Мемлекеттің басты дұшпаны  

Адамзат жаратылғалы бері жер шарында небір мықты империялар, ірілі-ұсақты мемлекеттер өткен. Бәрінің құрылу кезеңі, дамуы мен шарықтау шегі және құлдырау сәті бар. Бір-біріне ұқсай қоймайтын, сара жол салып кеткен де империялар кездеседі. Десек те, оларды байланыстыратын ортақ дүние – жемқорлық.  Иә, осы бір індет дер кезінде тұсау салмаса, алып империяны да омақасы құлатып, шаңырағын ортасына түсіруге қауқарлы екен.

Экономикалық өсім жоқ 

Оңай келген ақшаның қадірі болмайтыны бәсенеден белгілі емес пе, әрі адамның да көзі дүние-байлыққа еш тоймайды. Қоғамды жемқорлық дерті жайлай бастаған шақта, экономикалық өсім тоқтап, өтірік есеп пен жалған мәліметтер көбейеді екен. Әрі қалталы адамдар мен ашкөздікке салынған шенеуніктердің қалтасы қалыңдаған үстіне қалыңдап, қарапайым көпшілік кедейлік пен жоқшылыққа ұрынады. Шынайы бәсекелестік әлсіреп, тамыр-танысы мен ақшалы жандардың ғана дәурені жүрмек. Мұның соңы қыруар қаражаттың сапасыз құрылысқа, қажетсіз салаға құйылып, құмға сіңуіне алып келмек. Сондықтан да, өсемін деген ел алдымен сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға кіріскені жөн. Әсіресе, Қазақстан тәрізді дамушы елдер үшін мұның маңызы зор. Өйткені, социалистік қоғамнан шығып, нарықтық экономикаға мойын бұрған мемлекеттің өндірістік әлеуетін арттыруға миллиондаған, тіпті, миллиардтаған қаражат керек. Оны кім береді? Әрине, инвесторлар.

Қазір авторитарлық жүйедегі жабық мемлекеттер болмаса, әлем алыс-беріс пен барыс-келіске ашық қой. Қазақстанға келіп, қаржы құйамын, жұмыс орындарын ашып, өнім шығарамын деген шетелдік кәсіпкерлерге құшағымыз ашық. Тіпті, инвестор тарту Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы басым бағыттың бірі десек те болады. Себебі инвестордың келуі жаңа жұмыстарын ашып, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді емес пе? Оның үстіне, бюджетке түсетін салық түсімдері де мектеп, аурухана, жол салу тәрізді ауқымды жұмыстарды қолға алуға мұрша бермек.

Шетелдік алпауыт компаниялар кез келген мемлекетке барып, бірден ақша құя салмайды. Бірінші кезекте, елдегі тұрақтылық, демократиялық құндылықтардың сақталуы назарға алынады. Содан соң, сыбайлас-жемқорлық индексі ескеріледі. Егер мемлекетте жемқорлық тәуекелдері жоғары болса, өзінің имиджін сақтайтын инвесторлар аяқтартып, келісімге келуден қашқақтайды. Мәселен, халықаралық Transparency International ұйымының зерттеулерінде Африка мемлекеттеріне инвестиция құятын кәсіпкерлер үлесінің тым аз екені көрсетілген. Басты себеп – бұл мемлекеттерде коррупция қалыпты құбылысқа айналып кетіпті. Сондықтан, ірі кәсіпкерлер бизнес ашып, өндіріс салудан бас тартқан.  Өйткені, жемқорлық жайлаған ел түбінде дүрбелеңге ұрынып, ішкі қақтығыстар өршиді. Бұл салған қаражаттың желге ұшуына әкелуі бек мүмкін. Әрі дамыған мемлекеттер әр компанияның капиталы қандай жолмен келгенін қатаң қатағалап, заңсыз жолмен табыс тапқаны анықталса, шоттарын бұғаттап, өздерін нарықтан қуып шығатынын да ескерген жөн.

Саяси салдары ауыр болмақ

Жемқорлық саяси жүйенің легитимділігіне күмән тудырады және заң шығару процестеріне кері әсер етеді. Жекелеген адамдар немесе алпауыт компаниялар биліктегі адамдармен ауызжаласу арқылы өздеріне қолайлы заңдардың қабылдануына, кейбір шектеулерді алып тастауға тырысуы мүмкін. Әрі жемқорлық жайлаған елде ішкі-сыртқы құпиялар да ашық саудаға салынып, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне де қатер төнеді. Тағы да тарихқа үңіліп қараңызшы, бір замандарда Азия мен Еуропада ең қуатты империя саналған Осман сұлтандығының түбіне жеткен не? Әрине, түрлі себептер аталады. Бірақ, астарына үңілсеңіз, жемқорлық жатқанын түсінесіз. Себебі мемлекет заңында бекітілген шектеулерді жергілікті билік өкілдері елемей, ақша берген шетелдіктердің дегенін істеді. Қуатты әскер қағаз бен сөз жүзінде қалып, қазына қаражаты қолды болды. Мұның барлығы айналып келгенде, империя қуатының қайтып, соңында құлдырауына алып келген. Ұлы Британия империясында да дәл осындай жағдай қайталанып, провинциялары жемқорлыққа белшеден батқан кезеңдер өткен екен. Әйтсе де, олардың бір артықшылығы, қауіпті ерте сезіп, дер кезінде заңды күшейткені. Соның арқасында алып империя тараса да, ықпалын сақтап қала білді.

Алысқа бармай, кешегі Кеңестер одағын еске түсіріп көріңізші. Тоқырау жылдарында жемқорлық пен жалған мәлімет беріп, бәрі жақсы деу қалыпты құбылысқа айналып кетпеп пе еді? Ал, тоқсаныншы жылдары ше? Қаншама байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой…

Заң үстемдігі керек

 Иә, бұл қоғамды іштен ірітетін дертке заң үстемдігі арқылы ғана тосқауыл қою мүмкіндігіміз бар. Бұл ретте де әлем елдерінің тәжірибесін назарға аламыз ғой. Әлгінде атап өткен халықаралық Transparency International ұйымының дерегінше, Сингапур, Финлияндия, Оңтүстік Корея тәрізді елдер тәуелсіздігін жариялаған тұста ең кедей, мешеу ел болған екен. Бірақ, аз уақыттың ішінде экономикасын оңалтып, тамсанып қарауға тұрарлық мемлекетке айналды. Бұл нәтижеге жемқорлықпен күреске қатаң қарап, заңға үстемдік берудің арқасында қолжеткізген. Мемлекет қазынасы тоналмай, мақсатты жеріне жұмсалғандықтан, білім саласы өркендеп, небір жаңа технологиялар өмірге келді. Сәйкесінше, инвесторлардың да назары түсіп, жаңа жұмыс орындары ашылды, халықтың да табысы артты.

Қазақстан да жемқорлықпен күрес саласына айрықша мән беріп отырған мемлекет екенін атап өткен жөн. Елімізде арнайы агенттік құрылып, мемлекеттік қызмет көрсету саласы өкілдерінің халықпен тікелей қарым-қатынасын азайтып, цифрлық салаға өтуіне айрықша мән беріліп келеді. Құжат айналымы, анықтама мен рұқсатнама алу тәрізді қарапайым дүниелердің компьютер арқылы реттелуі жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай азайтты. Десек те, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де болса күшейту қажет. Өйткені, еліміз халықаралық рейтинге жемқорлық көрсеткіші бойынша 180 мемлекеттің ішінде 101 орынға тұрақтаған екен. Мақтанып айтар нәтиже емес, солай ғой?

Қаламыздағы ахуал қалай?

 2012 жылдың алғашқы тоғыз айында Теміртауда жемқорлыққа қатысты 15 (!) қылмыстық іс тіркелген екен. 2011 жылы да осынша іс қозғалған. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы ахуал еді. Шулы істерден соң қалада сыбайлас-жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру ісіне баса назар аударылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бақылау күшейді. Әлгінде атап өткендей, жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін цифрлық технологиялар көптен енгізіле бастаған еді. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, қала әкімінің орынбасары Самат Зияшевтің айтуынша, 2023 жылдың көрсеткіші бойынша, Теміртау мен Ақтауда жемқорлыққа қарсы іс тіркелмеген екен. Бірақ, бұл арқаны кеңге салып, еркін тыныстау қажет дегенді білдірмейді, әсте. Қайта жұмысты барынша күшейту керек. Сондықтан, қалада жемқорлыққа қарсы мәдниетті қалыптастыру бағытында оқу семинарын ұйымдастыру ісі қолға алынып, кешенді жұмыстар басталған.

  • Біз қаладағы мемлекеттік ұйымдарды аралап, қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Сонымен қатар, қала тұрғындарын, жастар мен еңбек ұжымдарын да жемқорлық фактілеріне мүлдем төзбеуге, дер кезінде дабыл қағуға шақырамыз. Бұйыртса, осындай жұмыстардың нәтижесінде, біраз жылдан соң өзіміздің діттеген мақсатымызға жетеміз, — деген болатын ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Аркадий Тілеубердиев.

Түйін

 Сыбайлас жемқорлық — күрделі және көп аспектілі мәселе. Оны шешу үшін кешенді және жүйелі тәсіл қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заңнамалық шаралар, саяси ерік-жігер және азаматтық белсенділік арқылы жемқорлықпен тиімді күресуге болады. Әсіресе ақпаратқа қолжетімділік артқан, халықтың құқықтық сауаттылығы өскен қазіргі дәуірде әр адам мемлекеттің басты дұшпанын жеңуге үлес қоса алады. Бұл үшін өзгерісті өзінен бастауы жөн. Пара берме және алма. Алған адамды көрсең – аяма. Құзырлы органға хабарласып, дерттің асқынбай тұрып басылуына үлес қос. Өйткені, мұның артында бір немесе бірнеше адамның ғана емес, тұтас мемлекеттік жүйенің, елдің тағдыры тұр.

 Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Temirtau tynysy»

*Суреттер авторға тиесілі.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз