ҚР ЭТРМ: Болжамды деректер бойынша жыл соңына дейін киіктердің жалпы саны шамамен 2,6 млн дарақты құрайды

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында еліміздегі киіктерге қатысты жағдайды сараптамалық талқылау өтті.  ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким атап өткендей, Қазақстанда киіктер санының күрт төмендеуіне байланысты 1999 жылдан бастап оларды ғылыми мақсатта алып қоюды қоспағанда, 2024 жылға дейін пайдалануға тыйым салынды.

«Көктемгі авиаесеп нәтижесі бойынша Оралдағы киіктер популяциясы 1 130 000 дарақты құрады, ал Қазақстан бойынша 1 915 000 дараққа жетті. Болжамды деректер бойынша, осы жылдың соңында төлдеуін ескере отырып, киіктердің жалпы саны шамамен 2,6 млн дарақты құрайды», — деді ҚР ЭТРМ өкілі.

Киіктер санының көп болуы жайылымдар мен су көздері үшін ауыл шаруашылығы малымен бәсекелестікті күшейтеді, ауыл шаруашылығы дақылдарының шөгуіне әкеледі. Соңғы үш жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында осы тұрғыда әлеуметтік шиеленіс байқалып отыр.

Жабайы жануарларға байланысты мәселені басқару бойынша СИТЕС, КМВ хатшылығының қызметкерлерін және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, консультативтік кездесу өткізілді. Кездесуге жергілікті қоғамдастықтардың, аңшылардың қоғамдық бірлестіктерінің, ғылыми және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Халықаралық сарапшылар Орал және Бетпақдала популяцияларындағы киіктердің мекендейтін жерлерін аралады.

А. Кимнің айтуынша, халықаралық сарапшылар біздің еліміздегі киіктердің саны тұрақты тұтынушылық және тұтынушылық емес пайдалануды негіздейтін санға жетті деген пікірге келді.

Сонымен қатар, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің сұранысы бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен киіктердің популяциясын басқару бойынша биологиялық негіздеме әзірленді.

«Қазіргі уақытта биологиялық негіздемеге сәйкес киіктердің популяциясын басқару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, жақын арада бұл мәселе бойынша шешім қабылданады», — деді комитет төрағасының орынбасары.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз