Мәңгілік елдің ұлы тарихы Тәуелсіздік күнінен бастау алады

Тәуелсіздік – қазақ дүниетанымындағы қасиетті ұғым. Еркін ел болу бақыты қазақ халқына бұйырып отыр. Өзімізді егемен, әлемдік қауымдастықта өз орнын алған елміз деп айта аламыз Мәңгілік елдің ұлы тарихының өзі осы күннен бастау алды.

Әйтпесе, қазақтан саны бірнеше есе көп болса да, әлі тәуелсіздік ала алмай отырған ұлттар бар. Мұны неге айтып отырмын? Қазіргі таңда халқымыздың көпшілігі осы Тәуелсіздіктің мәнін түсіне алмай жүрген сияқты. Кейбірі тәуелсіздік бізге өзінен-өзі келді, КСРО ыдырап, барлық республикалар бөлініп, солардың қатарында Қазақстан да еркіндік алды деп санайды. Сәл тереңіне бойласақ, бұл – теріс ұғым. Себебі, патша дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едәуір бөлігінде қалыптасты. Бірнеше жүз жыл отаршылдық тарихында еліміздің батыс аймақтарының өзінде 400-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістер болған екен. Сондықтан Тәуелсіздікке жету жолында қаншама қан төгілгенін жете түсінген дұрыс. Кешегі кеңес дәуірінде де еліміз бодандықта болды. Сондықтан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында жастардың алаңға шыққанын мен көтеріліс деп айтар едім. Жастар алаңға ұлт азаттығы үшін шықты. Көтерілістің астарында тіліміздің аяққа басылғаны, аясы тарылғаны, ұлтымызды кемсітушілік, ұлттық мәдениетіміздің дамуының шектелуі секілді мәселелер бар еді. Қаншама жастарымыз жазаланды, оқудан шығарылды, жұмысынан қуылды. Бұл көтеріліске зиялы қауым өкілдері де қатысты. Кейін олар да қудаланды. Сондықтан тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ. Кеңес Одағының өзге елдерінде болған көтерілістерге Желтоқсан оқиғасы серпін берді. Солардың барлығының бастауында қазақ жастары тұрды. Салдарынан үлкен империя ыдырады. Тәуелсіздік мерекесін қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде жатыр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз