Костенко атындағы шахтада қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілуде

Бүгінгі таңда барлық 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем алды, кәмелетке толмаған және 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды, деп хабарлады Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Мемлекет қаза тапқан кеншілердің отбасыларына әрі қарай да қолдау көрсететін болады.

Өз тарапынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 44 отбасына 10 жылдық жалақы төледі. Қаза тапқан кеншілердің, олардың жұбайының, ата-аналары мен балаларының несиелері өтелді. Сондай-ақ, жұмыс беруші пәтер сатып алады – әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр пайдалы алаң есебімен, 18 жасқа дейінгі балаларға сақтандыру төлемдері болады (оқу кезеңінде 23 жасқа дейін).

Қазір зардап шеккен төрт адам медициналық мекемелерде ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа және жеңіл деп бағалайды. Пациенттер барлық қажетті медициналық көмекті алуда.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз