінен қамтуды қамтамасыз ету. Өңірлік деңгейде тартымды бизнес ортаны қалыптастыру бойынша барлық күш-жігеріңізді салады деген ойдамын. Келіп түскен мәселелер жедел пысықталу керек. Өзіңіз білесіз, өңірімізде өндіріс жақсы дамыған. Қаланың экономикалық жағдайы қала құрушы мекемемен тығыз байланысты. Сондықтан шағын және орта бизнестің қалаға қосқан үлесі біз үшін өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет, – деп әкім жаңа басшыларға сәттілік тілей отырып талабын жеткізді.
Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ,
«Temirtau tynysy»