Ғ.Мүсірепов театры қарағандылық көрерменмен қауышады

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сәуір айының 22-23 күндері Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық Қазақ драма театрына гастрольдік сапармен келеді.

Саф өнермен жасөспірімдердің жүрегін жаулап, балалардың бабын тауып, ересектерді естен кетпес әсерге бөлеп жүрген театр алматылық ғана емес, облыстық өңірдегі көрерменнің сұранысына ие болып, қошеметіне бөленіп жүр. Қазақстанның қалаларын аралауды мақсат тұтқан театр көктемнің көрікті күндерінде еліміздің өңірлеріне гастрольдік сапарын бастайды. Аталмыш өнер ұжымы Қарағанды қаласында театрдың өткен маусымында «Сезім сапары» атты спектакль-тур аясында «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымының бірнеше көрсетілімін аншлагпен сахналаған болатын. Қазіргі таңда араға бір жыл салып, жаңа маусымда қарағандылық көрерменнің сұрауымен екінші мәрте қазақ әдебиетінің жауһар жазушылары, қарымды қаламгерлері Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», М.Әуезовтың «Қарагөз» шығармалары сахналанады. Өнер ұжымы қарағандылық көрерменнің ыстық ықыласы мен сансыз сұрауын ескеріп, репертуардағы қазақ әдебиетінің інжу-маржаны саналатын таңдаулы туындыларды ұсынбақ.

Сан жылдар бойы көрерменнің сүйікті мекеніне айнала білген тұғырлы театр сұлу  өнерді сүйетін өңірге қазақ әдебиеті мен әлем классикасының озық үлгілері ұсынады. Сәуірдің 22-23 күндері сағат 14:00-де және 18:30-да мәңгілік махаббат дастанын дәріптейтін «Махаббат, қызық мол жылдар» (авт.:Ә.Нұршайықов, реж.:Ф.Молдағали), 23 сәуір 18:30-да  «Қарагөз» (авт.:М.Әуезов, реж.:Ф.Молдағали) қойылымдары көпшілік назарына ұсынылады. Аталмыш қойылымдарға билеттер С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық Қазақ драма театрының ТИКЕТОН сайтында қолжетімді. Ұлтымыздың інжу-маржаны, алтын қазынасы саналатын шығармалардың кәсіби режиссерлік шешімдермен сахналануында сіздерді күтеміз! Театр және кино өнерінің белді белестерін бағындырып, көрерменді мөлдір өнермен сусындатып жүрген Дархан Сүлейменов, Ерден Жақсыбек, Гүлбаһрам Байбосынова, Толқын Нұрбекова. Аида Жантілеуова және т.б. қазақ өнерінің өрістеуіне үлес қосып жүрген артистердің шығармашылықтарына шолу жэасап, рухани демалуға шақырамыз! Арқаның ақ төріндегі театрда кездескенше, қарағандылық құрметті көрермен!

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз