Радикалды идеология: қоғамдық қауіп пен тұрақсыздық факторы
Қазақта «Бірлігі жарасқан ел озар» деген жақсы сөз бар. Шынымен де, айналаға зер салып қарасақ, дамыған елдердің жетістікке жетуінің басты кілті – тұрақтылық пен ынтымақ екен. Егер бұл екеуі болмаса, онда мемлекеттің де дамуы тұралап қалады.
Бүгінде әлемде 8 миллиардтан астам адам тұрады екен. Ә радам – тұлға. Өмірге деген өзіндік көзқарасы мен ұстанымы бар. Ал, сол адамдардың басын біріктіріп, ортақ мүддеге жұмылдырушы күш – идеология. Оның да түрі көп. Біреулер ізгі ниет, жақсы амал жасағысы келеді. Сондықтан өздерінің іс әрекетін насихаттап, жақтастарын іздейді. Келесілері шексіз билік пен иен байлыққа ұмтылуы мүмкін. Ондай топтар өздерінің көздеген мақсатына қолжеткізу үшін ештеңеден тайынбайды. Қайта қатарластарының санын көбейтіп, халықтың неғұрлым көп бөлігін қастарына қосып алмаққа ұмтылады. Діттеген межесіне оңай жету жолында күш қолданып, қаруға да қолсозы мүмкін. Мұны – радикалды қозғалыс немесе радикалды идеология дейміз.
Радикализм (лат. radix – түбір, түп, тамыр) – белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстану, тек соны жақтау деген мағынаны білдіреді. Радикализм ұстанымы қалыптасқан қоғамдық дәстүр мен үрдістерді, көзқарас пен институтты өз идеологиясына қарай өзгертуге бағытталады. Зерттеушілердің пікірінше, тарихтың ауыспалы кезеңдерінде пайда болатын бұл феномен қоғамның саяси-әлеуметтік саласында жиі көрініс беріп жатады. Радикализм сипаты мен ұстанымына қарай саяси, діни және философиялық деп бөлінеді.
Саяси радикалды идеологияның жарқын мысалы ретінде ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы компартияның жұмысын көрсетуге болады. Иә, бұл идеологияны әзірлегендер әу баста игі мақсатты – адам теңдігі мен бақытын көздеген болатын. Бірақ, оған жету жолында большевиктер қарулы төңкеріс жасап, миллиондаған жазықсыз жандардың құрбан болуына жол ашты. Бірақ қару мен күш негізінде құрылған империяның ғұмыры алысқа бармады. Жол ортасында морт сынды. Десек те, сол тұстағы идеологияның мықты болғаны соншалық, әлі күнге дейін өткенді аңсаушылар, адамзатқа қарсы қылмысты ақтауға тырысушылар табылады.
Ал, діни радикализм дегеніміз не? Мұның да астарында шексіз билікке ұмтылу жатқанын айта кету қажет. Тек, саяси радикализмнен айырмашылығы мұнда тылсым күш – жаратушы басты орынға қойылады. Діни ұйым басшылары «Құдайды қорғау» ұранымен өзге дін иелеріне қастық қылуға, соғыс ашуға үндейді. Ел ішінде алауыздық жайлап, соңы қоғам дамуының тұралауы мен кері кетуіне алып келеді. Дәл қазіргі араб-парсы елдерінде орын алып жатқан құбылыстар бұған мысал бола алады. Бір кезеңдерде әп-әдемі дамып, өркениетке ұмтылып келе жатқан қалалардың орнын қирандылар басты. Ғылым жайына қалып, заманауи білімнің орнын діни ертегілер алмастырды.
Радикалдық діни ұйымдар өздерін барынша діндар, тақуа көрсетуге ұмтылады. Сөйте отырып, өзге сенімдегі азаматтарды шеттетуге, тіпті, туыстардың арасына ашуға ұмтылады. Мұндай қоғамдық құрылымға қауіп төндіретін ағымдардың жетегіне көбіне өмірден жолы болмай, айналасынан қолдау мен жылылық көрмегендер еріп кетеді. Адамдарды арбау жолында психологиялық әдіс-тәсілдердің кең көлемде қолданылатынын да атап өткен жөн.
Қазақстан – 1991 жылы өз тәуелсіздігін қалпына келтірген тұста әрі қарайғы даму жолын айқындап қойғанды. Яғни, мемлекетіміз зайырлы өмір салтын ұстанады. Қандай да бір дінге басымдық бермейді және ешкімді сеніміне қарай шеттетпейді. Сонымен қатар, бізде көп партиялы жүйе қалыптасқан. Бұл саяси кеңістікте қандай да бір қысаң идеологияның асқынып, қоғам тыныштығын бұзуына жол бермеуі тиіс.
Нұрлыхан Қалқаманұлы,
Қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз