Кеншілер ұжымдарының мәселелері бақылауда
Қарағандыда кеншілер ұжымдарының мәселелері жөніндегі келісім комиссиясы жұмысын жалғастыруда. Кезекті отырысты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өткізді. «АрселорМиттал Теміртау» Көмір департаментінің шахталарын дамыту әлеуеті талқыланды.
– Келісім комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Кеншілер ұжымдарын толғандыратын мәселелердің көпшілігі оң шешім тапты. Бұл, әрине, біздің кәсіпорындардың тұрақты жұмысына ықпал етеді. Бірақ біз жауабын күтіп жүрген бірқатар жүйелі сұрақтар қалып отыр, – деп атап өтті «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.
Ең бастысы – мерзімнен ерте зейнетке шығу. Кеншілер ведомствоның ұстанымын тыңдау үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездесуді күтетіндерін жеткізді. Ермағанбет Бөлекпаев бұған көмек көрсетілетінін айтты.
Компания өкілдері инвестициялық жобалар, жабдықты жаңарту жоспарлары туралы хабардар етті. Кездесуде «АрселорМиттал Теміртау» басшылығынан инвестициялық бағдарлама әр шахтаның ұжымдарына ұсынылуын талап етілді.
– Бұл ақпарат қол жетімді болуы керек. Презентацияларды кәсіпорындарға орналастырыңыздар, кездесулер өткізіңіздер. Кеншілер өз шахталарының болашағын көруі тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, қызметкерлерді сауықтыру мәселесі көтерілді. «Шахтер» демалыс үйі мен «Жартас» шипажайы жөндеуге жабылғаннан кейін кеншілер Қазақстанның шипажайларына жолдама ала алады. Компания басшылығы бұл мәселеде ешқандай проблема болмайды деп сендірді.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз