NEET: Жастар мәселесі назарда

Қарағанды өңірінде жастар арасындағы жұмыссыздық және жұмыс істемейтін, оқымайтын жастармен жағдай мәселесі әлі де ашық, әрі бұл мәселелер қазір де өткір күйінде қалып отыр. 2022 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша, жұмыссыз жастардың үлесі 4,8%-ды, NEET үлесі 9,2%-ды құрады. Қарағанды облысының қоғамдық кеңесі отырысының спикерлері бұл жерде жұмысқа орналасудың жалғыз жолы екенін атап өтті. Бұдан басқа өңірде NEET-жастардың деректер базасы құрылады, бұл – жастарды жұмысқа орналастыруды жеңілдету үшін қажет.

– Жұмысқа орналасуға жағдай жасау үшін облыста жастар практикасы және қоғамдық жұмысқа тарту үдерісі қалыптасқан. Сондай-ақ төлем мөлшері ұлғайтылды, бұл – жағдайды жақсартуға көмектесті. Кәсіптік оқыту жүргізілуде, одан кейін жастар жұмысқа, оның ішінде кәсіпорындарға да орналаса алады, – деді Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов кеңес отырысында.

– Жазда «Жасыл Ел» еңбек жасақтары жұмысын жалғастыруда. Алайда біз жастардың өндірісте жұмыс істегісі келмейтінін байқаймыз, дегенмен жалақының ұсынылып отырған деңгейі және әлеуметтік қолдаудың басқа да шаралары бәсекеге қабілетті. Жастар кәсіпкерлігін қолдау бағдарламалары жұмыс істейді, жастардың бизнесіне гранттар бөлінеді. NEET-жастармен біз нақты жұмыс жүргіземіз, ол жоғары тиімділікке ие болады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен бірге біз әлеуметтік төлемдері болмаған, яғни оқымайтын және жұмыс істемейтін 18 жастан 29 жасқа дейінгі адамдардың деректер базасын қалыптастырдық. Әзірге бұл базадағы адамдардың жалпы саны 10 мыңнан асады, – дейді Біржан Әлімжанов.

Өңірдің барлық қаласы мен аудандары деңгейінде жастарды мекенжай бойынша аралау ұйымдастырылды. Нәтижесінде базада тұрған адамдардың бір бөлігі жұмыссыз қатарынан сейілді. Яғни араларында іс жүзінде жұмысқа орналасқан, бас бостандығынан айырылған, мерзімді әскери қызметте жүргендер бар. Қазір деректер базасымен жұмыс жалғасуда.

NEET-жастар тақырыбы төңірегінде Қоғамдық кеңес мүшесі, «Новое Телевидение» телеарнасының бас директоры Руслан Никонович өзекті мәселені қозғады. Яғни тұрақты үй-жайы да, жұмысы да жоқ, көшеде қайыр тілеп күн көретіндердің болашағы қандай болмақ деген сауалға жауап іздеп көрді.

– Олармен қандай да бір жұмыс жүргізіліп жатыр ма? Мүмкін, олар оқып, жұмысқа орналаса алатын шығар. Біржан Әлімжанов айтып өткен деректер базасында олар бар ма? Олар жақсы өмірден қайыр сұрауға бармайтыны түсінікті, бірақ неге олардың саны азаймай тұр? – деді Руслан Никонович. – Мұндай балаларды «Ынтымақта», Нүркен Әбдіров даңғылында, «Шығыс» базарының жанында кездестіруге болады. Қоңыраудан басқа полицияға хабарлау механизмі бар ма?

Кеңес мүшесінің сұрағына Қарағанды облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Данияр Уақасов жауап берді. Осындай жағдайлармен айналысатын патрульдік полиция қызметі станция мен базар аумағында үнемі рейд жүргізетінін айтып сендірді ведомство өкілі.

– Егер мұндай фактілер болса, полиция жастарды әкімшілік жауапкершілікке тартады, бірақ олардың көбінесе жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ. Бұдан басқа полиция жұмысының функциясына белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарды жұмысқа орналастыру кірмейді, бірақ біз бұл мәселені жыл сайын облыс басшылығы деңгейінде қарастырамыз. Бізде құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссия бар, – деп түсіндірді Данияр Уақасов. – Сонымен қатар біз басқармаға және Жұмыспен қамту орталығына бірнеше рет хат пен хабарлама жібердік, өйткені мұндай балалар мүліктік сипаттағы қылмыстар жасайды. Осындай 600 қылмыстың 400-і – ұрлық, тонау және тағы да басқалары. Сондықтан бүгінгі жасалған талдау жастарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өткір екенін тағы да растайды.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз