Мәжіліс пен мәслихат сайлауы: талап қалай өзгерді?
735 күн. VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары осынша күн ғана жұмыс істей алды. Қарапайым тілмен айтқанда, олар Парламенттің төменгі палатасында 2 жыл 4 күн ғана отырып, Президент Жарлығы бойынша таратылды. Бұған елде былтыр басталған ауқымды саяси реформалар себеп болғанды. Қазақстандағы саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуды көздейтін реформа жаңа адамдардың билік тізгінін ұстауына да жол ашпақ. Сонымен, бұл жолғы Парламент пен Мәжіліс сайлауында не өзгереді? Қандай талап қойылады? Тарқатып көрсек.
Мәжілісті таратудан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысының және Парламенттің қос палатасы төрағаларының қатысумен кеңес өткізген болатын. Кеңесте Мемлекет басшысы былтыр кезектен тыс Президент сайлауы өткенін және қаңтарда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланғаны еске салып, ендігі кезек Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарға жеткенін айтты. Бұл өзгеріс елдегі саяси жаңғыртулары жүйелі жүргізу үшін қажет болған. Әрі халықтың да таңдауы сол.
– Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды, жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан ары жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек, – деген Мемлекет басшысы барша қазақстандықты азаматтық жауапкершілік танытып, алдағы сайлауға белсене қатысуға шақырды.
Президенттің Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарды тарату туралы Жарлығынан соң Орталық сайлау комиссиясы отырыс өткізді. Онда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау барысы талқыланды. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров Президент жарлықтары, 2022 жылдың қыркүйегіндегі Жолдауында белгілеген сайлау науқандарының кестесіне сәйкес Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталғанын хабарлады.
Биыл 1 қаңтардан бастап Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшу жөніндегі нормалар қолданысқа енгізілді. Аралас сайлау жүйесі аясында барлық деңгейдегі өкілді органдарға бірмандаттық округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторына және жергілікті жерлерде азаматтардың мүдделерін тікелей білдірудің пәрменді құралына айналады.
Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды өкілдік ету жүйесі, 29 депутат – бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана мәслихаттарына барлық депутаттың 50%-ы мажоритарлық жүйе бойынша, 50%-ы партиялық тізімдер бойынша сайланады. Аудандар мен қалалардың мәслихаттары толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланбақ. Жалпы, алдағы сайлауда 223 мәслихаттың 3145 депутаты сайлануы тиіс.
Парламент Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күні басталып, сайлауға отыз күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады (20 қаңтардан 8 ақпанға дейін 20 күн). Тіркеуді өткізу мерзімі 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзім аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннен бір күн бұрын, яғни 18 ақпан сағат 18.00-ден 18 наурыз сағат 00.00-ге дейін). Егер басқа дауыс беру уақыты белгіленбесе, дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi. Егер дауыс беруді аяқтаудың басқа мерзімі белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақытпен сағат 20.00-де дауыстарды санай бастайды және сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы толтырады. Осылайша, сайлау тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының жалпы ұзақтығы 59 күнді құрайды.
Айта кету керек, елімізде Мәжіліске бір мандатты сайлау жүйесі соңғы рет 2004 жылы өткен болатын. Жаңа талап бойынша, енді 29 орын партияда жоқ адамдарға берілмек. Бұл көптің алдында жүрген, өздерінің саяси ұстанымдары бар азаматтардың Мәжіліске баруына жол ашпақ.
Қазақстан Республикасы ОСК-ның 2022 жылғы 24 желтоқсандағы № 130/625 қаулысымен бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлауды өткізу үшін сайлау округтері құрылды. Қарағанды облысына 2 орын (№18, №19) беріліп отыр.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз