Қоғамдағы діннің функциялары
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл ата заңда айқындалған ұстаным. Зайырлылық дегеніміз — мемлекет адамдардың діни сеніміне қолсұқпайды, қайта таңдауына құрметпен қарайды. Бұл жердегі басты талап – діни сенім мемлекеттік қауіпсіздігі мен қоғамның тұтастығына нұқсан келтірмеуі керек.
Осыдан бір ғасыр бұрын Алаш арыстары Қазақстан тәуелсіздік алға қалған жағдайда қай бағытта дамиды, қандай ұстанымда болады деп жоспар құрған. Сол тұста Барлыбек Сырттанов жазған «Қазақ елінің уставы» жобасында «Дін мемлекеттен бөлек болуы» керек деп көрсеткен екен. Тоқсаныншы жылдары азаттық алған кезде біз осы идеяны жалғастырдық. Яғни, заманауи қазақ қоғамында дін мемлекеттен бөлек. Үкіметтің ісіне араласуға, заң жобаларын өзгертуге құқылы емес. Десек те, дін адамнан бөлек емес қой. Тіпті, кейбір кездерде дін қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, адамгершілік принцптерін арттырып, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға ықпал ете алады. Олай болса, діннің басты функцияларын сараптап көрсек.
Діннің ең басты функциясы – дүниеге көзқарастық функциясы. Бір сөзбен айтқанда білімге шақыру. Иә, шынайы дін ешқашан ғылымның дамуына шектеу қоймайды. Қайта адамдарды ғылым іздеуге, дүниені тануға ұмтылуға үндейді. Қарап отырсақ, кез келген дінде әлемнің қалай жаратылғаны, адамның болмысы, табиғаттың үндестігі мен құбылыстарға жауап ізделеді. Өкінішке қарай, догмалық сипаттағы фанатиктер діннің бұл функциясын кері түсіндіріп, дінді қараңғылыққа үндеу құралы етіп алды. Әйтпесе, қазіргі заманауи ғылымның көпшілігі әу баста өзінің негізін діннен, діни көзқарастардан алған жоқ па еді?!
Діннің келесі функциясы – орын толтыру (компенсаторлық) функция. Бұл адамға психологиялық көмек береді. Мәселен, кейде пенденің дәрменсіздігі, шамасы келмейтін жағдайлар болуы мүмкін ғой. Дәл осы кезде көмекке дін келеді. Адам ауыр қайғыға ұшыраған жағдайда, қиындыққа тап болған кезде құдайдан қорғаныш іздеп, дінге арқа сүйейді. Сонымен қатар, әділетсіздікке тап болып, біреуден қорлық көрсе де «Құдай алдында бәріміз теңбіз», «Құдайдан тапсын» деп психологиялық тұрғыда жеңілдейді.
Діннің реттеушілік функциясы. Қоғамда кейбір мәселелер бойынша пікір алуандығы болуы мүмкін ғой. Осы кезде көмекке дәстүр мен дін келеді. Ал, дәстүр діннің шартына, талабына сай қалыптасады. Мәселен, адамның дүниеге келу сәті, тұрмыс құруы тәрізді сәттерде атқыралытын шаралардың бәрі діннің талабына, заңына сай жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, қоғамдағы дау-дамайлар заң органдарына жетпей, діни мораль арқылы реттеліп отыратын сәттер болады. Қорыта айтқанда, діннің басты «реттеуші» функциясы, адамдық қарым-қатынастарын белгілі бір тәртіпке келтіріп, оның құдіреттілігі мен қасиеттілігіне адамдарды иландыру, сендіру
Діннің мәдениет тарату функциясы да бар. Қазір әлемдік дін болып саналатын ислам, християн, буддизм діндерін және оларды ұстанатын адамдардың тұрмысын көрсеңіз, мәдени, рухани өмірінде ұқсастықтар барын аңғарасыз. Кейде бұл салт-дәстүр түрінде де болуы мүмкін. Сонымен қатар, ұлттық нақыштағы киімдердің қалыптасуына, өнер саласына да өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Бұған архитектура, құрылыс саласын да қоса аламыз. Мәселен, еуропа елдеріндегі антикалық дәуірге тән құрылыс нысандары немесе ислам өркениетіне тиесілі мешіттер, кесенелер құрылысы.
Сонымен қатар, діннің әлеуметтік функицясы да қоғамда аса маңызды рөл атқарады. Мәселен, дәстүрлі діндердің уағыздарына зер салсаңыз, барлығы дерлік дәулетті адамдарды айналасына мейіріммен қарауға, мүсәпір жандарға қолұшын созуға шақырады. Адамгершілік құндылықтарды насихаттай отырып, кедей жандарға көмек көрсетуді борыш қылып бекіткен. Мәселен, Қазақстанда мешіт, шіркеу жандарынан құрылған қайырымдылық қорлар есебінен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға немесе барар жері жоқ жандарға әлеуметтік көмек көрсету ісі жолға қойылған.
Қазіргі заманғы көрнекті социолог П. Бергердің сөзімен айтсақ, діни символдар мен түсініктер, белгілі бір мағына бере отырып, адамның өмір сүруінің тұрақтылығы мен мықтылығын қамтамасыз етеді. Дін адам өмірінің құндылықтары мен нормаларын түсіндіре отырып, әлеуметтік тәртіппен әлеуметтік әлемнің тұрақтылығына кепілдік беріп, қандай да бір “қасиетті шымылдықты” көзге елестетеді.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз