Президенттің сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?

 Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын ұсынғанына бір жыл өтті. Онда Мемлекет басшысы жаңа тарихи кезеңдегі республиканың негізгі даму бағыттарын белгілеп берді.

Атап айтқанда, құжатта экономика, әлеуметтік сала және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер жөніндегі жоспарлар айқындалған.

«Алдағы реформалар халықтың мұң-мұқтажына тиімді жауап болмақ, сонымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұрақтылығымызды күшейтпек», — делінген Сайлауалды бағдарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, басты мақсат – Қазақстанда әділеттілік орнату.

«Мемлекет монополияларды жояды, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді», — делінген бағдарламада.

Primeminister.kz редакциясы Президенттің Сайлауалды тұғырнамасын іске асырудың бірінші жылында қол жеткізілген нақты нәтижелер туралы материалдар топтамасын ұсынады. Бірінші материалда әлеуметтік саланы одан әрі дамыту жөніндегі міндеттерді орындау туралы айтылады.

Ұлттық қор – балаларға, Отбасының цифрлық картасы және жастарды жұмысқа орналастыру

  • Жақында ғана Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға»жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойды.Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады.
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейді.Осының арқасында әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда барлық сала бойынша жұмыс істейтін шамамен 1,8 млнжалдамалы қызметкердің табысы өсті.
  • Бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шамамен 632 мыңата-ана 258 млрдтеңгеден астам сомаға төлем алды.
  • Бұрын тауар түрінде берілген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет монетизацияланды. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша6 млрд теңге сомасына 182 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.
  • Түрлі инстанцияларға жүгінбей-ақ, проактивті форматта мемлекеттік қолдау көрсетуді қарастыратын Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгізілді.Мысалы, әлеуетті қызмет алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі қажет. Өтінішті толтыру және жәрдемақыларды немесе төлемдерді тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады, осыдан кейін қаражат қызмет алушының банктік шотына аударылады.

Цифрлық карта мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінгі таңда онда 6 млн-нан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.

Отбасының цифрлық картасы қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді:

  • еңбекке қабілеттілігін жоғалту жағдайы бойынша әлеуметтік төлем;
  • жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
  • асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер немесе жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) жәрдемақы;
  • мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  • көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға жәрдемақы;
  • атаулы әлеуметтік көмек;
  • жерлеуге берілетін бір реттік төлем.

ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерiн алу мүмкiндiгi, тағайындалған/ұзартылған «қандас» мәртебесi мерзiмiнің аяқталуы және жұмыссыз тұлғаларды жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жасалады.

  • 2029 жылға дейін 3,3 млн-нан астам азаматты жұмыспен қамту міндетін жүзеге асыру үшін 450 мың жаңа жұмыс орнынқұру, оның ішінде жастарға арналған 200 мың жұмыс орнымен(44%-ын) қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Жұмысқа орналастыру ұлттық жобалар, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары арқылы және т. б. арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы әкімдіктерде өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді, оған сәйкес 911 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 847 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 420 мыңнан астамы – жастар.

  • Уақытша жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау жүйесі, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша төленетінәлеуметтік төлемдер көлемін кірістің 45%-ына дейін ұлғайту арқылы күшейтілді. Оны 1 қарашадағы жағдай бойынша 37,8 млрд теңге сомасына 172,3 мың адам алды.
  • Еңбек заңнамасын либеризациялау және жұмысқа алудың жаңа формаларын(қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, жарты күндік жұмыс күні) дамыту мақсатында осы жылдың 1 шілдесінен бастап тиісті түзетулер енгізілді. Осылайша, ресми түрде келесі режимдер пайда болды: бірлескен жұмысқа орналасу, икемді жұмыс кестесі, тараптардың келісімі бойынша 4 күндік жұмыс аптасы (5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасына кезектестіру құқығымен) және платформалық жұмыс.
  • Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының қатарындағы, оның ішінде мүгедектігі бар кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам грант(400 АЕК-ке дейін) берілді. Грант алу үшін business.enbek.kz порталы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқуы қажет.
  • I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын отбасы мүшелеріне жеке көмекші ретінде еңбек ақысын төлеу және жұмыс уақытын еңбек өтіліне қосып тіркеу мүмкіндігі енгізілді.
  • ҚР азаматтарының мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ішкі еңбек нарығын қорғау шараларын күшейтушеңберінде 2023 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы өткен жылмен салыстырғанда 21,5%-ға қысқартылды.
  • Жетім балаларға арналған 36ұйым балаларды қолдау орталықтарына трансформацияланды.
  • Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды.

Бұған қоса орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет жұмысының жаңа қағидаттары бекітілді. Бұл шаралар тиісті мамандардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұдан бөлек, педагог-психолог қызметі цифрландырылды – бұл оларға консультациялық көмекке мұқтаж балалармен арнайы жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

  • ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасықабылданды, ол жастарды әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету және т. б. көздейді.
  • Биылғы 1 наурыздан бастап жас кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 2,5%-бен шағын несие беру көзделген. 7,4 мың өтінім қабылданды, 24,1 млрд теңге сомасына 5,3 мыңнан астам шағын несие мақұлданды.

Шәкіртақыларды көбейту, мектептердегі тегін тамақтандыру және ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту

Еліміздің түрлі бағыттардағы табыстарға жету мүмкіндігі адами капиталдың сапасына тікелей байланысты, сондықтан Қазақстанда білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға айырықша көңіл бөлініп келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында аталған салаларды нығайтуға бағытталған биік мақсаттарды айқындап берді.

«Азаматтардың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты. Әлеуметтік бюджетіміз өсіп келеді. Бұл – балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге, атаулы көмекке бөлінетін триллиондаған теңге. Қаражат сомасынан гөрі әрбір мұқтаж адамның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі маңыздырақ екенін естен шығармауымыз керек», — делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында.

  • 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақыкөлемі: бакалавриат студенттеріне – 20%-ға, магистратура мен докторантурада оқитындарға – 15%-ға, ТжКБ студенттеріне – 50%-ға артты. Жалпы, 2025 жылға қарай студенттер шәкіртақысының мөлшері 2020 жылғы деңгейден кезең-кезеңмен 2 есеге өседі.
  • ЖОО-лар мен колледждердің жатақханаларында орын тапшылығы бір жыл ішінде 3 есеге жуық, 2022 жылғы 62,8 мыңтөсек-орыннан биылғы қазан айында 23,9 мыңға дейін қысқарды.

Бұл ретте жатақханалар салуға мемлекеттік тапсырыс беру тетігі жетілдірілді. Атап айтқанда, республика бойынша жылына төсек-орын үшін норматив 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін (20%-ға) және Алматыда жылына төсек-орын үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін (20%-ға) ұлғайтылды.

2023 жылы 10,9 мың орындық 44 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде 25 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 19 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

  • 1 қыркүйектен бастап республикадағы барлық 1-4 сынып оқушыларыүшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. 1,4 млн бала қамтылды. Жергілікті бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының 5-11 сыныптарда оқитын 200 мыңнан астам оқушысы тамақтанады. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында аталған санаттағы 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді.

Білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану нормалары қайта қаралды: онда отандық өнімді пайдалануға, тағам сапасының мониторингін күшейтуге және саламатты тамақтануды насихаттауға баса назар аударылды.

Азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болатын «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.

Аталған жүйе шеңберінде балаға арнаулы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады, онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақтала бастайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Ұлттық қор — балаларға» бастамасы шеңберінде қаражат жинақталатын болады, бұл кейіннен жинақтарды шоғырландыруға және таңдалған ЖОО-да оқуға ақы төлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша өтініш беруге болатын мемлекеттік білім гранттары сақталады. «Келешек» қосымша қолдау тетігі болады. Грантқа түскен жағдайда талапкер жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға бағыттай алады.

«Келешек» ерікті жинақтау жүйесі елімізде келесі жылдан бастап қолжетімді болады.

  • Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алу үшін әр балаға кемінде40 мың теңге алды. Барлығы 463 мың бала қамтылып, 19 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалды.
  • «Жайлы мектеп» ұлттық жобасыніске асыру басталды. 2026 жылға дейін 740 мың орындық 369 жаңа форматтағы мектеп салынады.
  • Жұмыс істеп тұрған мектептерді қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Оларда жыл сайын заманауи 1000 кабинет, яғни робототехника, химия, биология, физика және STEAM кабинеттері ашылады. 2029 жылға дейіносындай 7 мың кабинет ашылады.
  • Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында жаңадан 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Республикада 300 мың орындық 2 483 мектепке дейінгі білім беру мекемесін, оның 81 мыңын 2023 жылы ашу жоспарланған.

Жыл басынан бері 53,9 мың орындық 525 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бүгінде 89,7%-ды құрайды. Жыл соңына дейін жаңадан тағы 27,1 мың орынды іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар биыл мектеп жасына дейінгі балаларды сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету мақсатында:

  • озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 79 құзыреттілік орталығы ашылды;
  • педагогтер үшін, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен әдіскерлері үшін біліктілікті арттырудың 24 курсыәзірленді;
  • 19 мыңға жуықпедагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Мектептерде 100% үздіксіз экологиялық білім беру, барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту моделі енгізілді.

Қолданбалы ғылымды, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерін бірлесіп қаржыландыру, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ жыл сайынғы гранттар бөлу арқылы қаржыландыруды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қолданбалы ғылымға 2024-2026 жылдарға 500 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Биылдың өзінде 16,9 млрд теңгеге коммерцияландыру бойынша 66 жоба іске асырылуда. 17,1 млрд теңгеге жаңа конкурс жарияланды.

Жалпы, ғылымның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар жас ғалымдарға қолдау көрсетілуде. Биылғы қазан айында 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобаларын гранттық қаржыландыруға 9 млрд теңгеге конкурс жарияланды. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға конкурс жарияланды.

Жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инженерлік орталықтарды, ғылыми-технологиялық парктерді құру және дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық инфрақұрылымды құруға қаржы бөлінді. 2023-2025 жылдары 2 ғылыми-технологиялық парк пен 2 инженерлік орталық құру жоспарланған:

  • ҚР құрылыс және жол құрылысы секторларына аккредиттелген қызметтердің толық кешенін көрсетуге арналған құрылыс-техникалық инженерлік орталық;
  • тау-кен металлургия кешені үшін энергия өндіруші технологиялардың инновациялық инженерлік орталығы;
  • өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа тиімді технологияларын әзірлеу және өнеркәсіптік енгізу бойынша салааралық ғылыми-өндірістік экологиялық кешен;
  • агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ғылыми-технологиялық парк.

Жоғары білімді интернационалдандыру шеңберінде Қазақстан-неміс университетімен бірге Yessenov University базасында инжиниринг институты ашылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғарғы мектебі ашылды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ негізінде инженерлік-техникалық бағыттағы Лу Бан шеберханасы ашылуда. ҚазҰАЗУ базасында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы ашылды. А. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде Heriot-Watt университетінің филиалы ашылды.

13 заманауи перинаталдық орталық құру, онкологиялық орталықтарды салу және модернизациялау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Астанада еліміздегі алғашқы заманауи жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салынуда. Бүгінде жұмыстар 90%-ға орындалды: сәулелік және ядролық медицина орталықтары бар 210 төсек-орындық емдеу-диагностикалық корпус, протон терапия орталығы және т.б. Бұл Қазақстанға Орталық Азияда бірінші болып онкологиялық науқастарға протонды терапия жүргізуге мүмкіндік береді.

Саламатты өмір салтын қалыптастыру шеңберінде өңірлерде жалпы саны 2,4 млн адамды қамтыған 500 мыңнан астам іс-шара мен тақырыптық дәріс өткізілді. Негізгі бағыттар – саламатты және рационалды тамақтануды насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, темекі өнімдері мен алкоголь тұтынуды азайту, психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау, жарақаттануды азайту.

Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңеюде. Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 орталық жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 620 мыңнан астам адам тиісті қызметтермен қамтылды.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді.Бүгінгі таңда жоба шеңберінде 13 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы аяқталды. Тағы 86 объектінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында көпсалалы орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қашықтан медициналық қызметті дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, елімізде бірнеше отандық цифрлық шешімдер енгізілуде:

  • SmartECG бағдарламалық қамтамасыз ету– кардиологиялық зерттеулер нәтижелерін қашықтан интерпретациялау. Қазақстан Республикасының 15 өңірінде жұмыс істейді;
  • EyeLab аппараттық-бағдарламалық кешені– көз түбі кескіндерін автоматты түрде интерпретациялау және қашықтан өңдеу. Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында жұмыс істейді;
  • MedReview бағдарламалық қамтамасыз ету– сәулелік диагностика қызметтері (рентген/мамография/КТ/МРТ) бойынша қашықтан қорытындыларды қалыптастыру. Астана қаласында және Жамбыл облысында жұмыс істейді;
  • HES-7 денсаулық диагностикасы жүйесі– шалғай ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерден пациенттердің денсаулық жағдайы туралы диагностикалық ақпаратты қашықтан жинау және жіберу және телемедициналық консультациялар жасау. Пилоттық апробация Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Ақтөбе облыстарында өткізілді;
  • киілетін құрылғыларды пайдалана отырып, азаматтардың денсаулығына қашықтан мониторинг жасау жүйесі– әлеуметтік маңызы зор үш ауру түрі: қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және гипертония бойынша денсаулықтың негізгі параметрлерін қадағалау. Пилоттық сынақ Астана, Алматы қалаларында және Павлодар облысында жүргізілді.

Жалпы 2023 жылдың 9 айында халыққа телемедициналық консультацияларды қоса алғанда, 687 мыңнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді.

инвестициялар және экономика

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында жосықсыз монополистердің қызметіне жол бермейтін республиканы дамытудың жаңа экономикалық моделіне көшу туралы айтты.

«Экономика демонополизацияланады, ал мемлекет бизнеске қатысуын айтарлықтай азайтады. Адал бизнеске бюрократиялық қысым азаяды. Біздің барлық күш-жігеріміз кәсіпкерлікті ынталандыруға және қорғауға бағытталатын болады. Заңсыз иемделінген және шығарылған активтерді елімізге қайтару бойынша жұмысты жандандырамыз. Олар халықтың игілігі үшін жұмыс істейтін болады», — делінген Мемлекет басшысының бағдарламасында.

Осылайша, Президенттің Сайлауалды бағдарламасы экономикада адал және нақты ережелер орнатуға бағытталған. Атап айтқанда, мемлекет салық, бюджет, ақша-несие, тариф саясатын тең дәрежеде әрі ашық жүргізетін болады, сондай-ақ ішкі өндірісті, шикізаттық емес экспортты және т.б. ынталандырмақ.

  • 2022-2023 жылдары $41,3 млрд тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.
  • Өнеркәсіп салаларында орта және жоғары дәрежеде өңделген өнімдерді өндіруде пайдаланылатынбазалық материалдар қажеттілігіне талдау жасалды.
  • Отандық өндірушілер мен өнеркәсіп-инновациялық қызмет субъектілері арасында шикізат жеткізу бойынша міндеттемелерді енгізуге бағытталған ҚР-ның «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңына түзетулер әзірленді. Бұл өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірісін қолжетімді бағада шикізатпен толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
  • Өндірушіден тұтынушыға дейін тауарларды жеткізудің ашықтығын қамтамасыз ететін тұтас кешен болып отырған Ұлттық қадағалау жүйесі енгізілді.
  • Экономиканы демонополизациялау бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері бойынша республикалық меншікке қабылданды:

➢ ірі 14 акционерлік қоғам мен ЖШС-дағы акция пакеттері мен қатысу үлестері;

➢ 7 ғимарат, 162 теміржол мен теміржол нысаны;

➢ автомобильдер, ақшалай қаражат пен басқа да мүліктер.

  • ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық және саяси реформаларының жалғасы ретінде «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы»заң қабылданды. Оның нормалары әкімшілік-билік ресурстарына иелік еткен немесе осындай қолдау алған олигополия субъектілеріне қатысты қолданылатын болады. Сондай-ақ адал инвесторлардың мүдделері толығымен қорғалатын болады.

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Оның құрамына белсенді азаматтық позициясы бар қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері кірді.

Бүгінгі таңда мемлекетке құны шамамен 1 трлн теңге сома болатын активтер қайтарылды. Оның шамамен $600 млн-ы басқа юрисдикциялардан қайтарылған. Мысалы, БАӘ-ден шамамен $15 млн, Австриядан $82 млн, Лихтенштейннен $260 млн, Гонконгтан $2 млн қайтарылды.

Қазыналық саясатты қайта қарауға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленіп жатыр. Жұмыс тобына сарапшылар, экономистер және бизнес-қоғамдастық өкілдерінен 1 мыңға жуық ұсыныс түсті.

Сонымен қатар «сән-салтанат» заттарына қосымша акциз енгізу мәселелері пысықталып жатыр. Мұндай мүмкіндікті қарастыру қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген.

  • Көлеңкелі экономиканың үлесін2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 15%-ына дейін төмендете отырып, ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жеткізу қажет. 2022 жылы елдегі мемлекеттен жасырылған экономикалық қызмет көрсеткіші ЖІӨ-нің шамамен 18,7%-ын құрады (жоспар бойынша – 19,9%). Президенттің Сайлауалды бағдарламасында қойылған мақсаттарды орындау үшін Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары өзектендірілді.

Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Кәсіпкерлерді көлеңкелі сектордан шығару үшін қолайлы бизнес-орта құрылуда.

  • «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы»заң қабылданды. Заң аясында борышкерлер үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдері қарастырылған.

Соттан тыс банкроттық рәсім банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары бойынша келесідей шарттарда қолданылады: берешек 1 600 АЕК-тен аспаған жағдайда (2023 жылы 5 520 мың теңге); қарыз 12 ай бойы өтелмеген жағдайда; жеке мүлкі болмаған жағдайда; банкпен реттеу рәсімі жүргізілген жағдайда.

Сот арқылы банкроттық рәсімі кредиторлар алдындағы берешек 1 600 АЕК-тен асқан жағдайда және берешектің барлық түрі бойынша қолданылады.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сот арқылы берешекті 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін алуды қарастырады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесе әзірленіп, сот арқылы бекітіледі. Бұл рәсім түрінің ерекшелігі одан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі берілмейді, сондықтан борышкерге оның салдары қолданылмайды (5 жылға дейін банктер мен МҚҰ-дан несие алуға тыйым; банкроттықты тек 7 жылдан кейін қайта қолдану; «банкроттықтан» кейінгі 3 жыл қаржылық жағдайы тексеріледі).

Бүгінгі таңда 11,3 млрд теңгеден астам сомаға 7,1 мың азамат банкрот деп танылды.

  • Тариф белгілеудің барлық процесінің ашықтығы, есептілігі және жариялылығы қағидаттарына негізделген тарифтік реформа басталды. Табиғи монополиялар саласын реттеудің әрбір кезеңі «Монополист» базасында цифрландырылған. Кәсіпорындардың сатып алулары да электрондық форматқа ауыстырылды.

Қазақстандық тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалану жұртшылық пен техникалық сарапшыларды тарта отырып бақыланады. Егер тұтынушылардың құқықтары бұзылған болса, олар үшін уақытша өтемақы тарифтері енгізіледі, ал табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз