Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу — ұлы мақсат

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақстан Музей қызметкерлерінің I Конгресі», «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы және музей ісі» атты тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Қарағанды облысының музей саласының қызметкерлері ашық іс-шараға қатысып, арнайы сертификаттармен марапатталды.


«Музей — рухани тәрбие ошағы» дейді халқымызда. Шын мәнінде музей — адамзаттың рухани, материалдық құндылықтарының, ғылыми жетістіктерінің дамуы мен жай-күйін баяндайтын мәдениет ордасы ғана емес, ұрпақ жалғастығының негізгі алтын көпірінің бірі. Жыл сайын қарыштап қадам басып келе жатқан Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа заманда жаңаруға деген ішкі ұмтылыс – біздің барлық саладағы дамуымыздың ең басты қағидасы. Сондықтан да музейлердің де өмір сүру үшін заман ағымына қарай жыл санап өз жұмыстарын жандандырып отыруы маңызды. Әйтпесе музей де тарихтың шаңына көміліп қала бермек.
Музей қызметкерлері заман талабына байланысты өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, өз халқының тарихына, мәдениетіне және дәстүрлеріне деген құрмет сезімін тәрбиелеу мақсатында әртүрлі әдістемелік білім беретін бағдарлама және музей сабақтарын өткізеді. Ұйымдастырылып отырған бағдарламалар жастардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, көрнекілік құралдарды, электронды презентациялар мен бейнефильмдерді пайдалана отырып әзірленеді.
Жас ұрпақты өз халқының тарихын, салт-дәстүрін, тілін білетін, мәдениетті, адами қасиетті терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Болашақ үшін ұлттық құндылықтарды сақтап қалудың маңызы өте зор. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет — өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Осындай тағылымды жобалар арқылы өскелең ұрпақты ата- бабамыздан келе жатқан асыл мұраны сақтап қалуға күш саламыз. Осы құндылықтарды насихаттауда музей қызметкерлерінің атқаратын адал еңбегін атап өтуге болады. Конгрессте музей саласындағы өзекті мәселелер қозғалып, жеткен жетістіктерімізді де айтып өтті.
Музей саласы қызметкерлерінің шығармашылық ізденімпаздығы мен ұшқыр ойларынан, еліне деген құрметі мен сүйіспеншілігінен өткізілген іс-шаралар келушілер тарапынан аса қызығушылыққа ие болады. Бұл музейге келушілер санының артуына үлкен ықпалын тигізеді. Жыл сайын музейлерге көптеген келушілер келеді және бұл біздің еліміздің тұрғындары ғана емес, сонымен қатар ерекше мейірімділік пен қонақжайлылық атмосферасын атап өтетін шетелдік қонақтар. Шет мемлекеттен келген қонақтар, халқымыздың ұлттық-тарихи құндылықтарын тек музей арқылы танып біледі. Сол себепті, музей қызметкерлерінің еңбегі ерен.
Сондықтан да бүгінгі ұрпақ ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинаған ұлттық құндылықтарын көзінің қарашығындай сақтауы тиіс. Осы құндылықтарды сақтаумен қатар, оны келешек ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз. Бұл дегеніміз тілімізді де, ділімізді, өнер мен мәдениетімізді де сол қалпында сақтау болып табылады. Бабадан мирас болып қалған асыл мұраларымыз бен тарихи ескерткіштерімізді көздің қарашығындай сақтап, мәдениетіміздің жауһарларын әлемнің өзге халықтарына паш ету арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазынамызды болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізу үлкен міндет пен жауапкершілік, және де ұлттық құндылықтарымызды бағалай білетін ұрпақ тәрбиелеу өзекті мәселе.
Сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмасы анық, сондықтан жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін үрдіс.

Ләззат Диханбаева,

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының
ғылыми қызметкері

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз